Мәдениет

Дәстүрлі өнердің думаны да бөлек

Дәстүрлі өнердің думаны да бөлек

IMG_4520«Ұлы дала сазы» республикалық фестивалі тараздықтарға тамаша көңіл күй тарту етті

Дәстүрлі ән мен күй – халқымыздың көне заманнан бері келе жатқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, мұң-шері, асыл қуанышы. 

Осы орайда «Ұлы дала сазы» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі өткенімізге үңілуге, өшкенімізді жаңғыртуға өз үлесін қосатын болады. Аталмыш фестиваль аясында өткен баспасөз конференциясында журналистермен сұхбаттасқан облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Әшіров және композитор-күйші Әбдімомын Желдібаевтардың қаузаған ойларының өзегі осыған саяды. Олар бұл дәстүрлі музыка мерекесінің халық мұрасын қастерлеуге шақырудағы ықпалы зор екенін, алдағы жылдары бұл фестиваль «Көктем» классикалық музыка фестивалімен қатар, әр екі жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып отыратынын жеткізді. Өңірімізде өткен игі шара барысында тараздықтар екі күн қатарынан дәстүрлі музыка өнерінің қайнарына қанды, бой сергітіп, рухани ләззатқа бөленді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай өткен өнер мерекесінің алғашқы күні облыстық филармонияның өнері шараның шырайын келтіріп, Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Саранжал», «Серпер», жергілікті күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және талантты жас күйші Олжас Байбековтің «Көк дауыл» күйлері тыңдармандардың жүрек қылын шертіп, ерекше сезім сыйлады. Ал, келесі күні Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкаға мамандырылған мектеп-интернаты халық аспаптар оркестрінің өнері көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл күнгі думанды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, ізгі тілегімен бөлісті. – Биылғы жыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Бұл – жай ғана мерейтой емес, осы ширек ғасырда жеткен жетістіктеріміз бен алған асуларымызды сараптап, өткенімізге сын көзбен қарап, бағамдайтын жауапты шақ. Осы мерейтой аясында көптеген игі шаралар қолға алынуда десек, бүгінгі өтіп жатқан дәстүрлі музыка мерекесі де соның бір көрінісі. «Ұлы дала сазы» деп аталған бұл фестивальдің мән-маңызы ерекше, мазмұны тереңде. Расында, осынау ұлы даланың ең бір бай қазынасы, рухани мұрасы ол – қазақ халқының дәстүрлі ән мен күйі. Ғасырлар бойы сынақтан өтіп, халықтың дарыны мен даналығын айғақтайтын осындай дәстүрлі әуенді насихаттау мақсатындағы бұл шараның өнегесі мен тәлімі мол, – дей келе, Бекболат Серікбекұлы қатысушы өнер иелеріне шығармашылық табыс тіледі. Бұдан соң, аталмыш мектеп-интернаты халық аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Көркемдік жетекші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Әшіровтің дирижерлығымен оркестр Ахмет Жұбановтың «Би күйі», Нұрғиса Тілендиевтің «Атадан мұра», Құрманғазының «Адай», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» және тағы басқа да күйлерді бір ырғақта, бір сарында шебер орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Ал мектеп-интернатының «Аманат» этно-фольклорлық ансамблі «Мәңгілік Ел» композициясы мен Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлерін орындағанда, көпшілік толассыз қошемет білдіріп, құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынғаны халықтың дәстүрлі өнерге деген құрметінің шексіз екендігін айғақтады. Нүркен Әшіровтің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» және Данияр Байжұманов пен Нүркен Әшіровтің орындауындағы «Талас» күйлері де тыңдармандарын тәнті етті. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Аруназ Абзалованың «Париж аспаны астында», Мадина Шарипова «Сайра, бұлбұл», Фархат Кубиев «Өз елім», «Саржайлауым» әндерін әуелете шырқағаны зал ішін тербеп, жиналғандардың жүрек қылын шертті. Өнерпаздар бұл күні тыңдармандардың талғам тамырларын тап басқан өнерлерін ортаға салуда аянып қалған жоқ. Облыс әкімінің ықылас гүлі жолданып, өнер иелеріне құрмет-қошемет көрсетілді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан