Әлеумет

Әулеттің алтын діңгегі

Әулеттің алтын діңгегі

Отан – отбасынан басталады. Әрбір жекелеген отбасы Отанның қуатын, әлеуетін еселеп үстей түсуге тиіс. Елімізде Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бергі уақыт ішінде жан-жақты қалыптасып, өзіндік өнеге, үлгісімен танылып жатқан отбасылардың көбеюі қуантады. Мысалы, тараздық Амандосовтар әулеті білімділік пен біліктіліктің байрағын биікте желбіретумен келеді. Олардың үлкені де, кішісі де жастан білім жиғанның өмірге есесі кетпейтініне сенімді. Әулет басшысы Ердос Амандосов пен оның жұбайы Сара Бөлегенова екі ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеп, өмір көшіне қосқан. Ата-әже атанып, олардан он екі немере сүйіп отыр. Ұлдарында да, қызында да қос-қос дипломнан бар. Үшеуі де ең алдымен экономист мамандығын оқып меңгерген. Тұңғыш ұл Жандос – Жаңа гипс зауытының техникалық инженері, одан кейінгі Жанар – ЖЖФЗ-і № 16 цехының экономисі, Әнуар әлеуметтік сала қызметкері екен. 

Әулеттің үлкен-кішісі түгел жиналғанда, төр үйдегі үстел басына сыймай кетеді. Өсу, өркендеу деген – осы. Шаңырақта әлі де сәбилер дүниеге келетінінен үміт бар. Қырық жастың қырқасына іліне қоймаған Жандос бес ұл-қыз өсіріп отыр. Айтпақшы, 2013, 2015 жылдары ҰБТ сынағында бірі – 112, екіншісі 125 балдық межені бағындырып, «Алтын белгінің» де, мемлекеттік білім грантының да иегері атанған апалы-сіңлілі Перизат пен Гүлназ Ердосовалар осы отбасынан шыққан. Бүгінде екеуі де медициналық жоғары оқу орындарында оқиды. Олардың үйдегі де, мектептегі де «бас бапкері» – әжелері, математика пәнінің оқытушысы, бүгінде зейнеткер Сара Бөлегенова болып шықты. Ол ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин медалінің де иегері екен. – Кезінде мектепті олардың атасы – алтын, шешесі Үміт, әжесі, мен де күміс медальмен бітіргенбіз. Білімге құштарлық немерелерімнің «қанында» бар ғой. Оның үстіне, өз қызым мен ұлдарымды, немерелерімді де өзім ұстаздық еткен № 45 қазақ классикалық мектеп-гимназиясында 11-сыныпқа өтісімен жеке қадағалауыма алып, оқыттым, – дейді ол «отбасылық құпиясымен» де бөлісіп. Шынында да Амондосовтар әулеті мүшелерінің бойында отбасы мен мектептің жақсы үлгісі, тәрбиесі қатар тоғысқан. Ердос аға мен Сара апай баланың көп болғанын қалайтындарын, олардың бір-біріне қамқор, кішісі үлкенін үлгі етіп, бауырмал, көпшіл болып өсетінін айтады. Алайда, балаларға жастайынан көп қамқорлық, жақсы тәрбие қажет-ақ! Әсіресе, өздерін қазақы салт-дәстүрге баулып, ертегі емізіп өсіретін ата- әжелері бар балалар бақытты ғой. ...Тағы бір таң атты. Амандосовтар отбасында – қарбалас тірлік. Ұл-келіндері жұмыстарына асығулы. Ал немерелерінің жауапкершілігі – ата-әжелерінің мойнында. Олардың ересектерін Ердос аға жеңіл көлігімен мектеп пен балабақшаға тасыса, кішкентайларын Сара апай үйде алып қалып, жұбатуға кіріскен. «Әзірге бала тәрбиесінен шеттеп қалған жоқпыз. Қолымыз бос, келіндерімізге осылай қолұшын беріп көмектесеміз, онсыз болмайды ғой» дейді олар өмірлеріне шын риза кейіпте. Отбасы бақыты, отбасы құндылығы дегеніміз, сірә, осы болар!

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».