Білім

Шона атындағы шаңыраққа – 30 жыл

Шона атындағы шаңыраққа – 30 жыл

SAM_8100Ол жылдары қаладағы мектеп біткен революционерлердің немесе партия көсемдерінің атымен аталатын. Сол шоғыр білім ошақтарының ішінде қазақтың қос алып ақыны Абай мен Жамбылдың есімдері ғана кезігетін. Қаланың қазақтар шоғырланған солтүстік-шығыс аумағында 1986 жылы ашылған №44 білім ошағы да қазақ-орыс аралас мектебі болып шәкірттерге есігін айқара ашқан еді. Көп ұзамай 1989 жылы таза қазақ мектебі болып қайта құрылды. Жамбыл қалалық халық депутаттары кеңесінің 1990 жылғы 30 тамыздағы шешімімен аталған білім ордасына белгілі ақын-сатирик, ана тілінің жоқтаушысы Шона Смаханұлының есімі берілгенде қала тұрғындарының қуанышында шек болмады. Тәуелсіздіктің арқасында осылай қазақ ақыны атындағы жаңа мектеп өмірге келген еді. 

ҚР Білім беру ісінің үздігі, білім саласының білгірі Гүлсім Нұржанованың аталмыш мектепті шәкірттерге алғаш есігін ашқан күннен бастап, 20 жыл үздіксіз басқарғаны да бұл мектеп тарихының – алтын парағы. Осы жылдар аралығында аталған білім ордасынан 2 мыңға жуық оқушы түлеп ұшты. Олардың 20-сы «Алтын белгімен» аяқтаған екен. Қай мектеп болсын, шәкірттерімен мақтанады. Бұл мектеп те өз түлегі Афины Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері, боксшы Бақтияр Артаевпен мақтан тұтады. Білім ошағы 30 жылдық мерейтойына орай «Ашық есік» күнін өткізді. Онда мектеп директоры Баймұрат Жақсыбеков мектептің жүріп өткен жолын баян етті. Осынау уақыт ішінде жас ұрпақ тәрбиесіне күш-жігерін аямаған ұстаздар қауымы мен білім алып, кең-байтақ еліміздің бар түкпірінде еңбек етіп жатқан түлектер есімдері де аталды. Қазіргі таңда бұл мектепте 1100 шәкірт білім алса, оларға 140 мұғалім дәріс беруде екен. Олардың алпыс пайызы – жоғары және бірінші санатты жаңашыл ұстаздар. Мұнда 8 интерактивті тақта, лингафон кабинеттері бар. Оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалған, мектептің жеке интернет сайты бар. Білім ошағының жиынында Талас ауданының Құрметті азаматы Балтабай Бекежанов, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалының директоры Ғалия Сыздықбаева, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары Уалихан Байдуанов, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының мүшесі Әмина Қайназарова құттықтап, білім ұжымына табыс тіледі. Көпшілік Шона Смаханұлының жұбайы Аманкүл Үсіпбекованың, мектептің алғашқы директоры Гүлсім Нұржанованың тебірене сөйлеген сөзін толқыған көңілмен тыңдады. Шона ақынның келіні, мектептегі «Қамқоршылық кеңесі» қоғамдық қорының төрайымы Гүлзахира Тұяқбаева қамқоршылардың демеушілігімен жиналған 1 миллион теңге қаражаттың сертификатын мектеп директоры Б.Жақсыбековке тапсырды. Мектептің 10 жылдық, 20 жылдық түлектері де өз тартуларын жасады. Білім ордасын биыл бітіретін түлек, оқу озаты Дидар Арзықұлов ұстаздарға деген алғысын білдірді. Білім ошағының мерейтойы мектеп оқушыларының концертіне ұласты.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.