Адам түгілі, аю да қазақша үйренетін кез келді...
Адам түгілі, аю да қазақша үйренетін кез келді...
Алыстан алаш десе, аттанамын, Қазақты қазақ десе, мақтанамын. Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын. Міржақып Дулатов.
Ықылым заманнан ханға да, қараға да ортақ болған, әлемдегі жеті мыңдай тілдің ішінде кей тілдердей жұтылып кетпей, атадан-балаға мирас болып жеткен бұлақ суындай мөлдір, алмас қылыштай өткір қазақ тілі басқа тілдерден өзгерек, бай тіл. Рас, кейде «қылыштай өткір, қылдан нәзік» туған тілімізде бірен-саран қателерді көрсек те, көз жұма өте шығамыз. Алайда... «айтылмаған сөздің атасы өледі».
«KaзakctaH» дегені білмеу ме, күндеу ме?!
Тойларда тойбастар тартылатыны белгілі. Бірде сондай қызықшылықтан салпаншақ деп тәржімаланып жүрген брелок атты кішігірім бұйым маған да бұйырды. Көздің жауын аларлықтай әп-әдемі екен, өзіне шақтап көк Туымызды бейнелеп қойған. Әттең... ондағы «Қазақстан» деген жазуы қатесіз болғанда ғой, шіркін!.. Дәлірек айтсақ: онда «KaзakctaH»! Бір білгірлер осылай баттитып жазыпты. Тағы да ләм-мим демей жүре беруге бола ма? Жо-о-о-қ! Себебі, мұнда «қ» әрпі жоқ. Орысша оқып көрелік: кириллицада «t» қарпі жоқ. Ағылшынша оқысақ, «з» әрпінің таңбалануы «z» болуы тиіс. Мейлі «з» деп оқи шыққанның өзінде «Казакстах» деп тұр. Бір тойдың өзінде қанша адам болады?! Мейлі, қала, аудан, облыс демей-ақ, бүкіл республика көлемінде 1 айдың ішінде 1 ғана тойда құрамына әлгі салпаншақ салынған тойбастар таратылды делік. Олардың үйі, туған-туысы бар, ең кемі бір жақыны көрмей қалмас. Алғаны, пайдаланғаны, таққаны, ілгені бар – ай сайын ең кемі 20-30 адам онымен танысатыны ғажап емес. Бұл деген Қазақстанда тұрып, Отанды келемеждеу емес пе?! Ал мен үшін бұл туған жерімде туған елімнің Туын қорлатып қойғанмен тең көрінді. Осы сезім қолыма қалам алдыртып, тіліміздің болашағына балта шабар түйіткілдерді жиып-теріп ұсынуға, олардың ең негізгі ошағын табуға итермеледі. Өйткені...
Тіл аң-құсқа қарағанда тез жойылуда
АҚШ-тың Ұлттық география қоғамының мағлұматтарына сүйенсек, әлемдегі 6809 (қайбір деректерде – 7000-нан аса) тілдің ішінен әр 14 күн, яғни 2 апта сайын 1 тіл жойылып отырады. Алапат қарқынмен жұтыла берсе, ХХІ ғасырдың соңына қарай дүниежүзіндегі жарты тілдің сайда саны, құмда ізі қалмайтын көрінеді. Жетекші тіл мамандары басты мәселе тілдердің 5 қана пайызы қанттай құжатталған болса, қалған 95 пайызы бұл шаруаға салғырт деседі. Ол ғана емес, сол «басты құндылықтың» 1/3-інің келешекке «тасымалдаушысы» мыңға да жетпейді-міс. Сондықтан қазіргі уақытта тіл аң-құсқа қарағанда тез жойылып жатыр деп мәлімдеуде зерттеушілер.
Кіші топ – алыптардың құрбаны
Дүниежүзіндегі, орта есеппен алғанда, 7000 тілдің арасында 46 тілдің өкілі тек бір-бірден ғана қалыпты. Жойылып бара жатқан тілдердің «тасымалдаушылары» күнкөріс қамымен еріксіз көпшілік қолданатын тілді меңгеруіне тура келеді. Содан олардың ұрпақтары туған тілін керек етпей, кейбірі мүлде түсінбей, ал білетіндер төл тілдерін о дүниеге өздерімен алып кетуде. Құдайға шүкір, 17 миллион 700 мыңнан аса халқы бар елімізде ұлтымыздан бөлек небір қазақуарлар бар. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, «бір құмалақ бір қарын майды шірітердің» кері де жоқ емес... «Адамның бұзылуы оның тілінің шұбарлануынан басталады» деген екен америкалық қаламгер, философ Ральф Эмерсон. Тамшы кішкентай әрі нәзік бола тұра, тама-тама тасты да тесіп шығатыны тәрізді дүбәра топтың қазақ тілін қалай болса солай қолдануы белең ала берсе, халқымыздың басты «брендін» мәңгүрттендірмей қоймасы аян. Сөйтіп, алып тобымыздың өкпесі қысылып, тынысы тарыла түссе, Құдай бетін аулақ қылсын, шағын шоғыр ішінен бір-ақ шықпасымызға кім кепіл?! «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
Шетелдік атаулар көне шаһардың орталығында басым. Атап айтар болсақ, «Koton», «DIAMOND», «PoKo-koko», «BONITA», «KiS», «BANNA BANNA», «Bal-bala» тағы сол секілді жалғасып кете береді. Ұялы телефондардың кейбірінен төл тілімізді көру «арман», ал «қазақша» деп көрсетілгендерінде ана тіліндегі қаріптер болмай шығатын кез де жоқ емес. Екінші деңгейлі банктердің төлем карталарын да көпшілік күндіз-түні пайдаланады. Оларда байланыс түрлерінің карточкалары сияқты емес, кейбірінде қазақша мүлде жоқ: орысша және ағылшынша жазылған. Мәселен, «Подпись владельца/Без подписи недействительна» дейді де, қазақшасын берместен, ағылшыншасын – «Authorized signature/ Not valid unless signed» немесе керісінше, бірінші, ағылшынша, содан кейін орысша мәтінін жазып қояды. Карта иесі мен жарамдылық мерзімдерін де тек VALID FROM, GOOD THRU деумен ғана шектеледі. Бір айта кетерлігі – бұлардың барлығында мекен-жайы ағылшын тілінде ғана көрсетілсе, қазіргі карточкалардың бәрі тек осы тілде шығарылуда. Кейбір ірі сауда орындарының төлем карталары туралы жай-жапсар орыс және ағылшын тілінде жазылады. Ал бонус карталарда мемлекеттік тілдегі аудармасы тек жедел хабарласу телефоны мен оған ҚР аумағында қоңырау шалу тегін болатынын «ұят болмас» үшін ғана қыстыру керек болғандай, тағы да ресми тілден кейін орналастырып, саны бар, сапасы жоқ етеді. Әйтеуір, қандай карточканы алсақ та, бір кілтипан қылтиып тұрғаны. Көтеріп отырған түйткілдердің бәрін жанап өтетін – ол бұқаралық ақпарат құралдары. Өйткені, «жантақты» жеп қана «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» саналатын «төртінші биліктің» арқалаған «алтыны» қоғамдық өмірде көп пайдаланылады. Тіпті мұғалім алдында отырған отыз балаға сабақ үйретсе, журналистердің еңбегі жасқа да, жасамысқа да, еңбектеген бала мен еңкейген қартқа да сабақ болары сөзсіз. Бірақ, редакцияға берген материалдарына аты-жөндерін орысша «Жамила Джумабаева», «Нурлан Мусаев», «Абдыкадыр Умиралиев» деп толтырып әкелетіндер де мекеме қызметкерлерін тығырыққа тіреп қоятыны сөзсіз. Түзетейін десе, құжат бойынша осылай дейді. Себебі, қазір құжаттар дәурен құрған заман. Содан келіп, қазақша атасақ та, жазуда жүрексініп, тосылатын жағдайға жеттік. «Мұражай» сөзін ауызша айтқанымызбен, құжат бойынша әлі де «музей» деп әлпештеудеміз. Баршамызға таныс, «пошта» сөзін қанша рет «ш» әрпімен қолдансақ та, өздерінің логотиптері, эмблемалары «Қазпочтадан» арыла алмай-ақ қойғаны. Сондай-ақ «Қазфосфат», «Қазком» немесе «Қазкоммерцбанк» газет-журналдарда кейде «Казфосфат», «Казком», «Казкоммерцбанк» боп жазылады. Бірақ, ондағы «Каз» деген – қазақ, Қазақстан сөзінен қысқартылып тұрғаны баршаға аян! Ендеше, неге қазақ жерінде тұрып «Қазфосфат», «Қазком», «Қазпошта» деп көсіле жазуға қаймығамыз? Осы Қасымжомарт, Қарағанды, қала берді Қазақстанға дейін ауыздан шыға сала, ресмитілділер Касымжомарт, Караганда, Казахстан деп, еш қаймықпастан өздеріне ресімдеп алады ғой. Олай болса, неге біз де қазақ сөзін, Қазақстанның өзін іс-қағаздар бойынша қайтадан қазақшаға аударуда «қысыламыз». Әлде мұны да «қонақжайлылығымызға» телігеніміз бе? Бұл – бұл ма, егемен ел болып, етек-жеңімізді жиғанымызға ширек ғасыр болса да, мұны мойындағысы келмей ме, әлде келсе де қасақана істей ме, ең сорақысы – қазақстандықтар да, шетелдік қонақтар да жаппай қолданатын темір жол билеттері әлі күнге шейін мәңгүрттеу. Егер билет сатып аларда құрамында қазақ әріптері бар стансаны көздесеңіз, бірден орысша енгізіңіз. Әйтпесе, сіз еш уақытта Ақтөбе, Қостанай, Талдықорған, Жезқазған, Өскеменді таппайсыз! Себебі, бұл билеттерде олар – Актобе, Кустанай, Талды-Курган, Жезказган, Усть-Каменогорск! Әрі қарай Актай, Актогай, Желдикара, Женис, Жеты-Су, Кызылджар, Джалагаш, Джалтыр, Джаныспай, Джемантуз, Джилга, Джусалы, Джетыгара, Джаркуль, Джанкой... деп тізбектеле береді. «Жетыген», «Жетыбай» деп жетіден басталатындар тұрғанда, «Джетыгара» деу санаға сыймайды. Ал Жанатурмиз, Жаилма мен Кушмурыннан мүлде түк ұқпассыз. Ал Петропавл, Орал, Семей тәрізді «қ», «ғ», «ө», «і», «ү» сияқты әріптері жоқ қалалардың өзі әлі күнге шейін Петропавловск, Уральск,Семипалатинск! Жарайды, бұған да көз жұмалық. Көне шаһарымыз Таразды іздейікші, – шықпайды. Мақұл, Жамбыл-ақ болсын, тағы көрінбейді. Қалайша? Мұндай станса мүлде жоқ па? Сөйтсек, мұң болғанда, бар гәп мынада – тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасыр толса да, биыл туғанына 170 жыл толған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың есімін Джамбул деуіміз керек екен. «Темір жол» сөзі «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның эмблемасында бөлек тұрғанмен, билетте «теміржол» деп бірігіп кеткен. «Мәліметтерің», «таңертен», «бекетің» деген бірсыпыра сөздері де қате-қате! Өз басым халыққа қызмет көрсету орталығы кеңесшісінің «қазақ әріптері орысша нұсқаларымен жазылуы тиіс» деген салғырттығынан баламның дүбәраланып шыққан тегін қазақшалау үшін талай табалдырық тоздырып, есіктен-есікке жүгіріп, сағаттап кезекте тұрып, айлап сандалып, жүйкемді жұқартқаным бар. Ал көше тақтайшаларына келер болсақ, шаһардың кейбір көшелерінде «ул. Байзак Батыра», «Ы.Дүкен ұлы», «1 пер. Сүлейманова», «Казыбек би», «Айтиев» тәріздес тақтайшалар да «көздің жауын алып» тұр. Басқа-басқа, Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ғимараты Тараздың дәл орталығында орналасса да, «Айтеке би көшесі» деп ілген.
«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ»
«Мемлекеттік тілде ғылым дамымай, мемлекеттік тіл де дамымайды» дейді академик Әбдуәлі Хайдар. Ол қалай дамысын? Кейде кіл орыстілді қызметкерлерден тұратын кеңселерден терминдеріміз, аудармаларымыз шығып жатса. Бірде үлкен жиында бір мекеменің қазақ тіліне жауапты бөлімінің басшысы туған тілімізде сөйлей алмай ұятты болды. Мұндайда жазушы Ғабит Мүсіреповтің айтқаны еріксіз ойға оралады: «Ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады». Ана тілін менсінбейтін, таптайтын өгей ұл болғанша, қазақ тілін аяғынан тік тұрғызар құлы болған артық. Өгей деген – жақсы ат емес, өз-өзімізге өгей атын еншілемей, ұлтжанды туған ұлы болғанға не жетсін?! Себебі, «Ана тілін білмеу де, ана тілінде сөйлемеу де – ұлтқа сатқындық»! Сәкен Сейфуллин айтпақшы, «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды»! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан біраз жыл бұрын «Осы уақытқа дейін аю да қазақша үйреніп алар еді» деп күйінген еді. Бірақ содан бері де талай уақыт өтті, керуен көшті. Сонда шет тіліндегі емес қой, өз тіліміздегі жер-су аттарын қазақшалауға қауқарымыздың жетпегені ме?! Айтпағымыз, ел көшті, жау жетті емес. Бұған дейін Үкіметтің жасаған еңбегін еш, жігерін құм, тұзын сор етіп мансұқтау да ойымызда жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, кейде құлдырап бара жатқан тілдер қайтадан жанданып, жаңғыра түседі. Соның бір жарқын дәлелі – Уэльс британдық князьдігінің тілі. Осыдан 20 жыл бұрын олар ана тілдерінен айырылып қалуға шақ тұрған. Қазір аталмыш тілде мыңдаған адам сөйлеуде. Қалайша? Тілді сақтап қалатын – ол Үкіметтің тарапынан көрсетілетін күшті қолдау. Жойылып бара жатқан ешбір тілде жоқ мұндай қамқорлықты көрсету арқылы Уэльс ана тілінің деңгейін арттырып, мәртебесін жоғарылатты. Қазақстанның келешегі мен тірегі саналатын тіл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тебірене: «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы», – деген еді. Сондықтан егемен ел атанған ширек ғасырда тілін сындыра алмай-ақ қойған өкілдеріміз Президентіміздің 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс деген міндетіне құлақ асып, бұл мәселеде орашолақтыққа жол бермеу әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы екенін түсінсе деген тілек.
Альмира ОМАРОВА, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Тараз қаласы.