Әлеумет

Ақбұлымның алмасы

Ақбұлымның алмасы

Ақбұлым – бір кездері маңайға алмасымен танылған ауыл еді. Ал қазір ондағы алма өсіретін шаруалардың жай-күйі қандай? Аз шығынмен мол өнім алу үшін мұндағы шаруалар қандай бағыттарды ұстануда? Осы сауалдарға жауап іздеп, Ақбұлым ауылына арнайы атбасын бұрдық. 

– Аудандағы 536 гектар алма бақтың 145 гектарында жеміс ағашы бұрыннан өсіріліп келеді. Ал 391 гектары жеміс-жидек дақылдарын өсіруге жұмсалған шығынды субсидиялайтын бюджеттік бағдарлама аясында отырғызылған жаңа көшеттер есебінен молыға түсті. Ақбұлымның бір өзінде бағбандықпен айналысып отырған 90 шағын шаруашылық бар. Олар 155 гектар жерге алма өсіріп отыр. Соның бірі – осы «Ақбұлым» шаруа қожалығы, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман агрономы Аманкелді Әбдібеков. Аталған шаруа қожалығының иелігінде 8 гектар алма бақ бар. Оның 5 гектары Құмтиын ауылында. Ақбұлымдағы алма баққа негізінен сары және қызыл түсті «Голден-Делишес», «Ред-Делишес», «Айдаред» және тағы басқа жаздық, күздік сұрыптар орналастырылыпты. 2009 жылы алғаш отырғызылған алма көшеттерінің әр гектары 4 жылдан кейін, 3-4 тоннадан өнім бере бастаған. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш гектарына 8-10 тоннаға жетіпті. Мәселен, әбден бабына келген бақ енді бірер жылдан кейін, гектарына 30-40 тонна өнім беретін сыңайлы. Өнім Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Тараз қаласының ірі сауда орындарына өткеріледі. Алманың аталған сұрыптары тасымалдауға, сақтауға да төзімді. Ол ағзаға қажетті дәрумендерге өте бай әрі дәмді. Шырынынан шарап, сусын дайындалса, медицина саласы оны емдік дәрі ретінде де, яғни ағзаны ауыр металдардан арылтуға, қан бұзылуы және жүрек ауруларын емдеуге қолданады екен. – Алма ағашына күзде немесе ерте көктемде жылына бір мәрте бұтау жұмыстары жүргізіледі. Жемісі піскенше жер жағдайына қарай 5-8 рет суарылып, күзде, көктемде минералды тыңайтқышпен үстеп қоректендіріледі. Алма жегіші, алма биті, шие бізтұмсығы, гүл жегіші секілді зиянкестер мен алма қотыры, ақ ұнтақ, жеміс шірігі секілді өсімдік ауруларынан сақтану үшін жеміс ағаштарын гүлдеген сәттен бастап, 15 күн сайын жылына 4 рет дәрілейміз. Қара күзде ағаштар күзеліп, қарама-қайшы өскен өскінді бұтақтарын бұтау кезінде бір апта 5-6 адам, жиын-терін науқанында 15 шақты адам жұмыспен қамтылады, – дейді «Ақбұлым» шаруа қожалығының төрағасы Мараталы Төребеков. Оның айтуынша, Құмтиын ауылында 5 гектар алқапта интенсивті бақ өсіру енді ғана қолға алынып жатыр екен. Кооператив болып құрылған 10 шаруашылық «Аlatau fruit» компаниясымен бірігіпті. Әрбір гектарға Голландиядан әкелінген 2500 түп көшет отырғызылып, тамшылатып суару технологиясы қолданылуымен өсірілетін интенсивті баққа аталған фирма екі жыл жетекшілік ететін көрінеді. Жоба бойынша 40 пайызы субсидияланып, 14 пайыз өсіммен берілген 49 миллион теңге несиенің 7 пайыз өсімі мемлекет есебінен жабылмақ. Берілген қаражат 7 жыл ішінде қайтарылуы тиіс. Бүгінде шаруалар аз шығынмен мол өнім алудың амалын ойлап, сырттан жоғары сұрыпты алма көшеттерін әкелумен қатар жаңа технологияларды енгізуге күш салуда. Әсіресе, тамшылатып суарудың таңдаулы әрі тиімді тәсіл екенін сөз еткен Аманкелді Әбдібеков: «Жалпы, аудан бойынша интенсивті бақ көлемі 98 гектарды құрайды. Атап айтсақ, Ақбастау ауылдық округіндегі «Шоқай-Жеміс», Көлқайнар ауылдық округіндегі «Агро KZT», Жамбыл ауылдық округіндегі «Сады-Востока», Қаракемер ауылдық округіндегі «ALTYN ALMA» АТК – отбасылық жеміс бағы мен жеке шаруашылық серіктестіктері Сербия, Түркия, Польша, Голландия елдерінен әкелінген жоғары сұрыпты алма көшеттерін осындай жолмен егіп, өсіруді қолға алуда. Алдағы уақытта осы бағыттағы алқаптар көлемін 112 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. «Ақбұлым» шаруа қожалығы биыл 5 гектар жерге егіп, өсірілетін интенсивті бақта тамшылатып суару технологиясын қолданып, тәжірибе жинақтау күтіліп отыр», – деді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.