Инвестициясыз іс ілгері баспайды
Инвестициясыз іс ілгері баспайды
Данияр ӨТЕПОВ,
аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен Жер кодексінің жаңа өзгерістеріне мораторий жарияланғаны өте орынды болды. Себебі, халықтың арасында әлі де түсінбеушіліктер туындауда. Бұл бағытта қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Қазіргі таңда ауданымыздың ауыл шаруашылығы мақсатындағы 544 772 гектар жері жеке және заңды тұлғалардың пайдалануына тіркелген. Оның ішінде 48-і өзінің құқығын пайдаланып 8 704 гектар жер телімдерін сатып алды. Бәрі де Қазақстан азаматтығына ие. Олар көптеген мүмкіндіктерді пайдалана алады. Мысалы, өз жерін жалға беруіне, несие алғанда оны кепілдікке қоюына, Қазақстан Республикасының азаматына сатуына құқығы бар. Сонымен қатар, жер пайдаланушылардың өздеріне тиесілі алқаптарды мейлінше тиімді пайдалануға деген жауапкершілігі өте жоғары болатынына бек сенімдіміз. Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылу жағдайы осындай. Бұдан тыс пайдаланусыз жатқан босалқы жерлер де баршылық. Оның жалпы көлемі 287 031 гектарды құрайды. Сондықтан, бұл бағытта инвесторлар тарту да қажет-ақ. Әрине, инвесторлардың арасында шетелдік азаматтар болуы мүмкін. Сондықтан Жер кодексіне енгізілуі көзделген жаңа өзгерістерге сәйкес мұндай тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 25 жылға жалға беру қарастырылған. Қорыта айтарым, қалай болғанда да бос жатқан жерлерімізді тиімді пайдалануымыз қажет. Себебі, оларды ауыл шаруашылығы айналымына қосып, кіріс әкелу – бүгінгі күннің басты талабы.
Шу ауданы.