Спорт және туризм

Шүменов – чемпион!

Шүменов – чемпион!

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері мұхиттың арғы бетін мойындатуын жалғастыруда. Бірінші ауыр салмақтағы саңлағымыз Бейбіт Шүменов WBA тұжырымы бойынша әлемнің тұрақты чемпионы атағы сарапқа салынған жекпе-жекте америкалық Джуниор Райтты оныншы раундта техникалық нокаутпен жеңіп, кәсіпқой рингте қазақ елінен шыққан тұңғыш екі салмақтағы әлем чемпионы атанды. Бұған дейін жартылай ауыр салмақта бүкіләлемдік бокс қауымдастығы тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған Бейбіт Шүменов бірінші ауыр салмаққа ауысқалы да жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Шүменов америкалық қарсыласын алғашқы раундтан қыспаққа алып, жылдамдығының арқасында өзінің мықтылығын айқындай алды. Оның жойқын шабуылына төтеп бере алмаған Райт оныншы раундта жекпе-жекті жалғастыруға дәрменсіздік танытты. Бұрынғы жартылай ауыр салмақтағы сәтсіздіктерін Бейбіт ұмытқан тәрізді. Осымен екінші салмақта чемпион атана білген Бейбіт енді WBA тұжырымы бойынша әлемнің супер чемпионы, IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы ресейлік Денис Лебедевпен кездесуге мүмкіндік алып отыр. Лебедев 21 мамыр күні аргентиналық Виктор Рамиресті екінші раундта нокаутпен жеңіп, біріккен тұжырымдар бәсекесінде бәсі басым болған-ды. WBA тұжырымы бойынша Лебедевпен жекпе-жекке шығуға міндетті үміткер Бейбіт Шүменов ресейлік боксшымен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен жағдайда WBA (super), IBF тұжырымдары белдігінің иегері атанады. Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы мен халықаралық бокс федерациясы тұжырымдарының чемпионы ретінде Геннадий Головкинді жақсы білетін қазақстандық жанкүйерлер енді Бейбіттің де аталған екі бірдей тұжырым бойынша әлем чемпионы атағын қанжығаға байлауына тілектес.

Шумен