Сұхбат

«Тоғыз ұл-қызым – бір төбе, Ермаханым – бір төбе»

«Тоғыз ұл-қызым – бір төбе, Ермаханым – бір төбе»

«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы – «Сүйінбай қажы» шаруа қожалығының қожайыны, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың әкесі Сағи Ыбырайымов

– Сағи ақсақал, сізді халық даңқты боксшы Ермахан Ыбырайымовтың әкесі ретінде жақсы біледі. Сондықтан сұхбатымызды Ермаханның балалық шағынан бастағанды жөн көрдік… – Ермахан – менің кіндігімнен тараған он ұл-қыздың жетіншісі. Тұңғышымыз Бақыт қызымыз 1962 жылы дүниеге келген болса, одан кейінгі Қалмахан ұлым 1964 жылғы. Қалмаханнан кейін қатарынан төрт қыз Сая – 1966, Қарашаш – 1968, Қарлыға – 1969, Үміт – 1970 жылы туылғандар. Төрт қыздан кейін барып дүниеге 1972 жылы Ермахан келді. Ермаханның артынша Әлмахан дүние есігін ашты. Оның артынан Қаламқас, Баян деген қыздарым ілесті. Яғни, барлығы үш ұл, жеті қыз. _DSC3822Жалпы, кез-келген ата-ана ұл-қызын ұлтын сүйетін етіп тәрбиелеулері керек. Баяғы заманда бабаларымыз дүниеге келген сәбиді алғаш қолына алғанда, «Е, Құдайым, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп, аспанға қарап тілек тілеген ғой. Мен де әрқашан ұлтына пайдасы тимейтін ұл-қыздың құны көк тиын екенін балаларымның құлақтарына құйып өсірдім. Дегенмен, ертегідегі Ерназар байдың «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дейтініндей, менің де он-ұл қызымның ішіндегі Ермаханымның жөні бөлек болды. Тумысынан өжет, намысшыл, қайсар бала болып өсті. Қашанда сабырлы қалпынан айнымайтын. Бойынан ізденушілік, бәрін білуге құмарлық, алға ұмтылушылық сияқты қасиеттер байқалатын. Ұлымның Олимпиада чемпионы атануына осы қасиеттері сеп болған шығар, бәлкім. – Ермаханды бокс залына кім алып барды? Алғашқы жаттықтырушысы жайында айтсаңыз? – Ермаханды үйдегі ешқайсысымыз боксшы болсын деп арнайы залға ертіп апарғанымыз жоқ. 1979 жылы жеті жасында қазіргі Тараз қаласындағы А.С.Макаренко атындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің балаларына арналған мектеп-интернатқа бердік. Арада бір жыл өткенде, яғни 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасы өткені белгілі. Осы Мәскеудегі Олимпиада да Жамбыл өңірінің түлегі, даңқты боксшы Серік Қонақбаевтың күміс жүлдегер атануы мен жерлесіміз, әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіровтің чемпион болуы сол кездегі талай баланың спортқа келуіне септігін тигізді. Сол кезде Серік Қонақбаев секілді боксшы болсам деп армандаған мың сан баланың арасында сегіз жасар менің ұлым да бар екен. Ұмытпасам,1984 жылы болуы керек, аталған мектеп-интернатқа Бахшар Қарсыбаев деген мұғалім келіп, бокс үйірмесін ашады. Кейіннен Ермахан айтады ғой: «Сол уақытта мен қатты тұмауратып, сабақ үстінде басымды төмен салып, ауырып отыр едім. Апайымыз келіп, «Балалар, мектебімізде бокс үйірмесі ашылды, кім барады?» деді. Ол сөзді естігенде ауырып отырған мен орнымнан атып тұрдым», – деп. Бірақ, үстілерінде спорттық киімдері жоқ оларды Бахшар кіргізбей қояды. Содан, әлгі бес-алтауы мектепті айнала жүгіріп-жүгіріп, әбден терге малшынып, сабақ бітер уақытта «жаттығудан келдік» деп сумкаларын алуға барыпты. Көрмейсіз бе, кіргізбей қойды деп класқа қайтып баруға намыстанған болып тұр ғой. Содан бір күні үйге Ермаханнан хат келді. Хатында «Әке, мен боксқа қатысайын деп жатырмын, маған спорт киімдерін алуға ақша салып жіберіңіз», – деп жазылған. Дереу айтқан ақшасын салып жібердім. Ермаханның боксқа келуі міне осылай басталған. – «Әке – балаға сыншы» деген сөз бар. Ұлыңыздың бокстағы алғашқы аяқ алысы көз алдыңызда ма? – Жасырып қайтейін, ол кезде қазіргідей ауылдан қалаға барып боксын көруге мүмкіншілік бола бермейтін. Қолына бокс қолғабын кигеніне көп өтпей-ақ, ұмытпасам 1985 жылы, өз жасындағылар арасында өткен қалалық жарыста 50 келі салмақта бірінші орын алып, чемпион атанғанын естігенде ерекше қуандым. Содан кейін 1986 жылы Целиноград қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Тіпті, сол жарыстың финалында Қ.Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатының баласынан басым түседі. Осыдан кейін барып мен ұлымның бокспен кәсіби айналысуына бар мүмкіншілік жасау керек деген ойға келдім. Сөйтіп жүргенде газеттен аталған интернатқа оқуға шақырған хабарландыруды көзім шалды. Ермаханға: «Сенің жасындағы балаларды Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатқа қабылдап жатыр екен, барасың ба?» – деген едім, ол қуанып кетті. Содан кейін Ермаханды Қазақстан чемпионы дәрежесіне жеткізген Бахшар бапкерінің батасын алып қайттық. Ермахан айтады ғой: «Бахшар ағай Америкада тұрады, әлі күнге алдына келіп бата сұрағаны үшін сізге ризашылығын білдіреді», – деп. Ал мен ұлымның бабын тауып, бағын ашқан алғашқы бапкері сол Бахшарға алғысымды айтамын. – Содан Ермаханды ертіп Алматыға бардыңыз. Спорт-интернат басшылары Қазақстан чемпионатында топ жарған баланы бірден қабылдаған болар? – Ермаханның ел біріншілігін ұтқанын айтқанымда бірден қабылдайтын екен. Бірақ, онысын айтпағаным жақсы болыпты. Олай дейтінім – жер-жерден келген балаларды бірнеше мәрте бокстастырып, жақсы жұдырықтасқандарын, бірнеше қарсыласын жеңгендерін ғана интернатқа қабылдап жатыр екен. Ермаханды бір орыс баламен шығарды. Шаршы алаңда екеуі сөйлесіп тұрғандай болды. Ринг төрешісі «бастаңдар» деген белгі берісімен-ақ Ермахан қарсыласын қақ тұмсықтан періп кеп жіберіп, ұшырып түсірді. Мұны көріп отырған Серік Қонақбаев: «Мына баланы қабылдаңдар», – деп бірден блокнотына жазып алды. Рингтен шығып қасыма келгеннен кейін Ермаханнан: «Жаңағы орыс бала қазақша біле ме екен?»– деп сұрадым. «Жоқ», – дейді. Ермаханның ол кезде орысшадан мақрұм екенін білетін мен қызыға түсіп, енді екеуің рингте не деп сөйлестіңдер деймін ғой. Сөйтсем, орыс бала: «Ты, левша что ли?» деп сұрады дейді. Сен не деп жауап бердің десем, «Нет, я не левша, я Ермахан», – деп жауап бердім дейді. Осыны естігенде ішек-сілеміз қатып күлдік. Әлі күнге еске түссе күлеміз. Ермаханның артықшылығы – сол қолымен де тамаша соққы жұмсайтын. Сонысына қарап қарсыластары солақай екен деп ойлап қалатын. Ал негізі оң қолының соққысы тіпті жойқын. Солақай екен деп сол қапталдан қорғанып жүрген қарсыластары Ермаханның құрығына өздері келіп түсіп жататын. Мұны оның жұдырықтасу тактикасының ерекшелігі деуге болады.

«Ермахан есек мініп, қой да баққан»

– Ермаханның төрешілерден қиянат көріп, боксты қоямын деп қапаланған кездері болды ма? – Иә, 1991 жылы КСРО чемпионатының жартылай финалында төрешілер бұра тартып грузин жігітіне жеңісті беріпті. Соған қатты қапаланып келді. Содан кейін боксқа селқос қарай бастағанын аңғардым. Арада көп уақыт өткен жоқ, Алматыда кішігірім турнир болды. Соны көруге ауылдан арнайы бардым. Ермахан алғашқы қарсыласын ойнап жүріп ұтты. Кешкісін ұлымды таппай қалдым. Кейін білдім ғой, кафеге барған, қыдырған, дірдектеп таңға жуық келіп тұр. Мұрны пыс-пыс етеді. Моншаға түсті, денесін маймен сылады, басқа да ем-дом жасалды, бірі де көмектеспеді. Сонда да шаршы алаңға шықты да атақ-дәрежесі жоқ, есімі бейтаныс боксшыдан ұтылды. Бұған қапаланған мен Ермаханды ертіп, ауылға апарып бір отар қойды баққызып қойдым. Әдейілеп, қыстан әзер шыққан арық-тұрақ, ауру-сырқау, ақсақ-тоқсақтарын алдына салып бердім. Тіпті, астына ат та бермей, есекпен баққыздым. Мұны жаттығуға немқұрайлы қарап, қызық қуып кеткен ұлымды сабасына түсіру үшін жасадым. Екі-үш күн қой бағып келгеннен кейін қолғабын киіп, кешкісін жаттығу жасай бастады. Бірақ, ләм-мим деп жақ ашпадым. Өзі сұрануға бата алмайды. Арада зымырап екі-үш ай өтті. Сөйтіп жүргенде көрші қойлы ауылға бір практикант жігіт келіпті. Өзі ірі денелі, боксшы екен. Қаладағы студенттер арасындағы жарыстарда қарсылас шақ келтірмей жүргенге ұқсайды. Ол кезде студенттер жазғы демалыс кезінде, сақпанда қойшыларға барып көмектесетін еді ғой. Ал әлгі студент көмектесудің орнына қойшылардың өзін жұмсап, қит етсе киіз үйді төмпештеп: «Қане, қайсың шығасың?» – деп бәрінің мазасын алыпты. Сондай сәттің бірінде ызасы келген бір қойшы: «Мықты болсаң мына Тельман ауылында (Ермаханның туып-өскен ауылы Жақсылықтың бұрынғы атауы) Сағидың боксшы баласы бар, сонымен бокстасшы», депті. Әлгі студент-боксшы болса желпініп: «Жандарыңның барында жылдам әкеліңдер, көкесін көзіне көрсетейін!» – деп одан бетер ісіп-кеуіпті. Осылай деп көрші ауылдың 4 қойшысы жыларман болып келіп, ұлыңды жұдырықтастыр деп сұранды. «Ендеше, бәстесейік», – дедім оларға. «Е, неге бәстесеміз?» деді олар. «Ермахан ұтылса, мен төртеуіңе төрт қой беремін, сендердің студенттерің ұтылса, төртеуің бір-бірден төрт қой бересіңдер». Олар келісіп, қол алыстық. Ермаханның жеңетініне шүбә келтірмедім. Өйткені, қарсыласының ешқандай атақ-дәрежесі жоқ, Ермахан КСРО спорт шебері атанып қойған кезі ғой. Содан келісілген күні бәске тігілген қойымызды алып, трактормен көрші ауылға бардық. Әлгі студент боксшы расында еңгезердей дәу екен. Таспен қоршалған қошқар қамайтын қораға қолғаптарын киіп, екеуі екі жақтан кірді. «Бастаңдар» деген белгі берілісімен әлгі студент Ермаханды құлаштап ұра бастады. Ермаханның одан салмағы аз болғанымен, шеберлігі көзге анық көрініп тұр, оның ұрғандарының бірін де тигізбей өзін бұрышқа тіреп қойып, бірнеше дәл соққы жасады. Ауыр соққылардан есеңгіреген әлгі практикант қораның бұрышына үйіп қойған қойдың қиына бетімен кіріп кетті. Сол бойда орнынан ұшып тұрып: «Болды!» – деп қолғабын шешті. Осы оқиғадан кейін ол әлсіздерге әлімжеттік жасауын мүлдем қойыпты. Ал осы боксты тамашалаған екі ауылдың адамдары жекпе-жектен кейін «Ермаханның бағын байлама, батаңды беріп қалаға қайта жібер» десті. Қыдырудың салдары шекесіне тигенін, енді қызық қумай бокспен шындап айналысатынына көзім жеткеннен кейін қайтадан ертіп Алматыға әкелдім. Сөйтіп, әйгілі Әбдісалан Нұрмахановқа «Мына баланың еті сенікі, сүйегі менікі» деп табыстадым. Жарықтық, жақсы адам еді ғой, марқұм. Екеуміз түйдей құрдас едік. – Бұл қай жылдары болған оқиға? Ермахан КСРО спорт шебері атағын қанша жасында алды? – Ол 1988 жылы жасөспірімдер арасында КСРО чемпионы атанды. Яғни, небәрі 16 жасында спорт шебері атағын алды. Ал әлгі оқиға, ұмытпасам, 1991 жылдың көктем-жазы болуы керек. – Ауылда бірер ай бокстан қол үзіп қалған Ермахан Алматыға бара сала алдынан шыққанын қоғадай жапырған болар. «Жеңілсем, әкем қайтадан ауылға апарып қой бақтырып қояды» деп... – Ермахан боксқа қайта оралғанында оның салмағында бәсекелестік өте күшті болды. Нұржан Сманов, Аркадий Топаев, Қанатбек Шағатаев сынды кіл «сен тұр, мен атайындар». Бұлардың қай-қайсысы болсын, Қазақстанды айтпағанда, Азияны мойындатып үлгергендер. Осылардың арасынан өзін дәлелдеп, құрамаға іліну оңай болған жоқ. 1994 жылы Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғапов турнирінде топ жарғаннан кейін Ермахан өз бабына еніп, Қазақстан чемпионы атанды. Іле-шала Филиппинде өткен халықаралық турнирден жеңіспен оралды. Ал 1995 жылы Италияда өткен І Бүкіләлемдік әскери ойындардың алтынын алды. Одан кейін 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер атанды. – Осы орайда Атланта Олимпиадасына қысқаша тоқтала кетсеңіз. Қателеспесек, сіз сол Олимпиадаға ұлыңызға жанкүйер болып бірге бардыңыз емес пе? – Оның рас. 1996 жылы облыс бойынша қой төлдетуден ең жоғары көрсеткіш көрсеткен үлкен ұлым Қалмаханға сол кездегі облыс басшысы Амалбек Тшанов «УАЗ» жеңіл көлігінің кілтін табыстап тұрып: «Сағи ағамыздың Қалмаханы бүгін озат шопан атанып жатыр. Ертең Ермаханын Атланта Олимпиадасына шығарып саламыз. Осындай ұлтымызға үлгі болатын ұлдарды тәрбиелегеніне алғыс айтамыз!» – деп ағынан ақтарылғаны әлі күнге көз алдымда. Содан менен: «Балаңызға жанкүйер болуға бірге барасыз ба?» – деп сұрады. Мен ондай мүмкіншілік болса, қуанатынымды айттым. Сол арада көмекшілеріне тапсырып, 6 мың АҚШ доллары тұратын туристік жолдама берді. Сөйтіп АҚШ-тың Майами, Орландо, Атланта, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларына саяхаттап қайттық. Атлантада Ермаханның алғашқы кездесуін көзіммен көрдім. Канаданың Фаррел атты боксшысымен жұдырықтасып, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Одан әрі біз басқа қалаларда болдық та, өзге кездесулерін елге келгеннен кейін таспаға жазылған нұсқасын тамашаладық. Жартылай финалға дейінгі қарсыластарын еркін ұтып, ақтық сынға берілер жекпе-жекте кубалық Альфредо Дювергел деген боксшыға ұпай айырмашылығымен жол берді. – Осы Альфредо Ермаханның жолын бірнеше мәрте бөгегенін білеміз. – Ермахан осы боксшымен алғаш кездескенде айқын жеңілгені рас. Сол кезде ғой айтатыны: «Беті бөрене сияқты. Ұрып жатсаң сезбейді» деп. Ал Атлантада аз ғана ұпай айырмашылығымен жол берді. Одан кейін 1997 жылы Венгрияда өткен әлем чемпионатының финалында кездесіп, төрешілер 9:10 есебімен тағы да кубалыққа жеңісті берді. Осы жолы ұлыма қазылар тарапынан қиянат болған сияқты. Атағына қарап бұрып жібергені көрініп тұр. Сол кезде Ермахан: «Енді жолықсақ, міндетті түрде сазайын беремін, есемді қайтарамын!» – деп келді. Бірақ, Дювергел де жұлдызды шағы аяқталуға таяғанын сезді ме, содан кейін көп уақыт өтпестен қолғабын шегеге ілді де, есе қайтарудың сәті түспей қалды. Есесіне, одан кейін Ермахан қатысқан жарысының барлығынан дерлік жеңіспен оралды. Өзіне сенімді болғаны соншалық, Сидней Олимпиадасында Туды Елбасынан қабылдап алып тұрып, алтын медаль әкелуге уәде берді ғой. Сол уәдесінде тұрғанына ерекше қуандым. – Ұлыңызды қолдауға Сиднейге де бардыңыз ба? – Жоқ, бармадым. Ермахан: «Әке, алаңсыз тойға дайындала беріңіз!» – деді ғой. Тақымымызды қысып, үйде жанкүйерлік еттік.

«Қазы мен қымыз – қазақтың қуаты»

– Сізді ұлыңызға жанкүйер болып талай жарысқа қымызын арқалап баратын деп естігеніміз бар... – Қазақтың қымызы мен қазысын Атлантаға дейін арқалап апардым ғой. Негізі Олимпиада, әлем чемпионаты секілді ірі жарыстарда спортшының ішетін ас-суы қатаң бақылауда болады. Өздерімен бірге ас-ауқат алып жүрулеріне болмайды, рұқсат берілмейді. Сол елге ұшып барғанда аэропортта-ақ алып қояды. Ал мен Атлантаға турист ретінде барғандықтан, маған рұқсат етті. Сиднейге жол жүрерде де екі қазы мен 20 литр қымызды арқалатып жібердім. Ермаханның мұны бәрібір өткізбейді деген қарсылығына қарамастан, беріп жібердім. Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, әлемнің барлық елдерінен келген спортшылардың өздерімен әкеле жатқан ас-ауқаттарын Сидней әуежайындағы бақылаушылар алып қойғанда, Ермаханға келгенде өзара сөйлесіп алып, «өте бер» дегендей ым қаққан. Қазы мен қымыз тола екі үлкен сөмкені Ермахан мен Бекзат көтеріп өте шыққан. Бұл арада көзге көрінбейтін тылсым әлгі бақылаушылардың көзін байлап тұр ғой. Иненің жасуындай нәрсені тауып, өткізбей тастап отырған бақылаушылар екі үлкен сөмкені байқамауы расында таңғалатын дүние ғой. Қымыз жанға шипа, денеге қуат сусын ғой. Қазы мен қымыз қазақтың зиянсыз «допингі» десе болады. Қазіргі боксшылар, балуандар құнары жоқ тағамды тұтынуды азайтып, қазыдан асап жеп, қымыздан сіміріп ішсе, қандай ғанибет. – Қазіргі боксшылар, балуандар деп қалдыңыз. Осы орайда ел намысын Рио-де-Жанейро шаршы алаңында қорғайтын боксшыларымыздың әлеуетін қалай бағалайсыз? – Биылғы Олимпиадаға боксшыларымыз толық құрамда қатысатыны қуантады. Махамбеттің өлеңі бар емес пе, «Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа қонғанда, Жер қайыстырар қол едік» деп келетін. Он боксшымыз атқа қонып Олимпиадаға аттанғалы жатыр. Ішінен бөліп-жарып мынау алтын әкеледі деп сәуегейлік танытпай-ақ қояйын. Бірақ, жартысы жүлдеге ілінеді деген ойдамын. Өзім осы өңірден жолдама алған Олжас Сәттібаевқа сенім артамын. Оғлан ұлдың Олимп төрінен олжалы оралуына тілекшімін. Түнеукүні «Ермаханның жолын берсін» деп батамды бергем. Олжас бұйырса, Серік, Ермахан, Болат, Бақтияр ағаларының жеңісті жолын жалғайды деп үміттенемін. Содан кейін осы Құлан өңірінің тумасы, дзюдошы Елдос Сметовке үміт артамын. Олимпиадада жүлде алған, Жамбылдан шыққан балуандар аз емес. Жақсылық, Ислам, Ақжүректердің жолын берсе, Елдос та Олимпиададан құр қол қайтпас. Ермахан түнеукүні Елдостың үйлену тойына Таразға барыпты. Інілерін қолдан келгенше демеп жүргені жақсы ғой. Айтпақшы, облысымыздан Руслан Жаппаров деген таэквондошы жігіттің жолдама алғанын сіздердің газеттен оқыдым. Осал спортшы Олимпиадаға бармайды. Бабы келісіп, бағы жанып жатса, Бекзат, Бақтиярлардай жарқ ете қалмасына кім кепіл? – Әдетте, «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп жатамыз. Бұған не дейсіз? – Әсілінде, екеуі қатар шапқаны дұрыс. Болмаса, бабыңның шапқаны жөн. Өйткені, бақ бірде шабады, бірде басқаға ауады. Ал бабың келіссе бұзылмайтын қамал, алынбайтын асу болмайды. Оны Сиднейде Ермахан дәлелдеді деп ойлаймын. – Аудан орталығы Құланда Ермаханның атында спорт мектебі бар екені белгілі. Өзі сол спорт мектебіне жиі бас сұғып тұра ма? – Әрине, ауылға келгенінде өз атындағы спорт мектебіне міндетті түрде кіріп шығады. Ізбасар інілерінің намысын қамшылап, кеуделеріне үміт отын жағады. Осы спорт мектебінде жылда Ермаханның атында жасөспірім боксшылар арасында дәстүрлі жарыс өтеді. Ел-жұртқа, журналистерге алғысымды айтамын. Алдында республикалық телеарналардың тілшілері келіп, Ермахан жайында деректі фильм түсіріп кеткен. Міне, облыстық «Ақ жол» газетінен өзің келіп отырсың. Бұл батырын бағалай білген, болар елдің ұрпағы екеніміздің айғағы болса керек.

«Ермаханның ерніндегі нышан – Құдайдың салған таңбасы»

– Ермаханның ерніндегі нышан жайында қауесет көп. Бірі туа біткен десе, енді біреулер «бокста қарсыласының салып берген таңбасы» деп гуілдетеді... – Ермаханның ернінің нышаны – қарсыласының емес, Құдайдың салып берген таңбасы. Ұлымыз туылғанда ернін емдетпекші болғанбыз. Алайда, ауылымыздағы Нұрақ деген ақсақал: «Бұл – Алланың салған таңбасы. Тіл-көзім тасқа, көресіңдер, өскенде бұл баланың аты алысқа жайылып, осы аймақтағы елге сыйлы, беделді азамат болады», – деді. Қарияның сөзін құп алып, ерніне ота жасату ойымыздан айныдық. Айтқаны айдай келіп, Ермахан ел-жұрты алақанында аялайтын азамат болды. – Сіз қажылыққа бардыңыз, ауылыңызға мешіт салып бердіңіз. Соғыста қыршын кеткен боздақтарға арнап ескерткіш тұрғызғаныңыздан да хабардармыз. – Ес жиып, жағдай түзелген кезде ең бірінші соғыстан қайтпаған әке-аталарымның рухына Құран бағыштап, ас беруді өз міндетім санадым. Біздің бір атадан жеті бірдей боздақ сол сұм соғысқа аттанып, қанды қырғыннан қайтпаған. Тіпті, әкемнің қайда қаза тапқаны күні кешеге дейін белгісіз болып келді. Содан не керек, 2002 жылы кіндік қанымыз тамған Жақсылық ауылы бойынша соғыстан қайтпаған, қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтардың тізімін жасадық. Сөйтіп ұзын-ырғасы 143 адамның рухына Құран бағыштап, ас бердім. Ауылдан қуғын-сүргін құрбандары және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш аштық. Ескерткіш маңы аббаттандырылды. Бұл ескерткіш сол марқұмдарға деген құрмет, сүйектері әр қиырда қалған сол боздақтарды бүгінгі жастар еске алып, осы ескерткішке келген сайын рухтарына Құран бағыштап жүрсін деген ниетпен жасалды. Ауылдастарым имандылыққа бет бұрсын деген ниетпен 2006 жылы 100 кісілік Алла үйін салдық. Халқымызда «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» деген жақсы сөз бар ғой. Елге жасаған жақсылықты ары қарай жіпке тізбей-ақ қояйын. Бабаларымыз «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген ғой. – Жаңа бір сөзіңізде «Әкемнің қайда қаза тапқаны күні кешеге дейін белгісіз болып келді» деп қалдыңыз. Соған қарағанда дерегін тапқан болдыңыздар ғой... – Әкем соғысқа аттанғанда 44 жаста болатын. Мен 4-5 жасар баламын. Сол күні әкем үйге қауын мен қарбызды үйіп тастады. Соны мәз болып жеп жатқанымызда анамыз егіліп жылады. Ол кезде анамыздың неге жылағанын қайдан түсінейік. 1944 жылы әкеміздің қайтыс болғаны жөнінде қара қағаз келеді. Бірақ, біз әкеміздің қаза болғанына сенбей, ұзақ жылдар күттік. Көшіп-қонып жүргенде қаралы хат іс-түссіз жоғалып кеткендіктен, әкеміздің қайда жерленгенінен де хабарымыз болмады. Осы қайғы қабырғама батып, жылда 9 мамырдағы шеруде әкем есіме түсіп, «Тым болмаса сүйегі қайда қалды екен, артынан барып бір уыс топырақ салсам арманым болмас еді» деп күйзелетінмін. Содан Ермахан интернет арқылы атасына іздеу салып, Белоруссияның Витебск облысының іздеу жүйесінен «Витебскіні жаудан азат ету жолында қайтыс болған қатардағы жауынгер Ыбырайым Оразымбетов бауырластар зиратында жерленген» деген ақпарат алыпты. Мұны ести салысымен бір қойды құрбандыққа шалып, ұлым екеуміз жолға шықтық. Беларусь елінің астанасы Минск арқылы ұшып, Витебскідегі мыңдаған боздақтың қабірі жатқан мемориалдық зиратқа жеткенімізде, көз жасыма ерік бердім. Сосын зират орналасқан Волков ауылының тұрғындарына әкеме арнап ас беріп, Құран бағыштап қайттым. Сол кезде үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым. – Қалмаханыңыз кезінде озат шопан болып Тшанов көлік мінгізгенін тілге тиек еттіңіз. Ермаханды бүкіл ел біледі. Енді кенже ұлыңыз Әлмахан жайында айта кетсеңіз... – Әлмахан «Сүйінбай қажы» деп аталатын шаруа қожалығымызды басқарады. Шаруа қожалығымыз 2002 жылы құрылған. 60 үйдің жер үлесі бар. Жалпы аумағы 600 гектарға егін егеміз. Жылда тиісті девиденттерін береміз. Балалар 2012 жылы аналарына арнап аудан орталығы Құлан ауылынан «Жәмилә әже» халал асханасын ашты. Асханаға көкөністі сырттан алдыратынымыз болмаса, ет, қымыз бәрі өзімізден. Шаруашылығымыз 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. – Сексеннің сеңгіріне ат байласаңыз да, сексенінші жылғы жігіттей ширақ екеніңіз көзге ұрып тұр, ақсақал... – Біз шынашақтайымыздан ширап өстік қой, балам. Біздің балалық шағымызды сұм соғыс ұрлады. Еңбектеген кезімізден еңбек етіп келеміз. Еңбек адамды ширатады ғой. Ат үстінде, қой соңында жүрдік. Жарықтық жылқы жануарының еті де, қымызы да дертке шипа, дәтке қуат қой. Тіпті, қазір ғалымдар атқа мінгеннің өзінің мың сан пайдасы бар екенін дәлелдеді емес пе? Ендеше, сексенге келсем де ширақ көрінуім осы қымызбен, жылқымен тығыз байланысты болса керек. – Жүз жасаңыз, ақсақал. Ақтарыла айтқан әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.