Әлеумет

Кітап – асып-таспайтын асыл досымыз

Кітап – асып-таспайтын асыл досымыз

Эльмира Абдинова, Ш.Уәлиханов атындағы облыстықәмбебап ғылыми кітапхана директоры.

Кітап - білім қазығы, өмір азығы болса, кітапхана – халықты әлемдік өркениетпен таныстыратын, ұлттық болмысымызды әлемдік руханиятпен табыстыратын қасиетті орда, сана мен ойдың шамшырақ сарайы. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының төл тарихы 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылғаннан басталады. Алғашқыда кітапхананың кітап қорында 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1965 жылы 11 мамырда кітапханаға қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында сирек кездесетін 10 мыңға жуық кітаптардың 4400 данасы, «Шоқан асулары» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта кітап қорындағы 39 дана басылымның жоба аясында 15 данасы цифрланды. Кітапхана әлеуметтік серіктестік: Фандрайзинг,«Паблик рилейшнз» бағыттары бойынша жұмыс жасауда. Алғашқы бағыт бойынша кітапхана өз қызметінде әлеуметтік технология жүйесін тиімді қолданып келеді. Осы жүйені іске асырудың негізі – әлеуметтік серіктестік. Кітапхана Үкімет органдарымен, Тараз қаласының білім, мәдениет мекемелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени орталықтары және өзге көптеген қоғамдық бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Кітапханада өтетін ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық зерттеулер және тағы басқа іс-шараларды ұйымдастыру барысында кітапхана өңірдің белгілі ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Өңір деңгейінде әмбебап ғылыми кітапханалар республика, облыс, аудан, қала көлемінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесін үйлестіру міндеттерін атқарып, оқырмандар қызметіне, басқа кітапханаларға да жетекшілік қызмет көрсетеді. Әмбебап ғылыми кітапханалар өз жұмыстарын арнаулы кітапханаларды алмастыру үшін емес, олардың қызметін атқаратын орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасын жасауға бағыттайды. Облыстық семинар тренингтер ұйымдастырады. Екінші бағыт бойынша кітапханада әлеуметтік қолдану технологиясын іске асырудың келесі бір жұмысы – фандрайзинг технологиясын қолдану. Материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін бюджеттен тыс қаражатты демеушілер арқылы тарту. Кітапханада «Түрік ақпараттық орталығы» ашылып, орталық 200 басылыммен қамтылды. «Америка мәдени бұрышы» ақпараттық-қор орталығы жұмыс істеп жатыр. Осы бұрыштың ашылуына байланысты еліміздегі АҚШ елшілігі кітапхананы арнайы өтемақысыз принтер, картридж, кабель, проектор, экран, моноблок, сандық камера сынды құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті. Үшінші бағыт бойынша кітапханада әлеуметтік технологияны пайдалану жүйесі –«Паблик рилейшнз» арқылы кітапхана өз қызметіне деген сұранысты қалыптастыруға, БАҚ арқылы тілектес қоғамдық пікір, облыстық кітапханалар жүйесінің жағымды имиджін арттыруға қол жеткізіп отыр. Кітапхана жұмысы мен кітап қорын өз оқырмандарына насихаттау барысында өткізілген мәдени іс-шаралар жайында мақалалар жергілікті БАҚ беттерінде жарияланып тұрады. Облыс тұрғындарын рухани азықпен қамтамасыз ету бағытында қызмет етіп жатқан облыстың бас кітапханасы төл мерекеге жарқын еңбекпен келіп отыр.