Оңтайлы шешімі табылар деп сенеміз
Оңтайлы шешімі табылар деп сенеміз
Болат
Сазанбай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.
Облысымыздың шығыс жағында бір жағы қырғыз елімен, бір жағы Алматы облысымен шектесіп жатқан біздің ауданның жалпы жер көлемі 897329 гектарды құрайды. Оның ішінде, орман қоры, су қоры, елді мекендер мен өнеркәсіп орындары орналасқан жерлерден бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 595 мың гектар болса, оның егістік аумағы 133 мың гектардан асады. Міне, осы жерлерде ауданда тіркелген екі мыңға тарта шаруа қожалықтары мен отызға жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен акционерлік қоғамдар иелігіне алған жерлерін игеріп, шаруасын жүргізіп отыр. Негізінен аудан агроқұрылымдары жерлерін 49 жылдық жалгерлік шартпен пайдалануда. Одан бөлек, шаруа қожалықтарының жекеменшігіне өткен жер көлемі 11,1 мың гектарды құраса, бұл – барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының 1,87 пайызы ғана. Соңғы жылдары жерді түгендеу жұмыстарының нәтижесі бойынша ауыл шаруашылық егістік жерлерінің игерілмегені 3122 гектарды құрайды. Сондай-ақ, бүлінген жерлер анықталды. Біздің ауданда 360 гектар бүлінген жер бар, олар негізінен пайдаланылған карьер орындары. Былтыр елді мекендер шекарасындағы 7,7 гектар жер коммерциялық мақсатқа аукцион арқылы сатылып, одан аудан бюджетіне 21 миллион теңге кіріс келтірілді. Сондай-ақ, өткен жылы 7737 гектар ауыл шаруашылығы жерлері шаруа қожалықтарына 49 жылға жалға берілген. Ауыл шаруашылық жерін жекеменшікке алу 1994 жылдың 5 сәуірінде Президенттің «Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығына байланысты жүзеге асырыла бастады. Жерді тұрақты пайдалану құқығы арқылы сатуға, сыйлауға, жалға беруге және кепілге қоюға мүмкіндік жасалды. Осыдан бастап кеңшар басшыларының ішіндегі жиырма жылдан артық еңбек еткендерге шаруашылық жерінің он пайызын тұрақты пайдалану құқығы берілді. Кейіннен бұл құқық жер пайдаланушылардың иелігіне өтті. 1995 жылғы 22 желтоқсанда «Жер туралы» Президенттің заң күші бар Жарлығы қабылданып, ел азаматтарына жер учаскелері өзіндік қосалқы шаруашылық, бағбандық үшін, саяжай құрылысы, өндірістік және өндірістік емес құрылыс үшін тұрғын үй салуға берілетіні нақтыланды. Ал ауыл шаруашылық жерін нарықтық айналымға қоспай, ол жерлерді сақтауға, жоғары өнімділікке жетуге болмайтыны бұрыннан-ақ айтылып келген. Елбасымыздың 2002 жылы 16 сәуірде қазақстандықтарға арнаған Жолдауында: «Жер туралы заңның «Ауыл шаруашылығы жеріне жекеменшік керек пе?» дейтін сауалға қайтаратын жауабы болуға тиіс. Осы сұрақтың жауабын іздегенде біз, әдетте, жерді сату – «Отанды сату» дейтін тоғышарлық тұжырымға ойыса береміз. Ал жерге деген меншіктің шаруаның ендігі жерде өз жерін ешкімнің алып қоймайтынына деген сенімі мен үміті екенін ескере бермейміз. Керек десеңіз, жерге деген меншік – оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесіз жер жетім. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесіз жер. Қазақстан жағдайында жерді нарық айналысына қосу дегеніміз – пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды іске асыру деген сөз. ...Үкіметке басқа елдердің тәжірибесін зерделеп, «қолдаймын» және «қарсымынды» қатар таразыға тарта келіп, осы заңның жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуді тапсырамын», – деген еді. Міне, осылай Президент Үкімет пен Парламентке жерді жекеменшікке беру мәселесін жан-жақты зерделеп барып арнайы заң әзірлеуді осыдан 14 жыл бұрын тапсырған болатын. Онда да, бәрін бірден шешіп тастау мүмкін еместігін, сондықтан, төзімділік танытып, ұсақ-түйекке шашыла бермей, күш-қуатымызды қалап алған басымдықтарымызға жұмылдырып, ең бастысы, осы заңдар бойынша өмір сүруге тиіс жандармен көбірек кеңесу керектігін ескертті. Өткен жылғы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35-36-қадамдары ауыл шаруашылық жерін тиімді пайдалануға арналған. Онда былай делінеді: «35-қадам. Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу. 36-қадам. Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету. Ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру». Міне, осы талаптар бойынша Жер кодексіндегі биылғы 1 шілдеден күшіне енгізілмекші болған өзгерістер мен толықтырулардың жекелеген нормаларына байланысты халық арасында «жер шетелдіктерге сатылатын болыпты» деген алыпқашпа әңгімелер өріс алып кетіп, жұрттың алаңдаушылығы пайда болды. Бұған Жер кодексіне енгізілмекші өзгерістерге қатысты түсінік жұмыстары кештеу қолға алынуы себеп болды. Әйтпесе, 1 шілдеде күшіне енуі тиіс заңда жер алқаптарының шетелдіктерге жекеменшікке берілуі мүлде көзделмеген де еді. Жалпы, шетелдіктерге жер сату туралы мәселе бұрын да, соңғы өзгерістерде де ешқашан көтерілген және заңдастырылған емес. Даудың басы болған, Жер кодексінің 24-бабының бірінші бөлігінің үшінші тармағындағы жаңа редакцияда көзделген «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқымен ғана иелене алады» деген мәтінге түсініспеушілік туындаған. Көпшілік бұл мерзімді ұзақ көреді. Жер заңындағы өзгерістер туралы әңгіме шыққаннан кейін біздің шаруаларды бұған дейін 49 жылға жалға алған жерлерінің тағдыры да мазалауы орынды. Жер кодексінің жаңа редакциясында бұрын жасалған жалға беру туралы келісімшарттар заңды күшін жоймайтыны, есесіне, жалға алушылардың жер телімдерін жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі пайда болатыны, әкімдікке өтініш жазса болды, сол жерде тікелей аукционсыз сату туралы келісімшарт жасалатыны, жер иесі атану үшін жалға алушы адам жердің кадастрлық бағасының 50 пайызын ғана төлесе жетерлік екендігі, қожалық иесіне жердің құнын бірден немесе 10 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік берілетіні көрсетілген. Ауыл еңбеккерлерінің мүддесіне өте қолайлы бұл шарттар да оларға жете түсіндірілмеді. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы сатып алған жерін күні ертең еселеп пайда табу мақсатымен шетелдікке қайта сата алмайтыны, олай етуге заңда нотариустардың мұндай келісімшарт жасауына тыйым салынатыны да дер кезінде түсіндірілмеді. Ежелден «жер дауы мен жесір дауына» бейжай қарамайтын қазақ арасында жерге қатысты мәселелердің қандайы да халықпен кеңесе отырып, тығыз байланыста шешілуі керектігіне соңғы айлардағы дау-дамайлардан көз жеткіздік. Енді Елбасы белгілеген мораторий мерзімінде сол олқылықтардың орнын толтыруға тиіспіз. Жалпы, Жер кодексіне енгізілмекші өзгертулерге терең талдау жасасақ, халықтың алаңдауына негіз жоқтығы көрінеді. Әңгіме иесіз жатқан, құнарын жоғалта бастаған жерлерді қамқор қолдарға өткізу турасында болып отыр. Қыруар жерді бауырына басып алып, не өзі пайдаланбай қурайға бастырып, не өзгеге бермей аздырып-тоздырудан ауыл шаруашылығы үлкен зардап шегіп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Жерін қызғыштай қорып, ғылыми негізде игеріп, ауыспалы егіс тәсілін бұлжытпай орындап, топырақ құнарын арттырып, жердің өнімділігін еселеп көтеру сол жерді өзімдікі деп сезінетін адамның ғана қолынан келеді. Жер-жердегі тәрізді біздің ауданда да жер қатынастарындағы заңдылықтарды тұрғындарға түсіндіру жұмыстары кеңінен өріс алды. Аудан әкімі жанынан құрылған насихаттық топтың құрамында елді мекендерді аралап заң ережелерін түсіндіріп, шаруаларды толғандырған сұрақтарға жауап берудеміз. Осы мақсатта облыс орталығынан да арнайы топтар келіп жатыр. Өткен апталарда ауданға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шакир Хахазов пен Ирина Смирнова да бірқатар елді мекен тұрғындарымен кездесулерде ел өміріндегі көкейкесті мәселелер қатарында Жер кодексіне енгізілмекші жаңа баптардың астарына жан-жақты түсініктер берді. Бұл жұмыстар мораторий мерзімінің соңына дейін жалғасады. Елбасы тапсырмасымен қоғамның барлық саласынан өкілдер қатыстырылып, жұмысын бастаған жер мәселесі бойынша құрылған комиссия барлық түйткілді мәселелерді талқыға сала отырып, оңтайлы шешім шығаратыны дау туғызбаса керек.
Қордай ауданы.