Саясат

Комиссия ел үмітін ақтайды деп сенеміз

Комиссия ел үмітін ақтайды деп сенеміз

«Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына байланысты қоғамда бірқатар түсінбеушіліктер туындағаны мәлім. Мәселенің байыбына бармаған кейбіреулер «Жер шетелдіктерге сатылады» деген даурықпа әңгімелерге де барды. 

Жалпы, жоғарыда аталған түзетулер 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданды. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сауда-саттық арқылы жекеменшікке сатылуы мүмкін. Жалға алынған жер телімдерін сатып алуда жалгерлерге жеңілдік шарттары бар. Оқып танысу барысында шаруалардың ондағы бір маңызды өзгеріске назар аударғанын қалар едім. Ол мынадай. Егерде сіз ауыл шаруашылығы жерін сатып алсаңыз және онда мәселен, мал бордақылауды шешсеңіз, ал біршама уақыттан кейін бұл жерде картоп өсіру пайдалы деп ойласаңыз, онда сізге биліктің рұқсатын алу қажет емес. Жерді жалға беру нормасы кодекс қабылданған 2003 жылы енгізілген-ді. Түзетулер қолданысқа енгізілгеннен кейін оларға ешкім тимейді. Оған қоса, жалгерлерде осы телімдерді басым тәртіппен сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Қысқаша осылай. Елбасымыз, міне, осы заңның бірқатар нормаларын қолдануға, атап айтқанда, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жекеменшік құқығын беруге мораторий жариялады. Яғни Жер кодексін қайта саралауға жарты жыл мерзім беріліп отыр. Аталған құжаттың жұртшылықтың күмән-күдігін қоюлатқан баптары мен тармақтарын тиісті тараптардың қайта қарап, пысықтап, белгілі бір мәмілеге келулері үшін бұл аз уақыт емес. Бұл тұрғыда құрылған комиссияның ендігі жерде мүлтіксіз жұмыс істеуіне тура келеді. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін жалпы ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымсыз пайдалану, яғни жердің топырақ құнарлылығының айтарлықтай төмендеуіне әкеп соқтыратын тәсілдермен пайдаланылуы, не болмаса мүлдем пайдаланылмауы орын алып келді. Айтпақшы, ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымсыз пайдалану фактілері заңға сәйкес жер пайдалануды және қорғауды мемлекеттік бақылау жұмыстарын жүргізу кезінде белгілі болады. Бұзушылыққа жол берген тұлғаларға мұндай жағдайда алып қоюға дейінгі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Егер бір жылдың ішінде жер пайдаланушы жер телімін ұтымды пайдаланбаса, онда оған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріледі. Егер бір жылдың ішінде жағдай өзгермесе, онда жергілікті атқару органдарының сотқа аталған жер телімін алып қою туралы талап-арыз жолдауына құқы бар. Жер мәселесі мейлінше маңызды. Осындайда, Елбасының 2002 жылғы халыққа Жолдауында «Керек десеңіз, жерге деген меншік – оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесіз жер – жетім. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесіз жер. Қазақстан жағдайында жерді нарық айналысына қосу дегеніміз – пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды экономикаға қосу деген сөз» деп айтқаны еске түседі. Мемлекет басшысының жер тағдырына алаңдауы – ел тағдырына да алаңдауы екенін дұрыс ұғынғанымыз жөн. Нарықтық қатынастар заңдылығына сүйеніп айтар болсақ, жер танаптарын айналымға жібермей, босқа жатқызып қою – адамның өзіне-өзі жасаған қысастығы демеске лажың жоқ. Жер-анамыз – басты асыраушымыз. Күні бүгінге дейін адам қолы тимей, тусырап, тұмса күйінде жатқан бос жерлерді игеріп, игілігімізге жаратуды бүгін тездетіп қолға алмасақ, ертең кеш болып қалуы әбден ықтимал. Дүниежүзінің ғалымдары шамамен алдағы 30-40 жылда жер бетінде азық-түлік пен ауызсудың тапшылығы айқын сезілетінін айтып, дабыл қағуда. Ғаламшар тұрғындарының сол кезде кемінде 40 пайызы аштыққа, шөлге душар болуы әбден мүмкін. Жер емшегін емумен несібесін айырып отырған халқымыз шаң қауып қалмас үшін біздің де жерімізді тиімді пайдалануды, тоздырмай, құнарлылығын арттыруды осы бастан ойлана жүргеніміз абзал-ау. Бұл іске біртіндеп бейімделе берудің де еш артықтығы болмас. Ең бастысы, біздің жайқалтып егін, мыңғыртып мал өргізу есебінен табысымызды еселей түсуге, әлемдегі отыз дамушы елдің шоғырынан көрінетін алып та қуатты аграрлы елге айналуға мүмкіндігіміз бар. Халқының 42 пайызы ауылдық жерлерде тұратын елімізде азық-түлік өнімдерінің барлық түрін өндіріп, ауыл шаруашылығы кластерін құру, өңдеу, ұқсату кәсіпорындары жұмысын үйлестіріп, дамытуымызға, тұрғындарды түп-түгел жұмыспен қамтуымызға кең жол ашылып отыр. Соны уыстан шығарып алмауға тиіспіз. Кодекстегі өзгерістер осы мақсатты да көздеген еді. Өкінішке қарай, оны ешкім таратып, талдап айтқан жоқ. Негізінен, ауыл шаруашылығы жеріне жекеменшік енгізген заңның қабылданғанына 13 жылдан астам уақыт өтсе де, жердің 1,3 пайызы ғана жеке отандастарымыздың қолына өткені де ойлантады. Қазір «алма, піс, аузыма түс» деп, текке қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Күте білсе, жер – жомарт. Еңбек, тек қана еңбек бізді ұшпаққа жеткізеді деген ойдамын. Жер қорының экономикалық қайтарымын арттыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар осы мүмкіндікті арттыра түсетін болады. Ал шынтуайтына келсек, кодексте жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы бір ауыз сөз жоқ. Тек жердің меншік иесі болуы керектігі, оның дұрыс пайдаланылуы үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру ғана қарастырылған. Осылайша жердің иесіздікке ұшырауынан, қурай мен қамыстың астында қалып, түсініксіз мақсатта пайдаланылмай қалуынан сақтану шаралары алға тартылған. Ендігі жерде бізге кеткен кемшіліктер сабақ болуы тиіс. Ел-жұртқа мораторий алынғаннан кейін ауыл шаруашылығының қандай артықшылықтарға ие болып, қандай сипат алатыны да ұғынықты тілмен жеткізілуі керек-ақ. Қазақ өзінің ата-бабасынан мирас болып келген жерін тиімді, дұрыс игере алса ғана іргелі ел болады. Ұлан-байтақ қазақ даласы – әрбір қазақстандықтың көзінің қарашығындай сақтайтын сарқылмас байлығы. Қысылтаяң кезде Президент ұтымды шешім қабылдап, халықпен санасты. Ел Елбасына дән риза. Жер реформасын қайта қарап, сараптау үшін құрылған арнайы комиссия бұл тұрғыда жан-жақты жұмыс жүргізіп, ел үмітін ақтайды деп сенеміз.

 

Әбдікерім ҮРКІМБАЕВ,  аудан әкімінің орынбасары.

Жуалы ауданы.