Саясат

Перзенттік парызымыз

Перзенттік парызымыз

Жер мәселесі қашанда маңызды. Оны халқымыз анаға теңеп «Жер – ана» деп те атайды. Ендеше оған қашанда перзенттік парызбен қарауымыз керек. Кешегі кеңестік кезеңде жерге мемлекет иелік етті. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң, жекеменшік институты қалыптасты. Жерді жалға ала бастадық. Енді оған ұжымдық емес, жекеше көзқараспен қарайтын болдық. Біздің «Бостандық» ауылында жерді тиімді пайдаланып, одан тұрақты өнім алып, жан бағып отырған шаруалар көп.

Соның бірі – біздің «Бірлесу» шаруа қожалығы. Пай үлесіне қарай алған суармалы алқап, шабындық пен жайылымдығымыз бар және оларды тиімді пайдаланып келеміз. Оның пайдалану мерзімінің 10 жыл екені де рас. Сондай-ақ жерді алып, оны ұқсата алмай отырған шаруалар да көп. Олардың бұл тұрғыдағы уәжі: техника, тұқым алатын ақша жоқ деген сан сылтауларға тіреліп жатады. Рас, несие алу да кейде қиынға соғады. Бірақ солай екен деп қол қусырып қарап отырсақ, жердің обалына қаламыз. Құр босқа тоздырып аламыз. Менің ойымша, жер бос жатпауға тиіс. Енді оны ұзағырақ жалға алу деген де ақылға қонады. Бірақ, оның талабы, ережелері қандай болмақ? Және де шаруа қожалықтарын тезірек біріктіріп, ірілендіру керек. Су жүйесін реттеп, кепілді өнім алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Қазақта «Бақпасаң мал кетеді» деген мақал бар. Сондықтан, жерге иелікті қолға алған жөн деп ойлаймын. Өйтпеген жағдайда оны тоздырып алуымыз әбден мүмкін. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде өз ұстанымын білдіріп, қолданысқа енгізілгелі отырған Жер кодексіндегі түзетулерге мораторий жариялады. Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің бірде-бірінің де ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ», – деп ашығын айтты ғой. Онысы рас. Шынында да жер мәселесінің ең өзекті екендігін министрліктер мен әкімдіктердің естерінен шығарып алғаны өкінішті, әрине. Енді құрылған комиссиялар мен бұқаралық ақпарат құралдары Жер кодексіндегі толықтырулар туралы, ең алдымен шаруалардың пікірлерімен санасып, кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізсе дейміз.

 Кенжебек Омарқұлов,

«Бірлесу» шаруа қожалығының басшысы.

Бостандық ауылы, Талас ауданы.