Саясат

Жер қадірін еккен біледі

Жер қадірін еккен біледі

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жер, медициналық сақтандыру, мектеп реформаларына қатысты мәселелер бойынша Жуалы ауданы тұрғындарымен кездесіп, әңгімелесті. Жиынға Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев бастаған, құрамында Сембек Сейдәзімов, Гүлсін Орынбаева және Сағынхан Әміреқұлов сынды қоғамдық кеңес мүшелері мен аудан әкімінің және аудандық мәслихат аппаратының жауапты қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен мектеп директорлары, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, нормативтік-құқықтық актілердің жобасы қаралды. – Бүгінгі жиынымызды қоғамдық тыңдау десе де болады. Өйткені, біз бүгін сіздермен қоғамда бүгінгі күні өзекті мәселе саналып отырған Жер кодексінің жекелеген баптарына енгізілген мораторий, білім беру саласындағы реформа, медициналық сақтандыру жөнінде сөз қозғап, пікір алмаспақпыз. Мәселе түйінделіп, оның қорытындысы туралы ақпарат тиісті орындарға берілетін болады. Ешкімнің пікірі елеусіз қалмайды, – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Кәрібаев. Мәжілісте алдымен күні кеше ғана Елбасы Н.Назарбаев мораторий жариялаған Жер кодексінің бірқатар нормаларына қатысты мәселелер талқыға түсіп, облыс әкімдігі жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеевтің баяндамасы тыңдалды. Ол жиналғандарға еліміздегі жалпы егістік жер көлемі, оның ішінде жалға берілгені, сатылғаны, бос жатқан жерлер туралы кеңінен мәлімет беріп: «Жер бос жатпауы керек. Айналымға қосылуы, игерілуі, өнім беруі керек. Сонда әрі жұмыс орны молаяды, тұрғындар еңбекке тартылып табыс табады, ауыл шаруашылығы саласы өркендей түседі. Әрі жерді сатып алғандар алдағы күнін ойлап, оған күтім жасайтын болады, өйткені ол кейінгі ұрпаққа да қалатын болады және бұл тек Қазақстан азаматтарына ғана жасалады», – деді ол. Жиында аймақ диқандарының тарапынан түскен ұсыныс-тілектерге жіті мән берілді. Пікірлер де мол болды. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бесбай Қансейітұлы жалға беру мерзімі 25 жылдың тым көп екенін айтып, осы мерзімді қысқартып, байқап көрсе қайтеді деген ұсыныс білдірді. Шаруа қожалықтың жетекшісі Серік Садиров көпшілік пайдаланатын ауыл маңындағы жерлерді сатпау қажеттігін айтты. Ақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев жерді сату болсын, жалға беру болсын ауылдық округ әкімдерінің келісімімен жасалса деген өтінішін жеткізді. Шаруа қожалығының басшылары Орынбасар Нұралы, Бейсен Қабылбеков, Смаил Көбесов, сондай-ақ №1 Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Жансұлу Өтегенова өздерінің жерді шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы екендіктерін жеткізді. Жиынды қорытқан Жандар Кәрібаев өз ой-пікірлерін ортаға салған азаматтарға алғыс айтып: «Осындай пікірлер жинаудамыз. Оның барлығын зерделейміз, сосын барлық ауданды аралап біткеннен кейін ұсыныс-пікірлерімізді облыстық штабқа береміз, комиссияға ұсынатын боламыз», – деді.

Жуалы ауданы.

* * *

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев бастаған топ аудан әкімдігінің мәжіліс залында жер, медициналық сақтандыру және мектеп реформалары бойынша ауданның мекеме, ұйым, кәсіпорындарының өкілдерімен, фермерлермен, шаруалармен, кәсіпкерлермен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Облыс әкімдігінің жер пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев Елбасының Жер кодексіне енгізілген толықтыруларға жарияланған мораторийіне байланысты егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру, аукционға шығарып сату бұрыннан бар. Алғашқы кезде 49 жылға жалға беру көзделінсе, кейінгі кездері 10 жылға дейін жалға беру туралы шешімдер қабылданған. 2015 жылы 2 қараша күнгі Жер кодексіне енгізілген толықтырулар бойынша жерді жалға беруді 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту көзделінген. Бір жыл ішінде жерді пайдаланушы жерді тиімсіз пайдаланатын болса, онда оның иесіне заң бұзушылықтарды жою туралы жазбаша ұйғарым жіберіледі. Егер заңда көрсетілген мерзімде ұйғарым орындалмаса, атқарушы органдар сотқа аталған жер телімін қайтарып алу туралы талап-арыз жолдайды. Жиналыста сөз алған Талас ауданының Құрметті азаматы Байұзақ Көлбайұлы «1991-1994 жылдары пай үлесімен жер телімдерін 49 жылға жалға алған шаруалардың жай-күйі не болмақ, шетелдік азаматтарға жер телімін жалға беруді 25 жыл ету ұзақ емес пе?» деген пікірін білдірді. – Жерді, әсіресе суармалы жерді сатып алуға мен қарсы емеспін, – деді Қызыләуіт ауылының тұрғыны, «Ақ сақа» шаруа қожалығының төрағасы Сағынбек Ахметов, – Бірақ жайылымдық сатылмасын, ортақ меншікке айналсын. Республикалық «Қазсушаруашылығы» облыстық мемлекеттік мекемесі аудандық бөлімшесінің басшысы Жалғасбек Тәукебаев шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімін 10-15 жылдан асырмау керек деген ұсыныс айтты. Мұндай пікірді аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сабыр Рысбаев та білдірді. Есейхан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзелбек Рақышев жерді сату кезінде қалталылар бар жерді иеленіп кетпес үшін, арнайы комиссияның жерді теңдей бөліп беруін қадағалауды өтінді. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш жалпы шаруалардың жерді жалға берілуі мен сатылуына қарсы еместігін жеткізді. «Тек кезінде жер телімін ала алмай қалған ұстаздар, денсаулық сақтау қызметкерлерінің де аукционға қатысуына мол мүмкіндік ашылса» деді. Қаратау қаласының әкімі Қошан Мақашев көршілес Ресейде әрбір адам 1 гектар шамасында жер телімін тегін пайдалана алатынын айтып, «осы тәжірибені бізде де енгізуге болмас па?» деді. Сонымен, қызу пікір-таласынан белгілі болғандай, жұртшылық жер телімін жалға алу мен сатуға қарсы емес, тек оны шетелдіктерге 25 жылға емес 10 жылға жалға беру дұрыс деген, және де ол жерді мақсатты пайдалану мен жұмыс күшін жергілікті жерден тартқан жөн десті. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Кәрібаев айтылған әрбір пікір-ұсыныстың барлығы ескеріліп, Жер кодексі жөнінде құрылған республикалық комиссияға жеткізілетінін айтты.

Талас ауданы.

* * *

Жер кодексіне енгізілген толықтыруларға байланысты бүгінде жер-жерде түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүзеге асырылуда. Осы аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында оның қоғамда резонанс тудырған баптарын түсіндіру мақсатында құрамында облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, тиісті облыстық басқармалардың басшылары бар топ аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Оған аудандық қоғамдық кеңестің өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, ұйым, кәсіпорындардың басшылары, ардагерлер қатысты. Жиынды аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев ашып, жүргізді. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев өз кезегінде қоғамдық кеңестің мақсаты мен міндетіне тоқтала келіп, Жер кодексіне енгізілген нормаларға мораторий жариялануына байланысты бұл орайда жұртшылықтың ой-пікір, ұсыныстары айрықша маңызды екенін жеткізді. Кездесу ашық райлы жағдайда өтті. Облыс әкімдігі жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев Жер кодексіне енгізілмек өзгерістердің артықшылықтары мен шаруа баққан, жер пайдаланушы жұрт үшін тиімділігі бар екеніне, осы ретте оларға едәуір жеңілдіктер де қарастырылғанына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, толықтыруларға халықтың алаңдауына негіз жоқ. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшікке сатып алу құқығы берілмейді. Олардың тек 25 жылға жалға алуға мүмкіндігі бар. Мұның өзі заңмен реттелген. Жиынға қатысушылар да өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. «Елдос-2004» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Наханов жайылымдық жерлердің көптеген бөлігі Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі иелігіне өтіп кеткендігін, сол жерлер ауылдық округ меншігіне қайтарылса десе, Жаңатас қаласының тұрғындары Шынайдар Ералиев, Қалмырза Жандарбек жер тағдыры – ел тағдыры екенін айтып, Жер кодексіне қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен қойылған сұрақтарға облыс әкімдігінің жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев нақты жауаптар берді. Жиналысқа қатысушылар Жер кодексіне байланысты білдірілген ой-пікір, ұсыныстар тиісті орындарға жеткізілуін өтінді.

Сарысу ауданы.

Наурызбек САРША, Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол». Камели Сүлейменова, журналист.