Экономика

Байзақ ауданын байытатын жұмыс көп

Байзақ ауданын байытатын жұмыс көп

мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан істермен таныстырып отыруды мақсат еткен баспасөз туры аймақта болды

Облысымызда Елбасы Жолдауы мен Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» және мемлекет тарапынан қабылданған өзге де бағдарламалар жүйелі жүзеге асып келеді. Әртүрлі әлеуметтік нысандардың пайдалануға беріліп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді маңызды салалардың ырғақты даму жолына түсуі – соның айғағы. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша өңірдегі құрылысы жүріп жатқан нысандар мен тасы өрге домалаған кәсіпорын, шаруашылықтардың тыныс-тіршілігінен жұртшылықты хабардар етіп отыруды мақсат еткен баспасөз туры бұл жолы Байзақ ауданында өтті. Оған облыстың бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.

Қызылжұлдыз ауылында орналасқан «ROLA – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 30 тонна макарон, жайма, кеспе секілді ұн өнімдерін шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік директоры Тұрсынбек Нұрбаев екі ауысымда күндіз-түні жұмыс істейтін өндіріс орнындағы жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар екенін, жалпы, ол жерде 21 ұлттың өкілі жұмыс жасайтынын айтады. Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ стансасында орналасқан «База–Servis» ЖШС (директоры – Рүстем Сейдахметов) негізінен құмблоктарының 5 түрін шығарумен айналысады. Жобалық құны 300 миллион теңге тұратын зауыт өнімін облыс аумағына өткереді. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бастапқыда 265 миллион теңге, 2014 жылы 800 миллион теңге несие алып, әлеуетін арттырған. Алдағы уақытта кореялық технологиямен кірпіш шығаруды жоспарлап отырған зауыт аумағы 7 гектарды құраса, серіктестіктің қарамағында 20 гектар жер бар екен. База меңгерушісі Гүлзира Таубалдиеваның айтуынша, серіктестік 20 гектар жерден өндірілген бау-бақша өнімдері мен өзге де шаруалардың көкөніс, жеміс-жидектерін қабылдап, сақтау мақсатында сыйымдылығы 10 мың тонна қойма салып жатыр екен. Ол бір айдың ішінде дайын болады деп күтілуде. Олар өндіріс орны стансаға тиіп тұрғандықтан, болашақта құмблоктары мен көкөністі тапсырыс берген аймаққа темір жол арқылы жөнелтуді көздеп отыр. «Тау Дос» ЖШС «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 180 миллион теңгеге несие алып, Ақшолақ стансасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан «Тау Дос» сервистік кешенін салған. Заманауи талапқа сай қонақ үй, қосымша салынған жанар-жағармай бекеті мен дүкен келушілерге қызмет көрсетуде. Wi-Fi желісі мен «OTAU ТВ» жүйесі орнатылған кешендегі қонақ тоқтайтын бөлмелердің құны тәулігіне 8 мың теңге мен 12 мың теңге арасында екен. «Манат» шаруа қожалығы биыл 1 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы қияр отырғызыпты. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан 130 миллион теңге алып, голландиялық технологиямен көкөніс өсіруге машықтанған шаруашылық өнімінің 1 килограмын 130-150 теңгеден өткереді екен. Шаруа қожалық төрағасы Саха Манатов жылыжайға жылына екі рет қияр егілетінін, күнара 2-3 тонна өнім алып отырғанын айтты. Дихан ауылдық округіндегі «Талап» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылыпты. Бұл шаруашылық та жылыжайда қияр-қызанақ өсірумен аты шыққан. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 255 мың теңге несие алып, өз ісін дөңгелентіп отырған жайы бар. Түймекент ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша соғылып жатқан 300 орындық мектептің құрылысы 95 пайызға аяқталыпты. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан – «Талас Құрылыс» ЖШС. Жұмысқа тартылған 80 адамның 45-і – жергілікті тұрғындар. Мектеп құрылысына республикалық бюджеттен бөлінген 694 миллион теңгенің 500 миллион теңгесі былтыр жұмсалса, қалғаны биыл игерілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысанның бірі – Бурыл ауылындағы 40 келушіге арналған емхана. Қазығы наурыз айында қағылған нысан қазан айында пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер «Қаратау Құрылыс – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Келешекте емханада 3 дәрігер, 22 орта буын медицина қызметкері және 1 әлеуметтік қызметкер мен психолог жұмыс істемек. Көктал ауылдық округіндегі «Жамбыл құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауық еті және жұмыртқа өндірумен айналысатын бұл фабрика 2007 жылы ашылған. Байзақ ауданындағы беткеұстар өндіріс орнының бірі – «Жасұлан-Флора» ЖШС. Ынтымақ ауылдық округіне қарасты гүл өсіретін 5 гектардағы 60 жылыжайда 120 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда біржылдық гүлдер еліміздегі бірқатар ірі қалаларды абаттандыру үшін жөнелтілуде.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.