Қанат Ислам Головкинмен жұдырықтаспайтынын мәлімдеді
Қанат Ислам Головкинмен жұдырықтаспайтынын мәлімдеді
Қазақстандық боксшы Қанат Ислам Геннадий Головкинмен жұдырықтаспайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Vesti.kz. Айта кетейік, боксшы бүгін Қазақстанға келді.
"Отанымда мені осылай қарсы алғандары үшін қуаныштымын. Өткен жекпе-жекке көңілім толды. Оңай болды демеймін. Дегенмен, мен қарсыласымнан күштірек болып шықтым", - деді Ислам жақында ғана өткен жекпе-жегі туралы айта отырып.
Сонымен қатар, ол Геннадий Головкинмен кездесу өткізу туралы сұраққа жауап берді. "Головкинді мен аға тұтамын. Біз екеуміз де қазақстандықпыз. Оған қарсы шығуды жоспарламаймын. Бір жағынан, біз бір елдің туының астында өнер көрсетіп жүрміз. Оны сыйлаймын. Оның жасы менен үлкен. Ол біздің туымызды желбірететін басты адам болып, біз одан үлгі алып жатсақ, мен үшін ол қуанышты жағдай", - деді боксшы.
Қанат Ислам Қазақстанда кездесу өткізу туралы ойын да айта кетті. "Айта кеткім келеді, біріншіден, мен ақша үшін жұдырықтаспаймын. Маған гонорарымның мөлшері маңызды емес. Мен халық үшін, ел үшін жұдырықтасамын. Қазақстанда жекпе-жек өткізу жоспарымда бар. Дегенмен, кез келген адаммен кездесе салмаймын", - деді Қанат Ислам.
Еске салайық, қазақстандық боксшы 9 мамыр күні мансабындағы 21-ші жеңісіне қол жеткізген еді. Оның қарсыласы 28 жастағы колумбиялық боксшы Хуан Де Анхель болды.