Бекәділ қарсылас шыдатпады
Бекәділ қарсылас шыдатпады
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Бекәділ Шаймерденов «International Masters Bremen» атты жасөспірімдер арасындағы дзюдодан XXXI халықаралық турнирде 73 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты. Дзюдошы жігіт финалда жапондық қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Байрақты бәсекеге аталған салмақ дәрежесі бойынша 23 мемлекеттің 90-нан астам саңлақтары қатысқан. «Бекәділдің келешегі зор. Ол жастығына қарамай, көптеген белесті бағындырып үлгерді. Алдағы уақытта да талай қарсыласын шаң қаптыратынына сенімдімін. Өйткені, ол өте еңбекқор және төзімді. Аталмыш қасиеттер спортта көп нәрсеге қол жеткізуге зор мүмкіндік береді», дейді балуанның бапкері Рахымжан Қожатаев. Айта кетейік, Германияның Бремен қаласында 1996-1997 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы дзюдодан өткен халықаралық жарыста Б. Шаймерденов Франция, Өзбекстан, Жапония спортшыларынан басым түсті. Балғын спортшы бұған дейін спорттық самбодан жастар арасында өткен ашық Азия чемпионатында, дзюдо күресінен жастар арасында өткен ел біріншілігінде чемпион атанған болатын.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».