дүниенің мәйегі мәдениет те
дүниенің мәйегі мәдениет те
Дүйсенәлі Бықыбаев, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, мәдени-көпшілік іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» республикалық жыршы-термешілер байқауы, «Бір өлең, бір әуен» атты жергілікті ақын, сазгерлердің шығармашылық кеші, ақын Серік Томановтың 60 жылдығына орай «Адасып жүрген ақбөкен едім» атты республикалық жас ақындар арасындағы жыр мүшәйрасы, «Ұлы дала сазы» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі – соның айғағы. Бұдан бөлек, Жуалы ауданында А.Қоразбаев атындағы «Ән жырым саған, туған ел!» атты халықаралық әншілер конкурсы, «Жамбылым – ән бесігім» атты жергілікті сазгерлердің облыстық байқауы, ІІІ республикалық Ы.Дүкенұлы атындағы «Жез киік» атты қобызшылар конкурсы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бекіткен «облыстардың өзара мәдени апталығын өткізу» кестесіне сәйкес мәдени байланысты дамыту мақсатында Алматы қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері, К.Әзірбаев атындағы VІІІ республикалық «Шырқа, даусым!» әншілер конкурсы, «Театр КZ» облыстық фестивалі, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Жамбыл жауһары» атты виртуалдық байқау, Тараз қаласы мен аудандағы ақын, сазгерлердің ән кеші, облыстық қазақ драма театрының 80 жылдық, облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдық мерейтойлары, «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты ІІІ халықаралық театр фестивалін табысты өткізуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын насихаттауда бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. Мойынқұм ауданының тумасы ақын-сазгер Болат Әбішевтің шығармашылығын облыс жұртшылығына насихаттау мақсатында облыстық қазақ драма театрында ақынның шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Талас ауданында әнші Алтынбек Оразбековтің шығармашылығына арналған кеш өткізу жоспарлануда. Облыс кітапханаларында Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласына орай, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында 20 жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, 34 дана шығармаларының электрондық көшірмелері кітапхананың сайтына орналастырылды. Үстіміздегі жылы Меркі ауданының тумасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Әлібайдың қолөнер көрмесі Меркі аудандық музейінде жоғары деңгейде өткізілді. Байқауларға жас таланттарды қатыстыру, олардың шығармашылығын шыңдау мақсатында бірқатар ұжымдар мен өнерпаздар республикалық, халықаралық деңгейдегі конкурстар мен фестивальдарға қатысып, лауреат атанды.Тараз қаласының «Жас дәурен» үлгілі би ансамблі Астанада өткен IX халықаралық «Ақ көгершін» фестивалінде және Францияда өткен «Мен сені сүйемін, Париж» халықаралық байқауында I орынды иеленді. Астана қаласында өткен I халықаралық «Bala Turkvizyon –2015» балалар ән байқауына облыс атынан бірнеше республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, тараздық Марат Думан жолдама алды. Облыста «Халықтық», «Үлгілі» атағы берілген ұжымның саны 46, биылғы кезекті атақтарын қорғау аттестациясына жаңадан 14 ұжымнан ұсыныс түсті, оның 8-і – қаладан, 6-сы – аудандардан. Құжаттар дайындалып жатыр. Ауыл тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандыруда жыл бойы атқарылған жұмыстарының рейтингісі шығарылып, нәтижесінде облыс әкімінің арнайы жүлдесі жарияланды. Шу ауданы үздік деп танылып, бас жүлде «Газель» автокөлігі табыс етілді. Ал қалған аудандарға бір-бір комплект дыбыс күшейткіш аппаратуралары тапсырылды. Кітапхана саласын айтар болсақ, ауыл кітапханаларының инновациялық бағыттағы жұмыстарымен жіті танысып, кәсіби білімін жетілдіру мақсатында мамандармен тренингтер және шеберлік сыныптары, тәжірибелік семинарлар өткізілді. Шығармашылық өсу үдерісін арттыру үшін театрлар үнемі репертуарын жаңартып тұрады. Биыл қазақ драма театрының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Театр мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан, театрда осы қос мерекеге орай шаралар жоспарланған. Театр репертуарында 75 қойылым бар, соның ішінде 26 кішкентай бүлдіршіндерге арналған ертегілер, 4 театрландырылған қойылымдар. Биылғы жылы 6 жаңа қойылымның премьерасы өткізілді, әлі де 15 жаңа спектакль дайындау жоспарланған. Олардың қатарында үстіміздегі жылы мерекеленетін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай сахнаға арнайы дайындалғалы отырған М.Әуезовтің «Қилы заман» шығармасының желісі бойынша жазылған Н.Оразалиннің «Қырғын» тарихи драмасы бар. Драманы сахнаға Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер Ерсайын Төлеубай әзірлеуде. Сондай-ақ, А.Володиннің «Қос жебе» драмасын Мәлік Ақүрпеков сахнаға дайындау үстінде. Қазіргі таңда орыс драма театр ұжымы В. Коняевтің «Клетка» атты пьесасының желісімен сахналанатын жаңа қойылымның дайындық жұмыстарын жүргізуде. Премьерасы 9-10 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Биылғы басты жетістіктеріміздің бірі театрдың бас суретшісі Р. Сапаралиева 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай, жыл сайын өткізілетін «ЕҢЛІКГҮЛ-2016» кәсіби театр сыйлығы» республикалық байқауының лауреаты атанып, «Жыл суретшісі» номинациясының жеңімпазы болды. Облыстық орыс драма театрының әртісі, режиссері В. Сукопов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталды. Облыстық филармония да жыл басынан бері біршама жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер байқауында филармонияның дәстүрлі әншілері Сұлужан Әбенова І орынды иеленсе, Қарлыға Жамбаева «Қабан жырау» номинациясымен марапатталды. Облысаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту, өзара тәжірибе алмасу мақсатында филармония ұжымы Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында өнерлерін көрсетті. Облыс әкімі тарапынан мәдениет саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 1 559,5 миллион теңгеге 103 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар, көп жылдардан бері ғимараты жоқ қалалық мемлекеттік архиві 2 қабатты ғимаратқа көшті. Өткен жылы облыстық қазақ драма театры толық күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізілді. «Көне Тараз» тарихи орнына қазба жұмыстары жасалып, ашық аспан астындағы мұражай елдің қызыға тамашалайтын орнына айналды. Қазба жұмыстары ары қарай жалғасын табатын болады. Келесі жылы өтетін «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесі аясында Тараз жеріне қонақтар келетін болады. Бұның бәрі мәдениетіміздің өркендеп өсуіне, халықтың игілігіне қызмет етуіне жасалып отырған игі қадамдар деп білеміз. Барлық мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өнерге қызмет ету жолында шабыт, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін.