Экономика

Шағын қалалар көркейіп келеді

Шағын қалалар көркейіп келеді

Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңдегі оңтайландыру саясаты еліміздің көптеген шағын қалаларының шаңырағын шайқалтты. Халықтың бірден-бір күнкөрісіне айналған өндіріс орындары біртіндеп жабылып, жұмыссыздық белең ала бастады. Үкімет алғашқы кезекте ондаған шағын қаланы тығырықтан шығарудың амалын қарастырып, арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Бүгінде осы бағдарлама бойынша өңірімізде бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаратау, Жаңатас қалаларының әкімдері баяндады. Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру барысы туралы баяндаған қала әкімдері түйткілді мәселелер уақыт санап шешімін тауып келе жатқанын жеткізді.

Алдымен Қаратау қаласының әкімі Қойшыбай Махашев сөз алып, Талас ауданының өндіріс орталығындағы жұмыстарды тілге тиек етті. – Аталған бағдарлама қаламыздың дамуына, гүлденуіне, көркейіп, абаттандырылуына ерекше серпін беріп, барынша ықпал етуде. Айталық, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2013-2015 жылдарға республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге және жергілікті бюджет есебінен 76,8 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде 2011 жылмен салыстырғанда қалада жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар саны екі есеге артты. Яғни, осыдан бес жыл бұрын қалада 17 кәсіпорын болса, қазір олардың саны 34-ке жеткен. Сондай-ақ, табыстары күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны өткен жылы 5,0 пайызды, жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды құрады, – деген Қойшыбай Орынбекұлы бағдарламаның екінші бағыты – экономиканы әртараптандыру және шағын және орта бизнесті дамыту бойынша да атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарға тоқталды. Ол бұл орайда қалада өткен жылы 333 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелгенін, бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 125,7 пайызға көбейгенін мәлімдеді. Ал үшінші бағыт – халықтың оңтайлы санына сәйкес әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын оңтайлы дамыту жөнінде де Қаратауда тиісті шаруалар атқарылуда. Атап айтар болсақ, қаланың ішкі орамдық газ жүйелерінің құрылысына өткен жылы 88,9 миллион теңге бөлініп, толығымен игерілген. Ағымдағы жылы 224,3 миллион теңге бөлініп, жұмыс толығымен аяқталады деп күтілуде. Бұдан соң Жаңатас қаласының әкімі Дәурен Шалбаев баяндама жасап, бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2012-2015 жылдарға арналған моноқалаларды дамытудың кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес жалпы қаржыландыру көлемі 2151,8 миллион теңгені құраған. Оның ішінде 2012 жылы – 82,9 миллион, 2013 жылы – 660,6 миллион, 2014 жылы 576,8 миллион теңгені қамтыса, өткен жылы 831,5 миллион теңге қаржы қарастырылған. – Өткен жылы бағдарлама шеңберінде 1 миллиард 772,3 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 931,5 миллион теңге қарастырылған. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында 472,3 миллион теңге бөлініп, оған 5-шағын ауданындағы жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 9,9 миллион теңге қарастырылған. Оның 4,9 миллион теңгесі кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялауға бағытталған 15 жобаға аударылған. Жаңа өндірістерді дамытуға 5,0 миллион теңге гранттар берілді. Экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуді қамтамасыз ету мақсатында құрылған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында да оң өзгерістер қалыптасуда. Бұл жерде біз аса ауқымды жоба ретінде аймаққа «ЕвроХим Тыңайтқыш» компаниясының келуін айта аламыз. Компания Жаңатас қаласында тау-кен кешенінің бірінші кезектегі құрылысын жүргізуде. Жоба бойынша жалпы салынатын инвестиция көлемі 97,8 миллиард теңге болса, осы уақытқа дейін 16,2 миллиард теңге қаражаты игерілді. Индустриялық аймақта 12 жаңа инвестициялық жоба іске асатын болады. Жиын соңында қос қала әкімі журналистердің ауызсу мәселесі, тұрғын үй құрылыстары туралы қойылған сұрақтарына жауап берді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».