Әлеумет

ҚАҺАРМАН

ҚАҺАРМАН

Ошақбай Апбасовтың ерлігі

Отан қорғау жолында жан алысып, жан берісіп, одан қала берді, бейбіт өмірде де бірнеше жауапты қызметтер атқарып, артына мол мұра қалдырған батыр жандар аз емес. Жамбыл ауданының тумасы, соғыс және еңбек ардагері Ошақбай Апбасов та сондай ержүрек майдангер, еңбекқор азамат болған жан. Ол соғыстан аман-есен оралып, Шолпан Шайдарбекқызымен отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп, өмірге сегіз бала әкеліп, оларды тәрбиелеп өсірген еді.

Архивтік деректерге жүгінсек, 1923 жылы дүниеге келген Ошақбай Апбасов 1942 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақырылған. Майданда жүріп, түрлі әскери амалдарды меңгеріп, қысылтаяң кездің өзінде қырағылық танытқан сержанттың жауды қапыда қалдырған іс-қимылдары жайлы аз-кем тоқталып өтпекпіз. Алдымен, 1944 жылдың 27 маусымында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады (№30674078 жазба). Бұл медальға ұсынылған марапаттау қағазында 1-дивизионның 2-батареясының есептеу бөлімшесінің командирі, гвардия сержанты Ошақбай Апбасовтың 1944 жылдың 27 маусымында жасаған алғашқы ерлігі жайында баяндалады. Дәл осы күні сағат 11-де Бешенковичи ауданынан қозғалып бара жатқан кеңестік әскерлердің колоннасына бір топ неміс солдаттары Верховье селосында шабуыл жасайды. Кескілескен ұрыс кезінде О. Апбасовтың бөлімшесі он бес немістің көзін жойып, сегізін тұтқынға алады. Сөйтіп, тұтқынға түскен жау солдаттары бірден қолбасшылыққа жеткізіледі. 23 маусымда гвардия сержанты О. Апбасов берген нақты деректердің арқасында, Шумилино ауданында жаудың екі батареясы табанда жойылған. Міне, осылайша қазақ сарбазының ұрыс даласында көрсеткен табандылығы мен қырағылығын жоғары бағалаған 1-дивизионға қарасты 2-батарея командирі, гвардия капитаны Угрюмов үкіметтік наградаға лайық деп тапқан. Бұл әскери құрылым Белоруссия жерін азат ету майданына белсене қатысқанын архивтік деректер айғақтайды. Қазақ жерінен аттанған майдангерлердің қай-қайсысы да елден жырақ, қан майданның қақ ортасында жүріп, туған жер, кең-байтақ Отанын басқыншылардан азат ету жолында бар қабілетін, білімін жұмсап, жау қолында қалған қалалар мен ауылдарды босатып алуда әрбір қарыс қадам үшін кескілескен ұрысты бастан кешіп, ерліктің үлгісін көрсеткені ақиқат. Тағы бір архивтік мағлұматқа көз жіберелік. Бөлімшенің 1944 жылдың 23 қыркүйегіндегі №68 бұйрығында (архив ЦАМО, қор 33, хаттама 690155, сақтау бірлігі 6243, жазба №35454998) гвардия сержанты Ошақбай Ілебайұлы Апбасовтың Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылғаны жөнінде толық мәлімет келтірілген. Марапаттау қағазында баяндалғандай, Витебск бригадасы 1/37 гвардиялық армиясының зеңбірек взводының аға барлаушысы О. Апбасов 1944 жылдың 13 қыркүйегінде біздің әскерлеріміздің шабуылдауы кезінде жаудың артиллериялық-минометтік, зеңбірек оқтарының сүйемелдеуімен, жаяу әскерінің күшті шабуылына қарамастан, өзінің өміріне қауіп-қатер төніп тұрса да, қаһармандықпен жау шебіне бақылауын жүргізген. Қазақ барлаушысының жауып тұрған оқтың астында қалып, батыл әрі жедел іс-әрекетінің нәтижесінде жаудың екі батареясының орны анықталып, Балдон ауданында дұшпанның жаяу әскерінің танкке шоғырланып жатқаны туралы мәліметі дер кезінде штабқа жеткізіледі. Соның нәтижесінде артиллеристер жаудырған оқтың астында қалған жаудың 2 батареясының тас-талқаны шығады. Сондай-ақ, неміс басқыншыларының жаяу әскер батальоны жауындай себелеген зеңбірек оғынан тоз-тозы шығып, жан-жаққа бытырай қашады. Сөйтіп, қарсылас жақтың бір машинасы табанда істен шығады. Аға барлаушы Ошақбай Ілебайұлы осы ерлігі үшін 1-барлаушылар дивизионының бастығы, гвардия аға лейтенанты Тюхов пен бригада командирі, гвардия майоры Кулиштің ұсынуымен жоғары марапатқа – Қызыл Жұлдыз орденіне ие болады. 1945 жылдың сәуірінде неміс басқыншылары жеңіліске ұшырап, Кеңестер Одағының аумағынан өз жерлеріне қарай тықсырылып, кеңестік армиясының жеңіске қол жеткізе бастаған кезі еді. Бұл уақытта кіші лейтенант әскери шенін алған Ошақбай Апбасовтың тағы бір ерлігі үшін 1945 жылдың 9 сәуірінде дивизион командирі, гвардия майоры Малышевтің ұсынуымен, оған II дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі. Ошақбай Ілебайұлы елге оралысымен, еңбекке бел шеше араласып, партия ұйымдарында бірқатар жауапты қызметтер атқарады. Атап айтқанда, Қазақстан Компартиясы Жамбыл аудандық комитетінде хатшының көмекшісі, ұйымдастыру-инструкторлық бөлімінде нұсқаушы болып еңбек етеді. Одан соң облыстық партия комитетінің партия бөлімінде нұсқаушы, кәсіподақтар және комсомол органдарында жауапты жұмыстар істейді. 1950 жылы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Қазақстан Компартиясы Меркі аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады. Өз ісіне мығым, ортасына сыйлы еңбек ардагері партия қызметінде де үлкен абыройға бөленгені анық. Ошақбай Апбасов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы үш жылдық республикалық партия мектебін 1955 жылы аяқтап, сол кездегі Гурьев облысына партиялық жұмысқа жіберіледі. Білімді басшы, шебер ұйымдастырушы, ең бастысы, қоғам мүддесіне жауапкершілікпен қарайтын маман қай жерде де қат емес пе?! Онда төрт жылдан астам уақыт табысты еңбек еткен О. Апбасов 1959 жылы өсіп-өнген ауылына, кіндік қаны тамған туған жеріне оралады. Жамбыл ауданындағы сол кездегі Сталин атындағы кеңшарда партия бюросының хатшысы, Жамбыл атындағы кеңшардың, Жуалы ауданының Ленин атындағы кеңшарының төрағасы болып абыройлы қызметтер атқарған. Бейбіт күнде де бір тыным таппаған еңбек ардагері, Ошақбай Апбасовтың бар қажыр-қайраты, қабілет-қарымы, білімі мен тәжірибесі туған елін көркейтуге, экономикасын еселеуге, өзіне жүктелген тапсырмаларды белсенділікпен атқаруға жұмсалғаны шүбәсіз.

Нұрлан Қалқа, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты.