Мәдениет

Айтысқа шықты ақындар

Айтысқа шықты ақындар

Қазақстан халықтары бірлігі күніне және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай аудан әкімдігінің қолдауымен Жаңатаста «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Өңірге белгілі кәсіпкер, «Алтын орда – 2006» құрылыс компаниясының директоры Дәулеталды Жанбаев айтыстың жүлдесіне 1 миллион теңге демеушілік жасады. 

Іс-шараны аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев ашып, арысы Астана, Орал, Семейден келген, берісі Тараздан қосылған айтыскерлерге сәттілік тіледі. Оралдық Талғат Мықи мен шымкенттік Карима Оралова айтысты бастады. Бұл сөз сайысында «Тәуелсіздік – таусылмас дастанымыз, Осыны түсінеді жас жанымыз, Кей бауырлар өсекті желдей ессе, Ашымайды ондайға еш жанымыз. Әйтеуір қазағыма табылса екен, Бір-бірін жамандаудан басқа жұмыс» деп, өрелі ойын ақтара білген оралдық ақын көпшіліктің ықыласына бөленді. Астаналық Сырым Әуесхан мен қызылордалық Мұхтар Ниязовтың арасындағы сөз сайысы да жұрт есінде көркемдігімен қалды. Сырым «...Егінін бірлікпенен еккен ауыл, Астығында орады ынтымақпен» немесе «Сарысу жүрегімде жатталыпсың, Тәуелсіздік таңына шаттаныпсың. Жаңатасым, еңсеңді түзеп демде, Бауырыңда талай тірлік атқарыпсың. Қысқасы, бес-он жылда, Жаңатасым, Астана болуға да шақ қалыпсың», – десе, Мұхтар «...Астана боласың деп жалған айтпа, Өтірік айтатын жер емес, бала, Біреуге Елордадай төр – астана, Біреуге Жаңатастай бел – астана, Меніңше, биік-биік үйлері емес, Биік азаматы бар жер – астана», «Жаңатас, бір кездері жасадың ғой, Әлі сенен келешек тосамын ғой, Сырым, сенің сөзің де бекер емес, Жаңатас өркендеумен дос ауыл ғой, Қойнынан кенін беріп, бәрін беріп, Астананы көркейткен – осы ауыл ғой» немесе «Демеуші Дәуеталды ағамызды – Дәулетберді десек те болады екен» деп өресінің биік екенін көрсетті. Оңтүстік Қазақстан облысының жүйрігі Біржан Байтуов «Жібекке сіңлі болар бұл Жансая, Қаталдықтан ештеңе ұтпайды екен, Жібектің сіңлісіне емес өзі, Бекежанның інісіне ұқсайды екен» десе, оралдық Жансая да әдемі шумақтарын айта білді. Сонымен, Жаңатастың жұртына жарты күн үлкен көңіл күй сыйлаған айтыс та мәресіне жетті. Кәсіпкер Дәулеталды Жанбаев Жансая Мусина мен Мұхтар Ниязовқа 150 мың теңгеден, айтыскерлерге 100 мың теңгеден жүлде тапсырды.

Алуа ЖАҚСЫМБЕТ, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.