Саясат

Мақсат – жол-көлік апатын болдырмау

Мақсат – жол-көлік апатын болдырмау

Көлік саны көбейген сайын жол апатының орын алуы жиілей түскен. Әр өңірдегі елді мекендерді байланыстыратын елсіз даладағы күре жолдарды айтпағанның өзінде, қаланың ішінде ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің жылдамдығы жоғары. Барлығы межелі жерге «тез жетсем» деп асығады. Ал асығыстықтың салдары қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан, бұған жүргізушілер мән бермесе, олардың аптыққан көңілін басу – әрбір азаматтың парызы. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен облыстық ішкі істер департаменті «STOP – Қылмыс» партиялық жобасы аясында өткізілетін «Жолда қабылдау» республикалық акциясының негізгі мақсаты осындай. 

– Негізінен бұл акция жылына екі рет өткізіледі. Тек қана автокөлік жүргізушілері ғана емес жаяу жүргіншілер де жол қауіпсіздігі туралы кеңестерге қанығып, акцияның арқасында шалғай елді мекен тұрғындары өзінің жеке мәселесін осы көшпелі қоғамдық қабылдау арқылы білдіре алады, – дейді партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова . Акция «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында өтті. Жол бойындағы қоғамдық қабылдау алғаш Ақшолақ елді мекенінің тұсынан бастау алды. Онда жүргізушілер жол ережесіне қатысты өзіндік ой-пікірлерін білдіріп, сауалнама толтырды. – Мен жол сапарына жиі шығамын. Сан мәрте көлік қақтығыстарына куә болғанмын. Көбіне апаттың орын алуына көліктердің техникалық талапқа сай келе бермейтіндігі мен жүргізушілердің жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырып, тізгінге ие бола алмай қалуы себеп болып жатады. Ал жол сақшыларына қатысты айтар еш өкпем жоқ. Себебі, жол жүру ережесін бұзбасаң, олар сені өздігінен тоқтатпайды, – дейді көлік жүргізушісі Бауыржан Смаилов. Бұл шара келеңсіздіктердің алдын алу үшін өткізілетінін айтады ұйымдастырушылар. – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміздегі ұсақ құқық бұзушылықтардың орын алуын болдырмауды, олардың санын азайтуды үнемі еске салумен келеді. Ал жол ережесін көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің сақтамауы – жай құқық бұзушылық емес, салдары ауыр келеңсіздік. Себебі, біз үйден шыққанда көлік жүргізсек те, жаяу жүрсек те ең бірінші ісіміз жолда жүру ережесімен байланысты болып шығады. Сол үшін кез-келгенімізге сақтық шараларын қатаң сақтау міндет, – дейді облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Ғалымжан Жолдасбаев. Акция барысында Ақыртөбе ауылының тұрғыны Серік Батырбеков бетон жолмен көліктердің қатты жүретінін, тұрғындарға жаяу жүргіншіге арналған жолақтың өзінен өткел бермейтінін мәселе етіп көтерсе, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Мадеш Сартбаев мал азығын дайындау барысында шөп сыйымды болуы үшін жүк көлігінің артқы қорабын ашуға тура келетінін, қайтарда кабинаға 3-4 адам мінсе, ол да құқық бұзушылық болып есептелетінін айтып, ең болмаса, науқан кезінде кешіріммен қараса деген тілегін айтты. Меркі ауданында да №18 орта мектеп лаборанты Назгүл Отарбаева бағдаршамның қызыл түсіне көліктердің тоқтамайтынын қынжыла жеткізсе, өзге де тұрғындар жол патрульдік полициялары жылдамдық өлшеуіш құралын жеке көлігіне орнатып, елден жасырынып, көлік тосып тұратынын көріп жүргендерін қозғады. Акцияны ұйымдастырушылар кәмелет жасына толмағандардың түнде бейсауат жүрмеуі, заңсыз қару-жарақтарды мемлекетке тапсырған азаматқа сыйақы берілетіні жөнінде кеңес беріп, тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға заң аясында дәйекті жауаптар қайтарып, құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған парақшалар таратты.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».