Махамбет, бұл не масқара?!
Махамбет, бұл не масқара?!
Жылдағы әдеті – сол. «Тараз» футбол клубы Премьер-лига ойындарын әжептәуір бастайды да, біраз ойыннан кейін салы суға кетеді. Облыс әкімі команданы қолдаудай-ақ қолдап келеді. Жылда қабылдап, қанаттандырып, ақ жол тілейді. Былтыр 7-орыннан көрінуді міндеттеген еді. Ол тілек те орындалған жоқ. Жә, жарайды, ол енді өткен жылдың әңгімесі.
Биыл да маусымашар ойында Алматының «Қайратын» ұтып, кәдімгідей қуандырып тастаған. Күміс жүлдегерді ұтты деп қомпаңдап қалғанбыз. Бірақ, содан кейін алты ойын өтті. Жеңістің дәмін тата алмай келеміз. «Ақтөбемен» тең ойнап, ал өз алаңымызда «Оқжетпеске» ұтылдық. Қатарынан бірнеше жеңілістің ащы дәмін таттық. Жетінші турда ғана «Атыраумен» тең түсіп, соған ғана көңіл демдедік. Ел кубогінде де біраз жерге барушы едік. Биыл ширек финал үшін таласта жарыс жолынан шығып қалдық. Бұл жолы тағы Көкшенің «Оқжетпесі» алдымызды орады. «Тараз» футболшыларына шынымен де не болды? Рас, көпшілігі жергілікті жас жігіттер. Легионер Игорь Зеньковичті ұрымтал сәтті босқа жібермейтін сұрмерген дейді. Көрсетпей ме өнерін осындайда. Ал Малик Мане болса, әлі толық өзіне-өзі келе алмай жүрген секілді. Бұл не? «Тараз» тығырыққа тірелді ме? Осы сауалмен клуб басшылығына да бардық. «Біздің клуб – бюджеті ең аз клуб. Сондықтан, бізге жақсы ойыншылар келмейді. Елордалық «Астана» мен Алматының «Қайрат» клубының бюджеті 15 миллиард теңге (45 миллион доллар). Жақсы ойыншылардың бәрі сондай ақшалы клубтарға кетеді. Дегенмен, аянып қалмаймыз. Биыл Премьер-лигада қалу үшін жақсы ойын өрнегін көрсетуге күш саламыз», – дейді клуб директорының орынбасары Ғабит Қазыбеков. Клуб директоры Махамбет Дүйсембаев команданы осындай мүшкіл хәлден қалай шығармақ? Қандай жоспарлары бар? Әлде қолынан іс келмейді ме? Жанкүйерлер тоқсан алтыншы жылдары чемпион болған «Таразды» көрмесе де, тәуір ойын өрнегін танытқан командаға қуанғысы келеді. Бірақ мәселенің түйінін М.Дүйсембаев бастаған клуб басшылығы шеше ала ма? Әлде «Тараз» турнир кестесінің соңында сүйретіліп жүріп, Премьер-лигамен қош айтыса ма? Осы аптада «Тараз» футбол клубы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 1:2 есебімен жол берді. Масқара ғой. Қайбір ойында команда жанкүйерлерінің бірі: «Тараз» бірінші лигада жүргенде жақсы еді.Қарсыластарды 3:0, 4:0 есебімен ойсырата ұтып, айызымызды қандыратын» деп ызаға булығып отыр. Қалай болған күнде де, өз тарихында чемпион атанып (ол кезде біріншілік суперлига аталатын), келесі маусымда (1997 жылы) алтын матчта ғана «Ертіске» жол берген жерлестеріміздің жеңіле бергені жанымызға батады. «Тараз» алдыңғы қатарға шыға ала ма? Бас бапкер, Тараздың азаматы Нұрмат Мырзабаевтың команданы қауіпті аймақтан шығаратын шамасы бар ма? Қалай ойлайсыз, Махамбет мырза? Әйтпесе, мына ойындары, шынында, масқара ғой.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».