Экономика

Тараз «ЭКСПО-2017» туристерін шақырады

Тараз «ЭКСПО-2017» туристерін шақырады

қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сериал күзде прокатқа шығады

Елордадағы «Қазақконцерт» мәдени ғимаратында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының халыққа есеп беру кездесуі өтті. Кездесу барысында А.Мұхамедиұлы министрлік қызметінің негізгі бағыттары мен саланы дамытудың барысы жайлы баяндап, көпшілікті толғандыратын сұрақтарға жауап берді.

Онлайн режіміндегі тікелей көрсетілім арқылы министрдің есепті кездесуіне барлық өңірлердің сала қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қатысып отырды. Министр өз баяндамасында өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, маңызды ақпараттармен де бөлісті. А.Мұхамедиұлы алдымен спорт сала­­сындағы жетістіктерге тоқталып өтті. – Жақында ғана өзінің кезекті жеңісіне жеткен боксшы Қанат Ислам – біздің мақтанышымыз. Осындай боксшы­ларымыз еліміз­дің атын танытып, қазақтың бокс мектебінің деңгейін әлемге әйгілеп жүр. Сонымен қатар, Бейбіт Шүменов те жақында өзінің кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ал Геннадий Головкиннің мәртебесі бір бөлек. Қазақстан спортының халықаралық аренадағы беделi де артып келедi. Өткен жылы қазақстандық спортшылар түрлi деңгейдегi жарыстарда 748 жүлде жеңiп алса, «Астана» футбол клубы Тәуелсiз Қазақстан тарихында Чемпиондар Лигасының топтық кезеңiне алғаш рет жолдама алды. Бүгiн ұлттық құраманың алдында одан да жоғары мiндеттер тұр.

Олардың арасында – Рио-де Жанейродағы ХХХI жазғы Олимпиада ойындарында жемiстi өнер көрсету және 2017 жылы Алматыда өтетiн ХХVIII қысқы Бүкiләлемдiк Универсиадаға қатысу сындары бар. Алматыда өтетiн 2017 жылғы Универсиада бағдарламасына 12 спорт түрi ендi. Жарысқа әлемнiң 61 мемлекетiнен 2000 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, отандық спортшылар ағымдағы жылғы Олимпиадаға қатысу үшiн 23 спорт түрiнен 82 жолдама жеңiп алды. Жалпы, спортшылар 25 спорт түрiнен 100 олимпиадалық лицензияға қол жеткiзудi жоспарлап отыр, – дей келе министр, Мәдениет және спорт министрлiгi спорт саласында Елбасының Жарлығымен бекiтiлген дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейiнгі тұжырымдамасын әзiрлегенін жеткізді. Оның айтуынша, саламатты өмiр салты және бұқаралық спортпен айналысатын халықтың үлесi жыл сайын артып келедi. Статистикалық мәлiметке сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде спортпен 4,6 миллион адам, яғни жалпы халықтың 26,3 пайызы жүйелi түрде шұғылданады.

Сондай-ақ, министр отандық туризмдi дамыту үшiн еліміздегі Отырар, Сауран, Ақыртас, Сарайшық қалашықтарын, Берел мен Есiк тарихи орындарын жандандыру керектігін алға тартты. – Бiз елiмiзде қорық музейлердiң туристiк әлеуетiн дамытуға аса үлкен мән беруiмiз керек. Олар бiзде ғана емес, шетелдiк туристер мен ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие. Алда өтетiн «ЭКСПО-2017» көрмесi қарсаңында мәдени-туристiк сала туристердi тартуы тиіс. Бұнда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Көне Тараз» жобасының жүзеге асырылуын мысалға келтiруге болады. Бiз Қазақстан тарихында алғаш рет археологиялық қалашықты жасадық. Ол ғалымдар, шетелдiк мамандар мен бiздiң азаматтар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Осындай жобалар «Көне Таразбен» шектелмеуi тиiс. Осы ретте айтып өту керек, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сериал күзде прокатқа шығады деп күтілуде. Иә, біз оны сәл созып алдық. Мен режиссерлік топты түсінемін. Себебі өте көп материал түсірілді. Енді соның барлығын кең экранда көрсету үшін ұзақ техникалық өңдеуден өткізу керек, – дейдi А.Мұхамедиұлы. Бұл ғана емес, жиын барысында министр көптеген өзекті сауалдарға да жауаптар берді. Айтар болсақ, ол талайдың көкейінде жүрген Кейкі батырдың сүйегін алдырту үшін Ресей тарапымен келісімге келгенін, былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының отырыстарында 5 мыңнан аса термин қаралып, соның ішінде 3 мың термин бекітілгенін, Мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың үйлесімділігі реттеліп жатқанын, жазушылардың кітаптарына төленуге тиісті қаламақы мәселесінің шешілетінін де тілге тиек етті. Басқа да жазбаша, және ауызша жолданып жатқан сауалдарға министрліктің сайтында нақты жауаптар берілетінін айтты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».