Саясат

«Өңкей жақсы жиылса, бітіреді көп істі...»

«Өңкей жақсы жиылса, бітіреді көп істі...»

22Данияр Жұмабаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

Берекелі өмір сүргісі келген ел басшыларына бағынары рас. Ислам тарихына көз жүгіртсек, Ухуд шайқасында мұсылман әскерінің жеңілуі пайғамбар бұйырған әмірге бағынбаудан орын алған еді. Жалпы, ислам дінінде шеру жоқ. Мәселе шерумен шешілмейді. Шеруге шыққан халықтың арасында ауызбірлік болмайды, олар қазақ халқының тарихын білмегендер. Майлықожаның «Өңкей жақсы жиылса, бітіреді көп істі, өңкей жаман жиылса, шығарады ұрысты» деген сөзі бүгінде өзінің мәнін жоғалтпаған. Қазақ – ежелден қара жерді қасиет тұтып, Жер-ана деп атап, анасындай құрметтеген халық. Соның нәтижесінде бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Алтай тауларынан Каспий теңізіне дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеп отыр. Осы жер үшін ата-бабамыз жоңғармен қырылысып, орыс пен қытай арасында талай қысылтаяң шақтарды басынан өткерді. Қазақтың қабырғалы үш биінің бірі қаз дауысты Қазыбек ойраттың қолына түскен Абылай сұлтанды құтқарып алу үшін елшілікке барған кезде, қонтайшының хан ордасында қасқайып тұрып: – Біз қазақ деген – мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, – деп, елі мен жерін қызғыштай қорғауға әркез дайын екендіктерін жау елінде тұрып, еш тайсалмастан бетке айтқан. Бүгінгі егеменді елдің ұлдары сол кездегі хас батырлардың ұрпақтары екендігін тағы бір рет дәлелдеп отыр. Олай айтуымның себебі, жер шетелдіктерге сатылады деген қаңқу әңгіме шыққалы еліміздің кейбір аймақтарында наразылық білдіргендер болды. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Жер – ата бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын рәсімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», – деп, халықтың жерге алаңдаушылығына түсіністікпен қарап, тіпті, қуанышты екендігін жеткізді. Елбасы соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың негізсіз таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты түсініспеушіліктер, тіпті, арандатушылық іс-әрекеттердің көбейгенін айтты. Жер туралы кодекстің өзінде де жер шетелдіктерге сатылмайды деп анық айтылған. Сондықтан бұған енді соншалықты алаңдаушылықтың, оның астарынан бір қауіп іздеудің қажеті шамалы-ау деп ойлаймын. Өйткені, иесіздік жерді тоздырады. Жерге қашанда ие керек. Иесі бар жер қашанда көгереді. Осы жағын ескерейік. Қандай күйіп тұрған мәселе болса да, елдің басшылары боп, халық боп, депутаттар болып мәселені «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешіп алуға болады ғой. Енді Елбасының тапсырмасына сәйкес, Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына 75 адам кірді. Олардың iшiнде Сенат және Мәжiлiс депутаттары, Үкiмет мүшелерi, мемлекеттiк органдардың, саяси партиялардың, агробизнес өкiлдерi, ғалымдар, қоғам белсендiлерi бар. Комиссияда барлық өңiрлердiң өкiлдерi қамтылған. Елiмiз, оның бейбiт болашағы үшiн алаңдайтын азаматтардың барлығы дерлік қамтылған десем артық болмас. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» демекші, ел қамын ойлаған ел ағаларынан құралған комиссия жұмысына үлкен сенім білдіре отырып, Алла тағаладан Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болуын, бабаларымыз армандаған тыныштықты тілеймін.