Көрме билеті қолжетімді болмақ
Көрме билеті қолжетімді болмақ
«ЭКСПО – 2017» көрмесінің билеттері 10 маусымнан онлайн тәртіпте, тамыз айынан бастап кассаларда сатылады. Көрмеге қатысу құны киноға бару билетінен аса қымбат болмайды. Бұл туралы «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық Компаниясы» қоғамдық кеңесінің екінші отырысында басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты. Көрме құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын аяқталады деп жоспарланған. Және қазір «ЭКСПО – 2017» көрмесінің шығыстарын оңтайландыру жалғасуда. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің басталуына тура 389 күн қалды. Мұнда тұтынылып жатқан отандық өнім үлесі 20 пайыз шамасында. Бұл көрсеткішті әлі де арттыру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін құрылыс материалдарын өндіруші 256 отандық кәсіпорыннан құны 35 миллиард теңгенің тауарлары сатып алынған. ЭКСПО нысандарының құрылысына тартылған инвестиция 244 миллиард теңгені еңсеріп отыр. – Шығындарды оңтайландыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ал бұған дейін шығындар 131 миллиард теңгеге қысқартылған еді. Бүгінде қазақстандық және шетел компанияларынан 100 миллион еуро көлемінде қаржы тартылды. Демеушілік қаржыны 147 миллион еуроға жеткізбекшіміз, – дейді «Астана ЭКСПО – 2017»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. Инвестициялық жобалардың есебінен «Астана ЭКСПО» құрылыс алаңдарында 5 мың жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, 10 мың жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен бірге 30 мың адам барша Қазақстан бойынша кәсіпорындарда қызмет етуде. Олар осындағы нысандарға қажетті тауарларды даярлаумен және жеткізумен айналысады. Соңғы мәліметке сәйкес, 84 ел «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатындығын растады. Олардың саны алдағы уақытта 100-ді еңсереді деп жоспарланған. Көрменің құрылысы 2016 жылдың қыркүйегінде толығымен бітуі тиіс. Алайда құрылыс барысы қазіргі қарқынмен жалғасса, мерзімінен бұрын тапсырылмақ.
«Ақ жол-Ақпарат».