Қанат Ислам колумбиялық қарсыласын алтыншы раундта нокаутқа түсірді
Қанат Ислам колумбиялық қарсыласын алтыншы раундта нокаутқа түсірді
Қазақ боксшысы Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 21-ші кездесуінде жеңіске жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. "Қазақстан" ұлттық арнасындағы трансляция 9 мамыр күні таңғы 07.00-де басталды. Ал 31 жастағы отандасымыз шаршы алаңға 8.45-те көтерілді. Бұл жолы оның қарсыласы колумбиялық 28 жастағы Хуан Де Анхель болды. Екі боксшының кездесуі АҚШ-та өтті. Ислам - Де Анхель жекпе-жегі америкалық Лейкленд қаласында өткен бокс кешінің басты оқиғасы болды. Қазақ боксшысы бірінші секундтардан соққыларды үдетті, бірақ Анхель бұған дайын болды. Колумбиялық тіпті бірнеше нәтижелі шабуыл жасай білді. Екінші раунд осы мәнерде өтті, қазақстандық басымдығын көрсетсе, қарсыласы қарымта шабуылдарды жасады. Үшінші раундта Қанат Ислам бірнеше соққысын дәл тигізді. Ал төртінші раундта колумбиялықты гонг құтқарып кетті. Бесінші раундта да Қанат Ислам бірінші шабуыл жасаумен болды. Қарсыласы құлап кете жаздаған бірнеше сәттен кейін тағы да гонг соғылды. Ал алтыншы раундта отандасымыз қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Еске салайық, Қанат 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келеді. Ол осыған дейін өткізген 21 жекпе-жегінде жеңіске жетіп, оның он сегізін уақытынан бұрын аяқтады.
ақпарат көзі tengrinews.kz