ҚЫС ШАНАҢДЫ ЖАЗ САЙЛА
ҚЫС ШАНАҢДЫ ЖАЗ САЙЛА
Ал 784 білім нысаны, 424 денсаулық сақтау, 743 спорт, әлеуметтік-мәдени нысан мен 1469 көп қабатты тұрғын үй бірінші қыркүйекке жылу энергиясын қабылдауға дайын болуы тиіс. Бұл дайындық жұмыстарына тек бюджеттің өзінен 5 миллиард 318,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл жайында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің басшылығымен өткен, жауапты тұлғалар бас қосқан арнайы штаб отырысында айтылды. Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев: – Өздеріңізге мәлім, өткен жылыту маусымында қазандықтардың осал дайындығы, операторлардың білімсіздігі және жауапсыздығы салдарынан бірқатар аудандағы қазандықтарда біраз кемшіліктер орын алды. Осыған байланысты, жергілікті әкімдіктер қазандықтардың дайындығына бақылауды күшейтіп, нысандардың дайындық паспорттарын барлық талаптарға сай берілуін қамтамасыз ету қажет. Тағы бір өзекті мәселе – осы бюджеттік нысандарда электр қуатымен және сұйық отынмен жұмыс істейтін қазандықтардың болуы. Облыс бойынша сұйық отынмен істейтін қазандықтар саны – 22, электр қуатымен – 10. Олар барлық он ауданда бар екенін тағы да ескертеміз. Мұндай нысандардың проблемасы белгілі, 2016-2017 жылдар аралығында осы қазандықтарды қатты отынға немесе газға ауыстыру қажет, – деп саладағы бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, басқарма басшысы қыз мезгілінде тұрғындар мен кәсіпорындарды газбен толық қамтамасыз ету үшін Ақыртөбе жерасты газ сақтау қоймасында 138 миллион текше метр газ қорын сақтауды жоспарлап отырғандарын айтты. Штаб отырысында көтерілген мәселенің бірі дебиторлық қарыздар болды. Бүгінгі таңда тұтынушылардың жылу энергиясына берешегі жалпы алғанда 168,2 миллион теңгені құраған. Бұл қарыз былтырғымен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Ал табиғи газға кәсіпорындардың берешегі 318,5 миллион теңгеге жеткен. Ерік Әубәкірұлынан өзге де жылыту маусымына жауапты тұлғалардың сөзін тыңдаған Бекболат Орынбеков жұмысты ширату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Тараз қаласы мен аудан әкімдерімен отын-энергетика кешені кәсіпорындарымен жылыту маусымына дайындық шаралары бекітіліп, атқарылу мерзімдері белгіленіп, барлық кемшіліктер айқындалған. Осыған орай тиісті бағыт-бағдар берілген. Тек жұмыстарды жауапты және уақтылы атқару талап етіліп отыр. Қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғылар алынып, тиісті қаржы бөлініп, нақтылы іс-қимыл жоспары бекітілген. Осындай жағдайдан соң жылыту маусымы кезінде қандай да бір ақау орын алса, ол жауапты тұлғаның тікелей жауапсыздығының салдары ғана болмақ. Жиында осы мәселеге ерекше назар аударылды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».