Саясат

Патриот жастар ел бірлігін ойлайды

Патриот жастар ел бірлігін ойлайды

Біз – бірлік туын берік ұстаған, баршаға үлгілі көп ұлтты елміз. Ішкі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың арқасында Қазақстан өркендеп келеді. Мемлекетіміз көп ұлтты халқымыздың достығы мен келісімін, өзара түсіністігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық ұстанымдар мен дәстүрлердің сақталуына, ұлттардың рухани, мәдени өсіп-өркендеуіне жағдай жасап отыр. Біз әр ұлтты құрметтеу арқылы бүкіл әлемге достық пен бірліктің нағыз үлгісін көрсетіп келеміз. Бірлік, достық, татулық, ынтымақ – еліміздегі саяси-экономикалық тұрақтылықтың басты әрі негізгі кепілі. Бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз – ұлтаралық татулық пен ауызбірлікті, түсіністікті қалыптастыруға ұмтылған халқымыздың шынайы тілек-пейіліне қарай берген тағдырдың сыйы. Ұлт Көшбасшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының жемісі. 

Тәуелсіздіктің Туын көтергенше қазақ халқының қаншама тауқымет шеккенін тарлан тарихтан жақсы білеміз. Десек те, ширек ғасыр аралығында Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев мүлдем жаңа мемлекет құрғанын және оның керегесі кең, шаңырағы биік екенін ерекше мақтанышпен айтамыз. Елбасымыз Н.Назарбаев 2015 жылы 30 қарашада жариялаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жаһандық ахуалдың сын-қатерлері, дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері, бағыттары туралы айта келіп, ел жастарына да үлкен міндет жүктеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Білімді, еңбекқор белсенді болуға дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірлерге батыл барыңдар. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Осы түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан істердің бәрі сендер үшін, жастар үшін жасалуда», – деп, ел болашағы жастарды жан-жақты болуға шақырды. Бүгінде жастарға жасалған мүмкіндік көп. 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандарды тегін оқытатыны – осы сөзіміздің нақты дәлелі. Еңбек нарығындағы кәсіптік мамандықтар бойынша жастарға білім беру ісі ауданда дұрыс жолға қойылған. Аудан орталығында тоқсан жылдан астам тарихы бар «Құлан ауыл шаруашылық колледжі» қазіргі кезде сұранысқа ие кәсіптік мамандарды, Ақыртөбе ауылындағы орта арнаулы оқу орны жұмысшы мамандарын даярлайды. Қажетті мамандарды даярлау өз кезегінде жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді. Жастарды жұмыспен қамтуда «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының рөлі ерекше. Аталған бағдарлама аясында мамандарды сұранысқа сай қайта даярлау, «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналастыруға мүмкіндік тууда. Осындай нақты шаралар, сонымен қатар Жолдаудан туындаған тапсырмаға сәйкес бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақының орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейтілгені жас мамандардың әлеуетін көтеруге септігін тигізіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай атқарылып жатқан істердің барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз бола алады. Жалпы, елімізде жастар саясатына басымдылық беріліп жатқаны қуантады. Өскелең ұрпақтың келешегі үшін қолға алынған шараларды жастар түсініп, білімі мен білігін, жастық жігерін елін өркендетуге арнайды деп ойлаймын. Патриот жастар қашанда ел бірлігін ойлайды. Елбасының сөзімен айтқанда, біздің мақсатымыз – бірлігі жарасқан, рухы мықты Мәңгілік Ел болу. Тұтастығымызды сақтау, Ел мен Елбасы сенімін ақтау – жастарға үлкен міндет, абырой.

Гүлзахира Медербаева, аудандық  «Жастар орталығының» кеңесшісі.

Т. Рысқұлов ауданы.