Әлеумет

Тағдыр тауқыметін жеңген тау тұлға

Тағдыр тауқыметін жеңген тау тұлға

Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен сұрапыл соғысқа аттанғандардың бірі шулық Бәкір Әбуов еді. Осы өңірдегі елге сыйлы, «Ақтөбе» колхозының тұрғыны Әбу ақсақалдың ұлы Бәкір 1941 жылы осындағы жетіжылдық мектепті аяқтап, Отан қорғауға аттанады. 19 жастағы өрімдей жас Великие Луки бағытындағы қырғын соғыста ауыр жараланады. Ес-түссіз майдан даласында тәулік бойы өлілердің арасында жатқан оны, боздақтарды ат шанамен жинау кезінде тірі екенін біліп, санчастқа әкеледі. Бір жақ санын жамбасынан снаряд оғы жұлып кеткен, екінші жағы мұз болып жерге қатып қалған. Санитарлық ұшақпен бір топ ауыр жаралыларды Москва госпиталына жөнелтеді. Дәрігерлер кеңесе келе, екі аяғын жамбастан кеседі. Ұзақ ем-домнан соң жансыз қалған қолына жан бітіп, домаланған пенде кейпіне келеді.

Сұм соғыстың қасіретінен адам танымастай күйге түскен бозбала Бәкір елге қайтуды намыс көріп, сонда қалмаққа бел буады. Алайда туған жерге деген сағыныш жеңіп, бір дәрігер ілесіп, үйіне әкеледі. Бүкіл ауыл-аймақ әйтеуір кеудесінде жаны бар тірі келгеніне тәубе етіскен екен. Төрт дөңгелекті қол арбаға таңылып, екі алақанымен жүреді. Қайсар азамат біраз үйде отырып, кәрі әке-шешесіне масыл болуды ар санап, әкесі таң намазына тұрғанда арбаға таңылып, арбаны екі алақанымен итеріп, ой-шұқыр, үйілген құмнан терлеп-тепшіп, тауық шақырып жатқанда колхоз кеңсесіне келеді. Колхоздың сол кезгі басшысы Ағабай Малаев деген көпті көрген кісі жас жігіттің қайсарлығына таңғалып, ферма есепшісінің көмекшісі етіп қабылдайды. Содан Бәкір күндіз ел көзіне түсуден ұялып, таң біліне түскі тамағын беліне байлап, арбаны екі алақанымен итеріп, жұмысқа келіп, қас қарайып, ел кешкі тамақ ішіп отырғанда үйіне қайтып жүреді. Тіршілік үшін күрескен жас жігіттің намысқойлығы мен қайсарлығына қайран болған жұрт қолынан келгенше қолғабыс етіпті. Сөйтіп жүріп мектепте жүргенде жүрек қалаулары жарасқан бойжеткен Әнешке үйленді. Мүгедектігі үшін мемлекет тарапынан қолмен басқаратын үш дөңгелекті маторолерден бастап «ГАЗ-69» автокөлігін тегін беріп, уақытында жаңалап тұрды. Шу өңіріндегі сол кезгі ірі шаруашылықта бас есепші болып табаны күректей 26 жыл еңбек етіп, 60 жасында еңбек демалысына шықты. Бұл шаруашылықта 1 мың бас жылқы, 2500 ірі қара, 48 мың қой, 300 бас түйе, 280 бас шошқа, 3 мың тауық, 80-нен аса жүк көліктері, 35 комбайн, қыруар ауыл шаруашылық техникалары, 2 мың гектар суармалы егіс, 5 мың гектардан астам тәлімі жерінде мыңдаған адам еңбек етті. Осындай ірі шаруашылықта соншама жыл бас есепші болып істеу оңай емес еді. Салмағы 130 кило келетін ардагер аға екі балдақпен 86 жыл өмір сүрді. Осыншама қажыр-қайрат, өмірге деген құштарлық тек осындай асыл адамдардың бойынан ғана табылар-ау! Осындай басқа салған тағдырдың зіл батпан ауырлығын жеңген қайсар адам жайлы кітап жазылса да артық болмас еді. Көп нәрсені елемейтін салғырттығымыз, енжарлығымыз өкінішті. Әйтпесе, өзге ұлттарда осындай тағдырлы адамдар жайлы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды ғой. Соғыстың зардабын осындай адамдардың тағдыры арқылы білдірді емес пе? Оны тағдырдың талқысына салмай, сертіне берік болып бас қосқан аяулы жары Әнеш жеңгей екеуі екі ұл, төрт қызды өмірге әкеп, оқытып, жоғары білім әперді. Кенже ұлы Ергенбай Әбуов бүгінде қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының белді әртісі. Жуырда ғана теледидардан көрсеткен қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев жайлы түсірілген фильмде Нұрғиса рөлін сомдады. Бәкір ағамыздың өзі Әнеш жеңгеймен қосылып ән салғанда ауылдағы тойдың ажары еді. Соғыстың зардабын бір адамдай тартқан ардагер қашан көзі жұмылғанша ел-жұртына бейбіт күнді, ашық аспанды тілеп өтті. Сол елі үшін қан кешкен ерлердің тілегінен болар, бүгінгі бейбіт заманның ұрпағы қандай бақытты. Жеңіс күні қарсаңында аса қымбатқа түскен Ұлы Отан соғысының жанқиярлық ерлігі осындай азаматтардың арқасында өрілді ғой.

Қосшығұл Машақаев,

Балуан Шолақ ауылы, Шу ауданы.