Тоздырмай тыңайта отырып игілігін көруіміз керек
Тоздырмай тыңайта отырып игілігін көруіміз керек
Біздің Іле Алатауы, Алтай тауы мен Қаратау қазақтың байлық-қазынасы ғой. Осындай тауларымызды қалай ғана игереміз деген сұрақ бүгінгі таңда үлкен мәселе болып тұр. Таяуда Назарбаев Университеттегі қаншама жеріміздің шөлейттеніп бара жатқандығы, даланы жайлап бара жатқан шөлді, сусыған құмды тоқтату проблемаларын талқыға салды. Тәуелсіз ел болғаннан бері игеріліп келе жатқан Каспий маңының қазіргі жай-күйін картаға түсіріп, Елбасының қарауына тапсырдық. Ол кісі қазақ жерінің кешегісі мен бүгінгісі туралы барша ақпаратқа қанық. Қазір Қазақстанда игеріліп отырған жер – Солтүстік Қазақстанның жазық өлкесі мен Оңтүстік Қазақстанның, оның ішінде, Алматы облысының суармалы аймақтары. Жиырма жыл игерілген жер, келесі жиырма жылда тыңайтылуы керек. Ал біз егемендік алған ширек ғасырда бірде-бір рет жерімізді тыңайтқан жоқпыз. Азғантай қалталы кісілер жүз мыңдап алып алған құнарлы жерлер еш игерілместен, еш тыңайтылмастан босқа тозып бара жатыр. Елбасының да айтып жүрген сөзі, назарға алған ісі осы. Біз қазақ жерін қоршап қойып, қолдан тоз-тозын шығармай, оның қыртысын, құрамын зерттей отырып, пайдаға жарата білгеніміз жөн.
Әлия БЕЙСЕНОВА, ҚР ҰҒА академигі, география ғылымдарының докторы