Экономика

Жас ғалымдар жобасы қуантады

Жас ғалымдар жобасы қуантады

ТарМУ-дың студенті Айдар Әбілдаев жеңімпаз атанды Халықаралық «ЭКСПО–2017» көрмесінің елімізде өтетіні – мемлекетіміз үшін мәртебе әрі сын. Жалпы, бұл шара ғалымдар мен зерттеушілерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, осы көрме арқылы еліміздің ғылыми, тарихи құндылықтары әлемге танылады. Жамбылдық жас ғалымдар да халықаралық шараға қызу дайындық жүргізуде. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бірлесіп өткізген «EXPO–2017 – Қазақстанның болашағы» атты байқау – соның алғышарттарының бірі. Байқаудың алғашқы кезеңіне 35 жоба ұсынылуы, оның ішінде 16 жобаның ғана ақтық кезеңге жолдама алуы зерттеушілерге қойылған талаптың жоғары екенін көрсетеді. Байқаудың ақтық кезеңінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев, ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбеков шешуші кезеңге шыққан жоба иелеріне сәттілік тіледі. Сараптама комиссиясының төрағасы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ғылым, инновация және халықаралық қарым-қатынастар бөлімінің басшысы Сәбит Баубеков ақтық кезеңнің талаптарын түсіндіріп өтті. Үздік шыққан ғылыми жұмыстар «Үздік байқау экспонаты» және «Үздік инновациялық жоба» аталымдары бойынша сараланды. ТарМУ-дың студенті Айдар Әбілдаевтың ғылыми тұрғыда қорғап шыққан жобасы – биогаз өндіретін қондырғысы сараптамалық комиссияның жоғары бағасына ие болды. Айдар байқаудың бас жүлдегері атанды. Жүлделі бірінші орынды да ТарМУ студенттері Нұржан Дәрібаев пен Нұрбол Исақовтың бірлескен жобасы иеленді. Олар ауыл шаруашылық және тұрмыстық қалдықтардан жасалған биогазды өндіріп сақтайтын зерттеулерін ұсынған екен. Сондай-ақ, Қазақ су шаруашылығы ғылыми институтының қызметкері Талғат Иманалиев, ТИГУ-дың студенті Бота Сатқанов жүлделі екінші орындарды иеленсе, Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Мария Пергунова, Қазақ су шаруашылығы ғылыми институтының қызметкерлері Ирина Югай мен Татьяна Причаная жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды. Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне дипломдар, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Енді Айдар Әбілдаевтың ғылыми жаңалығы республикалық деңгейде сарапталып, зерделенетін болады.

Есет Досалы, «Ақ жол».