Саясат

Сауат ты ақпарат халыққа әлі жетпей жатыр

Сауат ты ақпарат халыққа әлі жетпей жатыр

Бүгінгі күнде халық қалаулылары Қазақстан Республикасының Жер кодексіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерді аралап жүр. Заң аясында халыққа жасалып отырған жеңілдіктер мен жерді жалға беру тәртібіне қатысты мәселелерді түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев ауданға келді. Мұратбай Сматайұлы «Талап» және «Манат» шаруа қожалықтарында болып, ондағы жылыжайлардың жұмыстарымен танысты, диқандармен кездесулер өткізді. – Жер сатуға қатысты сауатты ақпарат халыққа әлі жетпей жатыр, – деп бастады кездесудегі сөзін М.Жолдасбаев. – Сондықтан Елбасы тапсырмасымен жер-жерді аралап, аудан тұрғындарына Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнынан 50 пайыздық жеңілдікпен 10 жыл мерзім ішінде сатып алуға мүмкіндіктер береді. Кездесу барысында Сенат депутаты «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында қабылданған құжаттар, енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың маңызы, ерекшелігі, оның кәсіпкерлер мен шаруа қауымына берер мүмкіндігі туралы жан-жақты түсінік берді. Шаруа қауымы өздерін толғандырған мәселелер туралы сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Мұхтар Манекеев, журналист.

Байзақ ауданы.