Әлеумет

Ақкөлден шыққан академик

Ақкөлден шыққан академик

Әр адам өзінің туған топырағына тартып туатыны рас-ау, сірә. Ол бала кезінен арманшыл болыпты. Әкесінің өлеңдерін оқып отырып, небір қиялға берілетін. Туған жерімді көркейтсем, ауылыма зәулім-зәулім үйлер салсам деп армандайтын. Ойын баласының ой-қиялы да жүйрік қой. Дегенмен, талаптанса көксегенің орындалады екен.

Талас жерінде туып-өскен жас талап Алғағали Қартабайды арман қала Алматыға жетелеп әкелген де осы арманы еді. 1974 жылы В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ-дің тау-кен факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы «тау-кен инженері-маркшейдер» мамандығы бойынша үздік бітіруге де өзінің талапшылдығы көп көмектескен. Институтта оқып жүрген кезеңде ол өзінің қағылездігімен, ізденімпаздығымен көзге түсті. Алғырлығы Алғағали Тамабекұлын қатарластарынан ерекшелеп тұратын. Студент кезінде-ақ ғылымға құштар болатын. Факультет, тіпті институт деңгейіндегі барлық жұмыстарды өз деңгейінде атқара білетін жас дарынның талпынысын ұстаздары жоғары бағалайтын. Әйтсе де, ол 1979 жылы институтты бітірген соң, оқу орны тарапынан жасалған ұсыныстарға қарамастан, туған жері Таласқа оралды. Екі жыл «ПМК-2011»-де еңбек етіп, бала күнгі арманын жүзеге асыруға ұмтылды. Ауылын көркейтуге үлкен үлес қосты. Сол жылдары Ақкөлде бой көтерген екі қабатты сегіз пәтерлі үйлерді, аудандық мәдениет үйін, байланыс мекемесін, әкімшілік ғимаратын салуға атсалысты. 2000 жылдарға дейін республикалық басқару органдарында қызмет атқарды. Дегенмен, оның көңілі шалқар айдынды аңсағандай алаңдаулы болды. Ел экономикасын еселеу үшін жастарды техникалық мамандықтарды игеруге тарту қажет екенін, елдің әлеуетін көтеру үшін алдымен ғылымды дамыту керектігін іштей мойындайтын. Содан болар, мүмкіндік туса, ол осы жолда талмай еңбектенуге дайын жүретін. 2001 жылдың қыркүйек айында өзі білім алған оқу ордасы, техникалық білім беретін оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын – Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Мұнай және газ кен орындарын игеру» кафедрасының аға оқытушысы қызметіне шақырғанда, ойланбастан келісімін берген еді. Табандылық табысқа жеткізеді емес пе?! Бір жылдан кейін Алғағали Тамабекұлы баламалы негіздегі конкурс нәтижесінде осы кафедраның доценті болып сайланады. 2012 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры академиялық дәрежесін алады. Профессор мұнай және газ кен орындарын игеру, жерасты гидромеханикасы, қабаттың мұнай бергіштігін арттыру, теңізде мұнай-газ кен орындарын игеру оқу пәндері бойынша дәрістер оқып, студенттердің оқу және кәсіби тәжірибелерін арттыруға өзіндік үлесін қосуда аянып қалған емес. Осы уақыт аралығында оның жетекшілігімен 150-ден аса дипломдық жұмыс пен 15 магистрлік диссертация қорғалды. Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігін қорғау ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, профессор атанды. – Алғағали Тамабекұлы – 100-ден аса ғылыми-әдістемелік мақалалардың, оның ішінде мұнай-газ саласы мамандарына арналған жаңа бағыттағы оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің авторы. «05070800 – Мұнай-газ ісі» (бакалавриат), «6М070800 – Мұнай-газ ісі» (магистратура) және «6D070800 – Мұнай-газ ісі» (докторантура) мамандықтары бойынша жоғары базалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік стандартын (2004, 2006, 2008, 2010 жылдары) кұрастырушы. Оның редакциялық басқаруымен бірнеше тақырыптық жинақтар, мұнай-газ саласы пәндерінің типтік оқу бағдарламалары жарық көрген. Е. Орынғожин, А. Есімханова, Т. Ахмеджанов, Т. Қамбақов, Б. Нұранбаева, Б. Ақашев, Н. Қалдыбаева сынды профессор-оқытушылармен бірлесіп жазған еңбектері – «Қайраңда мұнай-газ кен орындарын меңгеру және пайдалану» (Алматы: Дәуір, 2014, 600 бет), «Мұнай кен орындарын игеру», «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану негіздері», «Мұнай-газ жабдықтарын коррозияға қарсы қорғау», «Мұнай және газды өндірудің техникасы мен технологиясы», «Теңізде мұнай-газ кен орындарын игеру», «Мұнай-газ өндірудің техникасы мен технологиясы» атты оқулықтары оқу орнында студенттерге дәріс беруде кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, американдық ғалым, мұнайшы-экономист Самуэль А. Вен Вэктордың «Әлемдік мұнай-газ ісіне кіріспе» тақырыбындағы, атақты орыс және норвег мұнайшы ғалымдары А. Золотухин, О. Гудместаттың «Шельфте мұнай-газ кен орындарын игеру негіздері және Арктикада теңіз қондырғыларын қондыру» атты еңбегін аударған. Оның былтыр ғана жарық көрген «Қайраңда мұнай-газ кен орындарын меңгеру және пайдалану» атты электронды оқулығы үлкен сұранысқа ие болуда, – дейді Қаныш Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ «Мұнай және газ кен орындарын игеру» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Дайрабай Әбделі. Әріптестері Алғағали Қартабайдың авторлығымен жоғары оқу орындарына арналған «Патенттік іс», «Мұнай және газ өндіру технологиясы», «Ғылыми-зерттеу жұмыстары негіздері», «Қабаттың мұнайбергіштігін арттыру», «Шельфте мұнай-газ кен орындарын меңгеру», «Жабдықтардың коррозиясымен күрес» және тағы да басқа көптеген оқу кұралдары мен жинақтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу бағдарламалары жарық көріп, зертханалық құрылғылар құрылып, оқу-әдістемелік нұсқаулар жасалып, электрондық оқу құралдарын әзірлеу ісі дұрыс жолға қойылғанын айтады. Оның бүгінде бастамасымен іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге аса көп көңіл бөлініп, мұнай кәсіпшілік саласы бойынша зерттеулер жүргізіліп, терең қабаттардың мұнайбергіштігін арттырудағы әдістер кешені жасалуда дейді. Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан ерен еңбектері және ғылым мен білім саласының дамуына қосқан зор үлесі және болашақ мұнайшыларды даярлаудағы ғылыми-педагогикалық еңбегі үшін Алғағали Тамабекұлы «М.В. Ломоносов атындағы» және «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, А. Байтұрсынов атындағы, Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының (Германия) Вильгельм Лейбниц атындағы медальдарымен марапатталған. Оған Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі көп жылдық жемісті еңбегі үшін ҚазҰТУ ардагері атағы да берілген.Мұнай және газ министрінің Алғыс хаттары да ғалымның сала ісін ілгерілетуге қаншалықты зор үлес қосқанын аңғартады. Ғалымның жұбайы Ғалия Таубаева – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті оқу басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, білікті маман. Үлкен қызы – Әсем «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның бөлім басшысы, халықаралық қатынастар ғылымдарының магистрі, ортаншы қызы – Аяна гуманитарлық ғылымдарының магистрі, PhD доктор, кіші қызы – Жансая болашақ мұнайшы. Ғылымға ден қоймағанда Алғағали Тамабекұлы туған топырағына тартып, ақын болар ма еді, кім білсін?! Кейінгілер айтқан сөз бе, әлде бұрыннан қалғаны ма «Таластан шыққан ақын көп» дейді жұрт. Жай айтылса да, шындыққа жанасымы бар. Ғалымның әкесі Тамабек елге сыйлы, ел арасында ақынжандылығымен аты шыққан екен. Атасы Қартабай Атшабарұлы Таластың бойын, қыры мен ойын жылқыға толтырған атақты жылқышы болыпты. Ақкөлден шыққан академиктің ең алдымен әке алдындағы перзенттің парызын өтеуге ұмтылуы – көп балалы отбасынан алған тәлім мен тәрбиенің жемісі. Ол әкесінің жырларын топтастырып, «Халқыма қарыздармын, міндетім жоқ», «Туған жер, туған Талас, тұғырлы елім» «Өскен өлкем – өр Талас, өркенді елім» деген кітаптарды жарыққа шығарды. Бірге өскен бауырлары Алғағалидың өте бауырмал екенін айтады. «Ол әрқашан іні-карындастарына деген ағалық қамқорлығын аямайды, олардың өмірдегі өз орындарын табуына көмектесуден тартынып қалған емес» дейді олар.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Талас ауданы.