Жаһан

Орта Азиядағы ең ірі жоба

Орта Азиядағы ең ірі жоба

«Бурное Солар-І» ЖШС күн электр стансасы энергетикалық тиімділігі үшін ЕҚҚДБ тарапынан марапатқа ие болды

Лондон қаласында Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) дәстүрлі XV жиналысы аясында тұрақты даму және энергетикалық тиімділіктің жаңа стандарттарын енгізу саласында марапаттарды табыс ету рәсімі өтті. Сол жиында Жуалыдағы қуаттылығы 50 МВт «Бурное Солар-І» ЖШС күн электр стансасының құрылысы» жобасы сыйлығының иегері атанды. Жеңімпазды халықаралық тәуелсіз комиссия 2015 жылы ЕҚҚДБ тарапынан қаржыландырылған барлық жобалардың қоржынын қарастырып, анықтады, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның баспасөз қызметі. «Бурное Солар-І» ЖШС күн электр стансасы 2015 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күні шеңберінде ресми түрде іске қосылды. Станса Жуалы ауданында Нұрлыкент ауылдық округінің 150 гектарды құрайтын аймағында орналасқан. Жобалық электр қуатын өндіру көлемі жылына 73,18 миллион кВт/сағатқа тең. Станса іске қосылған сәттен бастап, электр қуатының өндірісі 60 миллион кВт/сағатты құрады. 2016 жылдың аяғына дейін күн электр стансасының қуаттылығын 100 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. «Бурное Солар-І» ЖШС электр стансасы Қазақстанда электр қуатының тапшылығын азайтуға және 2013 жылдың 30 мамырында Мемлекет басшысының тиісті қаулысымен бекітілген Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жаңғыртылатын қуат көздерін дамытуға септігін тигізбек. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуына орай, станса Қазақстан Республикасында жаңғыртылатын қуат көздері саласында жобаны жүзеге асырудың үздік үлгісі болады деп күтілуде.

Алуа Жақсымбет.

Жуалы ауданы.