Экономика

Біздің мақсараның майы голландияға дейін жетті

Біздің мақсараның майы голландияға дейін жетті

Облыста мақсарыдан жоғары сапалы май өндірілуде. Табиғи таза өнім Голландия, Бельгия мен Қытайға экспортталуда. Агроөнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорын – Қазақстан мен Иранның бірлескен жобасы. Май зауыты Шу ауданының Бірлік ауылында орналасқан. «KazIrAgro» компаниясы 2011 жылы мақсары майын шығару үшін Германияда шығарылған жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Май өндіретін зауыттың аумағы шамамен 8 гектарды құрайды. Кәсіпорынның өз май цехы бар, астық және майлы дақылдарды өңдеуге және сақтауға арналған астық қабылдау қоймаларымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. Зауыт тәулігіне 3000 литр май өндіреді. Тұрақты жұмыс орындарымен 40 адам қамтамасыз етілген. Жұмысшылар арнайы курстардан өткен, күрделі техниканы оңай басқара алады. Сондай- ақ, кәсіпорын басшылығы қайырымдылықпен белсенді түрде айналысып, аудандағы түрлі іс-шараларға демеушілік көрсетеді. Бүгінгі күні мақсары, арпа, бидай және рапс 3,5 мың гектар жерде өсіріледі. Ағымдағы жылы майлы дақылдарға арналған егістік алқаптарын 1,5 мың гектарға дейін ұлғайтқан компания жыл өткен сайын өнім көлемін де арттыруды жоспарлауда. Экспорт көлемінің ұлғаюы – зауыттың өндіріс қуатын көбейтуге мүмкіндік береді. Экологиялық таза өнім Голландия және Бельгияға жіберіледі. Өнімнің басты бөлігі Қытай Халық Республикасына экспортталады. Тауар қажетті талаптарға сай сертификаттармен сәйкестендірілген, санитарлық-гигиеналық қорытындысымен расталған. Мақсары майының жеңіл майсыз текстурасы теріге тез сіңеді. Оның қоректендіргіш қасиеттерін зәйтүн майымен салыстыруға болады.

Есет Жаңабайұлы.