Польша Сенатының Маршалы Меркі мен Құланда
Польша Сенатының Маршалы Меркі мен Құланда
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан поляк армиясы жауынгерлерін еске алу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: «Бейбіт өмір жолында әзиз жандарын құрбан етіп, еркіндік үшін күрескен асыл азаматтар мәңгі жүрегімізде сақталады. Бүгінгі күні Қазақстан мен Польшаның мемлекетаралық байланыстары өзара сенімділік пен ынтымақтастықта дамуда. Байланыстар барлық салаларды қамтып отыр. Екі ел арасындағы барыс-келіс, достық қарым-қатынас нығая түсетініне сенемін», – деді. Келесі кезекте Польша елі Сенатының Маршалы Станислав Карчевский: «Польша халқы ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы зобалаң кезеңде қазақ халқының поляк ұлты өкілдеріне көрсеткен көмегін, мейірімін ешқашан ұмытпайды. Алғыс ретінде ел астанасы Варшаваның ең көрікті жерлерінің бірі – Вилянув ауданындағы көшелердің біріне «Қазақ көшесі» атауы берілген. Осынау генерал Владислав Андерс басшылығындағы поляк армиясының солдаттары және қарапайым тұрғындар жерленген зират аумағына қойылған ескерткіш маңының абаттандырылуы – бұл жердің ұдайы күтім мен бақылауда ұсталатынының айғағы. Бұл ескерткіш – сол марқұмдарға деген құрмет, осы жерге бабаларымыздың рухтарына дұға бағыштайық деген ниетпен келіп отырмыз. Осы орайда бауырмалдық танытып отырған Қазақ елінің Үкіметіне, жергілікті билік өкілдеріне, баршаңызға шексіз алғысымды айтқым келеді», – деп тебірене сөйледі. Айта кетерлігі, Маршал бастаған топ мұнан бұрын Өзбекстанда және өзге де бірқатар елде болып, сонда жерленген қандастарының рухына тағзым еткен. Мұндағы зираттардың қараусыз қалмай, ерекше күтімде екендігіне көзі жеткен Польша Республикасының сенаторы, Мемлекеттік әкімдік пен жергілікті өзін-өзі басқару комиссиясы төрағасының орынбасары, Польшаның шетелдіктермен байланыс және эмиграция комиссиясының мүшесі, генерал Владислав Андерстің қызы Анна Мария мен генералдың немерелері қазақ халқына қайта-қайта алғыстарын жаудырды. Мемориалдық ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өз дәстүрлері бойынша хормен ән салды. Мұнан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған поляктар көршілес Т. Рысқұлов ауданына табан тіреді. Себебі осындағы Луговой стансасында да поляктың 48 солдаты жерленген зираты бар болатын. Қандастарына құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын қойған қонақтар бұл жердегі зираттың да мұнтаздай таза, күтімде екендігін көріп, риза болысты. Болашақта тағы да келетіндерін, келесі жолы Жуалы ауданындағы зиратқа да барып тағзым етуге тырысатындықтарын, Жамбыл жерінің өзге де көрікті жерімен танысуға тәнті екендіктерін айтып тарқасты.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Меркі, Т. Рысқұлов аудандары.