Мәдениет

«Мәңгілік полк» шеруі

«Мәңгілік полк» шеруі

Қайсар рухты батырларды ұлықтау, олардың ерлігін жыр етіп, есімдерін еске алу – біз үшін қашанда парыз. Өйткені, Ұлы Жеңіске өшпес ерлік көрсеткен жауынгерлердің өрлігі мен қажымас қайратының, Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында жеттік. Бұл жеңіс – ерліктің ерен үлгісі мен қайсарлық танытқан батырлар мен тыл еңбеккерлерінің жеңісі. Сондықтан да, Отан үшін жанын қиған жауынгерлердің ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталып, оларға деген құрмет уақыт өткен сайын жаңғыра бермек. Ұлы Жеңіс мерекесін Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастаған жамбылдықтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысқан салтанатты шарада көпшілік соғыс қаһармандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. 1944 жылы шешуші шайқаста екі қолынан жараланғанына қарамастан, жау пулеметін өз денесімен жапқан Ағаділ Суханбаевтың ерлігі ел үшін аңыз, ұрпақ үшін өнеге. Сол кездегі қиян-кескі ұрыста қаза тапқан оның теңдесіз ерлігінің арқасында кеңес әскері жауынгерлік тапсырманы сәтті орындаған еді. Осы жасаған ерлігі үшін жаужүрек қазаққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Тараздағы «Мәңгілік полк» шеруінің батыр ескерткішінің алдынан басталуында осындай мән жатыр. Себебі, ерлік ескірмейді. Шеруде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің балалары мен немерелері жеңісті жақындатқан жауынгер аталарының портреттерін алып жүрді. Өздерінің майданға қатысушы аталарын жадында мәңгі сақтауды мақсат еткен оқушылар Ағаділ Суханбаев ескерткішінен бастап, Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойымен жаяу жүріп өтті. «Мәңгілік полк» шеруінің қатысушылары сол көшенің бойында орналасқан соғыс қаһарманы Ыбырайым Сүлейменовтің ескерткіші мен «Даңқ» мемориалды тақтасына тағзым етті.