Экономика

Әріптестік байланыс арта түспек

Әріптестік байланыс арта түспек

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мырзаны қабылдады

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мырзаны қабылдап, екі елдің экономикалық байланысы жөнінде еркін сұхбат құрды. Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары мен бірқатар басқарма басшылары, сондай-ақ, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілігінің өкілдері қатысты. 

– Біз Франция елімен бірлесіп жұмыс істеуді әлдеқашан қолға алғанбыз. Атап айтар болсақ, франциялық инвестор – «Vicat Group» компаниясы облысымыздың Мойынқұм ауданында орналасқан «Мыңарал Тас компани» ЖШС-ның жұмысын жүзеге асыруда. Бұл цемент зауыты Қазақстандағы өндірістің «құрғақ әдісі» қолданылатын бірінші зауыт болды. Жобаның құны 35 миллиард теңгені құрайды. Жоба өз қуаттылығында 2013 жылы 1040,0 мың тонна, 2014 жылы 1270,0 мың тонна өнім өндірген. Ал өткен жылы 1340,0 мың тонна цемент шығарды. Өнім өндіру көлемі жыл санап артып келеді. Кәсіпорынның өз өнімін Алматы-Астана күрежолы бойымен және Мыңарал стансасынан темір жол арқылы тасымалдауының қолайлы мүмкіндіктері бар. Кәсіпорыннан 3,5 шақырым жерде цемент өндіруге қажетті әктас және балшық тақтатасының кен орындары орналасқан. Тұщы су көзі бар. Геологтардың сендіруінше, бұл пайдалы жерасты қазбаларының барланған қоры 120 жылға жеткілікті және геологиялық барлау жалғасуда. Сондай-ақ, облыста алдағы 3 жылда 200 МВт энергия өндіретін су, жел, күн электр стансалары салынады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде Жуалы ауданында қуаттылығы 100 МВт-тық жел электр стансасы, Шу ауданында 110 МВт-тық жел электр стансасы, Т.Рысқұлов ауданында 24 МВт-тық күн электр стансасы, сонымен бірге 18 МВт-тық Меркі ауданында гидро-электр стансасының жобалары жасалуда. Бүгінгі таңда өңірде жаңартылмалы энергия көздерінің қуаттылығы 78 МВт құрайтын 8 нысаны тұрақты жұмыс істеуде. Оның ішінде 15,1 МВт-тық төрт гидро-электр стансасы, 12,5 МВт-тық екі жел электр стансасы, сонымен қатар Елбасының қатысуымен өткен жылдың 2 шілдесінде телекөпір барысында іске қосылған жылдық қуаттылығы 50 МВт, құны 23,2 миллиард теңгені құрайтын «Burnoye Solar-1» күн электр стансалары жұмыс жасауда. Сондай-ақ, осы кешеннен тағы 50 МВт энергия өндіретін күн электр стансасының жобасы қолға алынуда. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру облыс электр энергиясына деген сұраныстың 40-50 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Ол ғана емес, франциялық компания Жамбыл ауданында 24 МВт күн электр стансасын салуды қолға алуда, – дей келе Кәрім Нәсбекұлы Франсис Етьен мырзаға облыста 1 миллион 100 мыңдай адам тұратынын, сексеннен астам түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тіршілік ететінін, жалпы жер аумағы 144,2 мың шаршы метр екенін айтып, таныстырып өтті. Сонымен қатар облыс басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы мен индустрияға айрықша қолайлы екенін жеткізді. Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен өңір басшысына, жалпы жамбылдықтарға өзін жылы қарсы алғаны үшін ризашылығын, облыста жүзеге асырылып жатқан жұмыстардан бұрыннан бері жақсы хабардар екенін жеткізіп: – Облыс орталығында өткізген кездесулер барысында өз жұмысын сүйетін, өз міндеттерін толық түсінген кәсіби мамандардың талабы мен талғамына тәнті болдым. Мен алты айдан соң сіздердің облыстарыңызға келіп, бірқатар жұмыстар жөнінде келісімге негізделген кездесулер өткізуді жоспарлап отырмын. Бұған сіздердің тараптарыңыздан түсіп жатқан арнайы шақыртулар мен ұсыныстар себеп болуда. Алдағы уақытта сіздермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып, екі тарап үшін де тиімді, маңызды жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді. Кәрім Нәсбекұлы елшіге Францияның ауыл шаруашылығы мен экономикасы облысымызға ұқсас аумағының бірімен өзара байланыс орнату арқылы тәжірибе алмасып, түрлі салалар бойынша біріге жұмыс жүргізу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұған дейін Қытай, Беларусь елдерімен осы тұрғыда нәтижелі жобалардың жүзеге асқанын тілге тиек еткен облыс басшысы Францияның бір облысымен де сондай әріптестік байланыс орнатуға ықыласты екенін айтты. Франсис Етьен бұл ұсыныспен келісетінін жеткізді. Кездесу барысында «Мыңарал Тас компани» ЖШС-на қатысты бірқатар жайттар сөз болды. Кәрім Көкірекбаев: «Қазіргі таңда біздің өңірде туризмді дамытудың зор әлеуеті бар. Облыс аумағында орналасқан бірегей тарихи-мәдени ескерткіштердің 5-еуі 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізбесіне енгізілген. Ендігі кезекте, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы өңірлік және халықаралық деңгейлерде туризм индустриясын дамыту аясында Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне келуші қонақтар мен туристерге көрнекті бренд ретінде таныстыру жоспарымызда бар» – деп, қонақтарды басқосудан соң, шаһарда орналасқан тарихи орындар мен облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап көруге шақырды. Кездесу соңында екі тарап естелікке сыйлықтар тарту етті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».