Саясат

Мораторийдің мәнін түсіндіре білейік

Мораторийдің мәнін түсіндіре білейік

 Қайырбек Асанов, 

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қазақ ұғымында адамзаттың атасы да, анасы да – жер. Себебі, жер адамның бірден-бір асыраушысы. Несібені көктен тілегенмен, жерден тереміз. Сондықтан оның игілігін тиімді пайдалану – әрбір адам баласының міндеті. Әсіресе, қазақ жерге ешқашан немқұрайды көзқараспен қарамаған. Жер тағдырын – ел тағдырына теліп, ұлтарақтай жер үшін жанын қиған баһадүр бабалардың ұрпағымыз ғой. Соңғы кездері ел ішінде жерге қатысты түсінбеушіліктер орын алғаны көпшілікті де, мені де толғандырмай қоймады. Жер кодексіндегі өткен жылғы өзгерістерге байланысты түрлі алыпқашпа сөздердің іріткі салуынан, кейбіреулердің жоқ жерден отқа май құюынан ел арасында түсініспеушілік орын алып, «бұл қалай болар екен?» деп алаңдағанымыз жасырын емес. Бұл түйіткілге мәселенің мәнісін жете түсінген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі араласты. Жай ғана араласқан жоқ, түсініспеушілік орын алып отырған даулы мәселеге байланысты шешім қабылдады. Яғни Жер кодексіндегі былтыр енгізілген төрт нормаға уақытша мораторий жариялап, көптің көңілін бір демдеді. Қашаннан сарабдал саясаттың ұршығын иіріп жүрген Елбасымыз осылайша өзінің көрегенділігін тағы бір дәлелдеді. Мен де Елбасының Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жариялауын дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Неге десеңіз, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Қазақстан азаматтарына бұрынғы кеңшар, ұжымшар иелігіндегі жерлерді жекешелендіруге рұқсат берілгені мәлім. Бұл қадамның басты мақсаты жердің нағыз иесін белгілеу, оған жанашырлықпен қарау болатын. Өкінішке қарай, мүмкіндікті пайдаланғандар қатарында жер туралы түсінігі шамалы, оны пайда табудың көзі ретінде қабылдағандар болды. Мұның жақсылыққа апармасын байқадық. Елбасы Н.Назарбаев жуырда өткен маңызды кеңесте ел дамуының негізгі бағыттарына тоқтала келіп, жер заңнамасына қатысты бірқатар маңызды міндеттерді белгілей отырып, Жер кодексінің кейбір нормалары жеткілікті түрде түсіндірілмеген деген сыны өте орынды. Бұл орайда Мемлекет басшысы нақты негіздерді алға тарта отырып, өз шешімін мәлімдеді. Жерге қатысты дүниенің бәрі өткірдің жүзіндей қылпылдап тұратындықтан, бұл мәселеге келгенде он ойланып, жүз толғанып барып шешім қабылдау керектігін Елбасы сол кеңесте тағы бір мәрте ескертіп өтті. Енді Президенттің шешімімен құрылған, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев басшылық ететін комиссияның алдында зор жауапкершіліктер тұр. Жер-жерде, өңірлерде бұл комиссия жұмысының жемісті жүргізілуіне барынша қолдау көрсетіп, белсенді атсалысу – біздің басты міндетіміз. Жер мәселесіне келгенде, «Нұр Отан» партиясының халықпен қоян-қолтық араласып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керектігі де күрмеуі қиын мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады деп сенемін.