«UMAI» ЖОБАСЫ ҚОЛДАУ ТАБУДА
«UMAI» ЖОБАСЫ ҚОЛДАУ ТАБУДА
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі жыл басынан «UMAI» жобасын жүзеге асыруда. Кәсіппен шұғылдануға бет бұрған қыз-келіншектерге қолдау көрсету мақсатында Жамбыл, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында ғана қанатқақты жоба ретінде қолға алынған бастаманың бірінші кезеңі аяқталды. Облыстың барлық аудандарын аралап қайтқан арнайы жұмысшы тобы әйелдерге аталған жоба жайлы және кәсіпкерлікке көрсетілетін өзге де қолдау мен көмектер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Бірінші кезеңнің қорытындысы ретінде Тараз қаласындағы облыстық драма театрдың алдында арнайы тестік алаң ұйымдастырылды. Онда кәсіпкер ханымдар өздері өндірген өнімдер мен қызмет түрлері жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шарада облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова: «Әйелдер ошақ қасы, үй шаруашылығымен айналысатындықтан, оларға жеке бизнесті алып жүру ер азаматтарға қарағанда әлдеқайда қиын. Сондықтан, біздің кәсіпкер ханымдарға бүгінгі экономикалық жағдайда жан-жақты қолдау қажет. Бірінші кезекте бұл ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігіне қатысты. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, облыстық кәсіпкерлер палатасы «UMAI» жобасын бастап отыр. Жоба мақсаты – әйел кәсіпкерлердің, әсіресе, ауылдағы кәсіпкер әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бүгінгі көрме-жәрмеңке де осы мақсаттан туындап отырған шара» деп көрменің негізгі мақсатын айта келіп, нақтылы кезеңде облыста нәзік жандылардың басшылығымен жүзеге асып жатқан жобаларды, өндіріліп жатқан тауарлар санын тізіп шықты. Сонымен қатар, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров аталған жобаға қатысты өзінің жылы лебізін білдірді. Ал көрмені тамашалауға келген қонақтар өздеріне ұнаған тауарға дауыс беру арқылы жәрмеңке жеңімпазын анықтады. Қордай ауданының бал және бал өнімдерін өндіріп, одан арнайы сусын әзірлейтін «Мед питной» кәсіпкерлігі басым дауысқа ие болып, топ жарды. Ал Шу ауданында сүт өнімдерін өндіретін «Айшот» ЖШС және ұлттық киім тігумен айналысатын Т.Рысқұлов ауданындағы «Сағынбекова» жеке кәсіпкерлігі бірінші орынды иеленді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».