Әлеумет

Майдангерлер – біздің мақтанышымыз

Майдангерлер – біздің мақтанышымыз

облыс әкімі мен орынбасарлары және облыстық мәслихаттың хатшысы соғыс ардагерлерін үйлеріне құттықтай барды

Ұлы Отан соғысында қар жастанып, мұз төсенген майдангердің ерлігі – жас ұрпаққа өнеге. Бейбіт өмірдің шуағына жылынып отырғандар майдангерлердің және тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегін қадірлейді, бағалайды. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Тараз қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қыбырай Рыспанбетовтің үйіне арнайы барып, майдангерді құттықтағаны – аға буын алдындағы кейінгі толқынның көрсеткен құрметінің белгісі. – Ұлы Жеңіс мерекесінің маңызы өте жоғары. Сол сұрапыл жылдары Жамбыл жерінен майдан даласына аттанған мыңдаған жауынгерлердің ерлігі есте жүруі тиіс. Міне, сол Отанды қорғаған майдангерлер – біздің мақтанышымыз! Қыбырай атамыздың да жеңіске қосқан үлесі қомақты. Бейбіт өмірде де еңбектің биігінен көрінді. Ленинград қаласын (қазіргі Санкт-Петербург) жаудан азат етуге қатысқаны – жас ұрпақ үшін өз алдына бөлек тағылым. «Ленинградтық өренім!» деп Жамбыл ақын жырлағандай, аталған қаланың қанша уақыт қоршауда қалғаны, отандастарымыз қандай жанқиярлықпен Ленинградты қорғағаны тарихтан белгілі. Сол жаужүрек жауынгерлеріміздің бірі Қыбырай атамызға ризашылықпен шексіз алғыс білдіреміз. Ұрпақтарының қызығын көріп, сергек күйде ғасырдан аса берсін! – деді Кәрім Нәсбекұлы майдангерге гүл шоқтарын және мерекелік сый-мезіретін ұсынып тұрып. Мереке қарсаңында жаңа үлгідегі LED теледидарына ие болған ардагердің ұрпақтары мәз. Майдангер көрсеткен құрметі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, Елбасының дана саясатымен, көрегендігімен өркендеген еліміздің әр сәтті қадамына шексіз қуанатынын жеткізді. – 1942 жылы қаңтарда майданға алындық. Мергендікке баулитын курста үздік болдым. Ленинградтың түбінде ұрысқа кірдік. Төрт рет жараландым. Сондай кезекті шабуылдардың бірінде Мавлан деген өзбек жігіті екеуміз де қатты жараланып, әскери госпитальға бірге түскеніміз есімде. Емделуден кейін мені қайтадан майданға алды да, Мавлан ауыр жарақатына байланысты еліне қайтарылды. Ол досым «Тірі болсам, сізді іздеп табамын» деп кеткен. Уәдесінде тұрды. Арада 30 жыл өткенде әлгі майдандас өзбек досым мені іздеп тапты. Шұрқырасып табыстық. Екеуміз де Құдайға шүкіршілік айттық. Көпке дейін байланысымызды үзбедік. Соғыс біткенде денемде оқтың қалдықтары бірнеше жыл жүрді. Дәрігерлердің өлшемдері бойынша әлгі оқтың қалдықтары төмен түспей, ота жасауға болмайды екен. Денемнің оқ сынықтарынан арылуын 13 жыл бойы күттім. Елге келген соң мал шаруашылығында еңбек еттім. Ферма басқардым. Құдайға шүкір, ұрпақ сүйіп, қызығын көріп отырмын. Өкінішім – өмірлік серігім Мәрзияның бақилық болып кеткені. Басқа еш нәрсеге өкінбеймін, үш немере, 6 шөбере сүйіп отырмын. Биыл 97 жасқа келдім. Тағдырыма ризамын. Енді соғыс болмасын. Тәуелсіз еліміз тыныш болсын! Жас ұрпақ ашық аспан астында бейбіт ғұмыр кешсін! – деді майдангер толқынысын жасыра алмай. Майдандастары, Отанын қорғап опат болған боздақтар еске түсті ме, ардагердің көзіне жас үйірілді. Облыс әкімі майдангер және оның ұрпақтарымен естелік суретке түсіп, ардагердің үйінде жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты. * * * Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Тараз қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Сатувалдиевті үйіне құттықтап барды. – Елбасы тапсырмасына сәйкес ардагерлерді қандай жағдайда болсын ұмытпай, тиісінше көмек, қамқорлық көрсетуге тиіспіз. Бүгінгі күні жер-жерде, оның ішінде облысымызда да ҰОС қатысушылары мен мүгедектерін мерекелік марапаттау іс-шаралары жүзеге асырылуда. Ең өкініштісі, майдангерлеріміздің қатары жылдан-жылға сирей түсуде. Барының қадіріне жету – біздің қасиетті борышымыз. Олардың ел мен жерді қорғаудағы ерліктері халықтың жадында мәңгі ұмытылмастай болып сақталып қалады. Майдангерлеріміздің ерлігі мен өмір жолы ұрпаққа – үлгі, елге – нұсқа, – деп шын жүректен құттықтауын жолдаған Бекболат Серікбекұлы ардагер қарияның денсаулығы мықты, отбасы дін-аман болып, ұрпақтарының ортасында ұзақ та бақытты ғұмыр кеше беруіне тілектестігін жеткізіп, мерекелік сыйлықтарын табыс етті. Балтабай қария 1942 жылы он сегіз жасында әскер қатарына алынады. Ашхабадтағы жаяу әскерлер училищесінің минометшілер курсын бітіргеннен кейін Солтүстік Кавказ майданына жіберілген. Албырт жастағы әулиеаталық өзбек жігітінің жорық жолдарында көрген қиындықтары аз емес. Новороссийскіні азат ету шайқасында сол аяғынан ауыр жарақат та алған екен. Соғыстан кіші лейтенант шенінде елге оралыпты. Жастығы от пен оқ ортасында өткен майдангердің ерлігі мен батылдығының белгісіндей болып омырауында бүгінде Ұлы Отан соғысы ордені мен Г. Жуков атындағы, сондай-ақ, мерейтойлық медальдар жарқылдап тұр. Ол әскерге шақырылғанға дейін Тараз қаласында сауда саласында, соғыстан кейінгі жылдары резина зауытында еңбек еткен. Осында өркенін жайып, өнегелі өмір сүруде. Осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткен өмірлік қосағы Мубира апа екеуі тәрбиелеп өсірген жеті ұл-қызынан 37 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары сан салада еңбек етіп, ортақ үй – Отанымыздың игілігін үстеуге өзіндік үлестерін де қосуда. * * * Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Жеңіс күнін жақындатқан солдаттың бірі Михаил Фомич Кудашкинді мерекемен құттықтады. 1926 жылы Семейде дүниеге келген ол соғысқа дейін Меркі қант зауытында жұмыс істеген. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, 06811-әскери бөлімнің әуе күштері қатарында соғысқа қатысады. Варшава, Будапешт, Вена, Бреслау шайқастарына қатысып, елге тек 1950 жылы оралады. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, «Германияны алғаны үшін», «Маршал Жуков» атындағы медальдармен марапатталған. Қиян-кескі соғыс, қан майданнан аман оралып, одан кейінгі өмірінде де елге қызмет еткен Михаил Фомич бастан өткен нәубетті кезеңдер жайлы әңгімелеп, өткен күннің естеліктерімен бөлісті. * * * Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Ұлы Отан соғысының ардагері Гарафутдин Галимовтың үйіне арнайы барып ізгі тілегін, ыстық ықыласын білдірді. Ұлты татар ардагер әлі де тың, сергек қалыппен қонақтарды жылы шырай танытып қарсы алды. Он тоғыз жасында лейтенант шенімен 385-атқыштар дивизиясының құрамында рота командирі болып соғысқа араласқан Гарафутдин Нурутдинұлы бірнеше қалаларды азат етуге атсалысқан. Аласапыран соғыстың куәгері, тоқсанның төртеуіне келген майдангер бүгінгі балаларға, келешек ұрпаққа тек тыныштық, бейбіт өмір тілеп, еліміздің бүгінгі берекелі тіршілігіне шүкіршілік білдіруден талмайтынын айтады. * * * Ұрпағына бақытты өмір сыйлаған батыр ата-апаларымыздың жасаған ерлік істерін жас толқын мәңгілік ұмытпайды. Қайта жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ардақтап, көмек көрсетіп, мұң-мұқтаждарымен бөлісу – әрқайсысының айнымас дағдысына айналған. Осы дәстүр бойынша Ұлы Жеңіс мерекесі күніне орай облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке соғыс ардагері және облыстық соттың жас мамандары сот жүйесінде көп жыл еңбек еткен Насреддин Хамзаевты Жеңіс мерекесімен құттықтады. Ардагер облыс әкімі орынбасарының көрсеткен құрметіне, елеп-ескеріп келгендерге алғысын айтып, ақ тілегін жеткізді. 1923 жылы Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген Насреддин Хамзаұлы майданға 1943 жылы аттаныпты. Соғыстан елге оралған соң заңгер болып қызмет істеген екен. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Алты ұл-қыз өсірген әке – бүгінде оннан аса немере-шөберелердің атасы. – Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Жер жүзін шарпыған сол сұрапыл соғыста қаншама боздақтарымыздан айырылдық. Бірақ, олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды, – дейді қарт майдангер. Майдангер отбасына түрлі түсті теледидар тарту еткен облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ардагердің шаңырағына шаттық пен береке тіледі. * * * Бұрынғы Свердлов ауданы, Қарасу ауылында туып-өскен Әшірбек Сәрсенбиев майданға 1942 жылы 22 жасында алыныпты. Өзбекстанның Ферғана қаласында кіші командирлер даярлайтын курста оқу-жаттығудан өтеді. 1943 жылы күзде 246-атқыштар полкінің құрамына қосылады. Запарожье қаласын азат ету үстінде ауыр жараланады. Әскери госпитальда емделеді. Қатарға қосылған жауынгер Нарва, Эстонияның Таллин қаласын азат етуге қатысады. 283-механика­ландырылған дивизия құрамында Саарема аралын азат етуге, немістің Франкфурд қаласындағы шайқасқа қатысып, Одер, Шпрее өзендері арқылы Берлинге басып кірген екен. Соғыстан кейін Берлинде екі жыл 496-артиллерия құрамында қызмет еткен. Жарты Еуропаны басып өткен жауынгерді облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. – Бұл мерекенің өнегесі мол. Ел басына күн туған заманда жауға тойтарыс беріп қана қоймай, Отанға деген шексіз махаббат пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен майдангерлерді біз құрметтеуге тиіспіз. Сіздер жасаған ерлік жадымызда мәңгі сақталады, – деді ол. Майдангер әлі тың екен. Өзіне көрсетілген құрмет пен сый-сияпатты ерекше көңіл-күймен қабыл алып, өзінің өткен өмірінен сыр шертті. – Мен майданнан 1947 жылы оралдым. Жеңісті Берлинде тойладық. Елге келгеннен соң, колхоз шаруашылығын көтеруге үлес қостым. 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірдім. Ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет еттім. Қазіргі бейбіт өмірдегі еліміздің жетістіктерінен хабардармын. Себебі, бір мезгіл газет-журнал оқып, теледидардан жаңалық тыңдаймын. Әйтсе, де қарттықты мойындай қойған жоқпын. Ардагер деп ардақтап, құрмет білдірген сіздерге, бізді елеп-ескерген облыс, қала басшыларына рахмет. Еліміз бұдан әрі де көркейіп, заманымыз тыныш болсын, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Әшірбек Сәрсенбиев.

Есет Досалы, Баймаханбет АХМЕТ, Маржан РАҚАЙ, Жанғазы АХМЕТ, Наурызбек САРША, Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».