Әлеумет

Пойыздың билетіне "Джамбул" деп жазатыны несі?

Пойыздың билетіне "Джамбул" деп жазатыны несі?

Кеңес Одағы тұсында, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде Жамбылды «Джамбул» деп орысшалағанын сынап жазған едім. Арада он жылдан астам уақыт өткенде, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы ономастикалық комитетінің шешімімен «Жамбыл» болып өзгертілді. Кейін Елбасы Жарлығымен қаламызға Тараз деген ежелгі атауы берілгені жұртшылықтың жадында. Алайда темір жол кассасынан жол жүру билетін алғаныңызда ұмыт болған баяғы келеңсіз жағдай алдыңыздан қайта шығады. Онда қаламыздың атауы Тараз да емес, Жамбыл да емес, «Джамбул» деп жазылған. Алыс және жақын шетелдерді былай қойғанда, еліміздің кез-келген түкпірінен қаламызға жол жүру билетін алған жолаушы «Джамбул» деген жазуға көзі түскеннен кейін дүдәмал кейіпте қалуы мүмкін. Ондай жағдайға куә болғанымыз да бар. Қарағандыдан Таразға билет алған бір бойжеткен кассирге «Мен сізден Таразға деп сұрадым ғой» деп дауыс көтеріп жатты. Осындай түсініксіздіктер болмас үшін және ең бастысы – қызыл империяның саясатынан қалған атауды бүгінгі күнге дейін жазып жүргеніміз елдігімізге сын екенін ескеріп, темір жолдағы жол жүру билетіне қаламыздың Тараз деген тарихи атын көрсету жөн деп есептеймін.

Өкеш Мұстафа, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.