Саясат

Жарғылық талаптарды орындау жарна төлеуден басталады

Жарғылық талаптарды орындау жарна төлеуден басталады

Көшбасшы партия қай істе де көш бастап тұруы қажет. Себебі, халық сенімін ақтау, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ол үшін ішкіпартиялық жүйе мықты болуы тиіс. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбековтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе, яғни жарғылық талаптардың орындалу жайы сөз болды.

Жалпы, бұл мәселе бекер қозғалып отырған жоқ. Себебі, бірқатар бастауыш партия ұйымдарының басшылары жарғылық талаптарды орындауға келгенде енжарлық танытып жүрген көрінеді. Құжаттардың реттілігі, бухгалтерлік есеп және есептілік жұмыстарын былай қойғанда, қарапайым жарна жинау мәселесіне немқұрайды қарайтындар бар екен. Партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясы Тараз қалалық, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу және Талас аудандық филиалдарының ішкіпартиялық және қаржы шаруашылық қызметіне тексеру жүргізіп, осыны анықтапты. Бақылау-тексеру комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрқасым Үкібаевтың айтуынша, бұл қағазбастылықтың салдарынан ұмытылып, ескерілмей қалған кемшіліктер емес екен. Бұған дейін де осы мәселе бойынша партия ұйымдарының жетекшілеріне ескерту берілген көрінеді. Сорақысы сол – ешкім олқылықты түзеуге тырыспаған. – Ішкіпартиялық жұмыстарды жүйелеу үшін тексеру комиссиясының мүшелері аудандық филиалдардың қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетуде. Бірақ, партияның қалалық және аудандық филиалдарында бұрын жол берілген кемшіліктер әлі де қайталануда. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалына қарасты «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы және «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» бастауыш партия ұйымдарында партиялық жарналарын бір ай кешіктіріп төлеу орын алған. Ал №2 қалалық емхананың бастауыш партия ұйымының мүшелері жарна төлеу қағазына түгелдей қол қоймаған. Ал Жуалы аудандық филиалында электрондық базадағы ресми мәліметтер мен қағазға толтырылған деректердің есебінде сәйкестік жоқ, – дейді ол. Мұндай кемшіліктер тексеру жүргізілген барлық партия филиалдарында кездескен. Нұрқасым Үкібаев айтып өткендей, бұрын да филиал төрағалары мен төраға орынбасарлары олқылықтар жойылғанын айтып есеп берген. Бұл жолы да солай болды. Бірақ, бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков Тараз қалалық, Байзақ, Сарысу, Талас аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалдарының төрағаларына кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізуге белгілі бір мерзім белгілеп, сол уақыт аралығында есеп беруді тапсырды. Жиынды «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат қорытындылады. Ішкіпартиялық тәртіп қарапайым жарна төлеуден басталатынын тілге тиек еткен ол партия мүшелерін жарғылық талаптарды орындауда енжарлық танытпауға шақырды.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».