Әлеумет

Қарулы күштер – ел қорғаны

Қарулы күштер – ел қорғаны

Биыл тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылғанына 24 жыл толды. Бүтін бір елдің Қарулы күштерінің қалыптасуы жолында бұл аса көп уақыт емес. Дегенмен, осы қысқа мерзімде Жоғарғы Бас Қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен мемлекетіміздің жоғары әскери әзірлігі бар қуатты армиясы құрылды. Елдің түрлі өңірлерінде әскери құрылымдардың жауынгерлік қабілеттілігін арттыру үшін әскери округтер «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары болып қайта құрылды. Әскеріміз айбынды күшке айналды. Қорғаныс өнеркәсібі дамыды. 

7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты жиында осыған көз жеткіздік. Салтанатты жиынға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, тұтастық пен тыныштық сақшыларын төл мерекелерімен құттықтады. – Отан қорғаушы күні – ел тарихындағы ерекше күн. Осыдан 24 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Тәуелсіз мемлекетіміздің Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасы ешкімге ұқсамайтын кемелдену жолынан өтті. Ел мүддесіне толық сай келетін Әскери доктрина қабылданды. Ұлттық әскеріміз әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіретіндей дәрежеге жетті. Еліміздің, жеріміздің қорғаны, тыныштығымыздың сақшысы, мемлекет қауіпсіздігінің кепіліне айналды. Біз елдік пен егемендіктің кепілі болып отырған Қазақстан Қарулы күштерін мақтан тұтамыз. Қарулы күштеріміздің абыройын асқақтатар сарбаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімі әскерилердің, жалпы тыныштық пен еліміздің тұтастығын сақтау жолында тер төгіп жатқан әскери қызметшілердің өңіріміздің экономикалық дамуына қосып отырған үлесі мол екенін атап өтіп, бірқатар азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттады. Жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов ел әскерінің өсу, өркендеу тарихына тоқталып, әскери қызметкерлердің түрлі оқу-жаттығу жиындарда қол жеткізген жетістіктерін баяндады. – 24 жылдың ішінде Қазақстан Қарулы күштері мықты армияға айналды. Биыл біздің өңірімізде өткізілетін «Бүкілармиялық ойындар – 2016» халықаралық жарысында еліміздің Қарулы күштерінің қаншалықты қуатты екені көрініс таппақ. Біздің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қызметкерлері күнбе-күн әскери әзірлігін күшейту үшін оқу-жаттығудан өткізіледі. Соның арқасында барлық республикалық деңгейдегі әскери оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Мәселен, «Айбалта – 2015», «Қаратау – 2016» байқауларында біздің қолбасшылықтың жауынгерлері өздерінің кәсіби дайындықтарының жоғары екенін көрсетті. Біз осындай әскери құрылымдар арасындағы жарыстарда көзге түскен сарбаздарды арнайы марапаттап, олардың жетістіктерін барша әскери бөлімдерге насихаттауды дәстүрге айналдырғанбыз, – дейді Талғат Қойбақов. Өңірлік әскерилердің қолбасшысы айтып өткендей, Қарулы күштер арасында өткен жарыстарда көзге түскендер, сондай-ақ адал еңбегімен өзгелерге үлгі боп жүргендер көп екен. Салтанатты жиында еңбегімен еленген әскери қызметшілерге ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдары тапсырылды. Ал аға лейтенант Нұрхан Сағымбаев осы мерекелік шарада капитан шенін алды. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының көркемөнерпаздары ардагерлерге арнап тамаша концерттік бағдарлама әзірлепті. Патриоттық әндер жан-жүректі тебірентті.  

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Виктор Барбаш.