Ер көңілді, еркін мінезді
Ер көңілді, еркін мінезді
Майдангер, ғалым Көкіш Рыспаевтың туғанына – 90 жыл
Кеңес заманында Тараз қаласында қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралының саны екеу-ақ еді. Олар: облыстың «Еңбек туы» газеті мен облыстық радио. Сондықтан қазақ тілді журналистер осы екеуін жағалайды. ҚазМУ-дың қарқарадай дипломымен орналаса алмай жатады. Ал орыс тілді журналистерде ондай проблема жоқ. Қалада кәсіпорын басы бір-бір орыс тіліндегі көп тиражды газеттер шығып тұратын.
Елен ӘЛІМЖАН, жазушы.
Содан ба, «Аздың атасы бір» дегендей, екі редакциядағы қазақ журналистері жиі кездесеміз. Ең алдымен материал алмасамыз. Содан соң ол алмасуымыз шығармашылық бәсекеге ұласып кетеді. Жақсы очерк, фельетон, репортаж әлде сараптама жазсақ, сол туралы радиодағы әріптестеріміздің пікірін білгіміз келіп тұрады. Ол заманда телефон қат. Бөлім меңгерушісінен артылмайды. Сондықтан жүзбе-жүз отырып, пікір алысқанға не жетсін, шіркін! Жұмыс аяғында оның да сәті түседі. Төле би көшесінің бойындағы қазіргі Жылжымайтын мүлікті тіркейтін мекемеден (газет редакциясы сонда болатын) біздер, газет журналистері, ал қазіргі Жамбыл проспектіндегі медколледждің қарама-қарсысындағы көп қабатты үйдің бір жартысында орналасқан радио комитеттен олардың журналистері бір-бірімізге қарама-қарсы жүріп келіп, Мұхаббаттың дүңгіршегінде тоқайласамыз. Содан бір сусындап алып, микроаудан қайдасың деп жаяу тартып отырамыз да, «Арекеңнің аялдамасына» келіп аяқ суытамыз. Бұлай атайтын себебіміз – Арғынбай Бекбосын ағамыз шыны қабырғадан жан-жағы көрініп тұратын осы бір шағын кафеден сусын ішуді ұнататын. Қасындағы бұлағы өзінің туып-өскен ауылындағы Қарасуын еске түсіре ме, кім білсін. Эстет әрі әсершіл кісі ғой, әлі ағаштары жетілмеген бұл сусынхананың жалаңаш микроаудандардан ерекшеленіп, жасыл желекке бөленіп тұрғаны ұнайтын. Міне, сол жерде көңілдің құлпы ашылып, небір әңгімелер кетеді. Әрине, алдымен жаңадан жарық көрген дүниелерімізді талқылаймыз. Әрбір жаңа теңеу, тосын ойларымызды атап, бір-бірімізді көтермелеп қоямыз. Тосын ой демекші, редактордың сүзгісінен өтпей қалғандары болса, қамығамыз. Бұл кезде өзімізді иелеріміз бәйгеге қосуын қосқанымен тізгінімізді тежеп отырған бәйге атындай көреміз. Ал сүзгіден ойымыз да, сөзіміз де өткен, оқырманға жеткен болса, басшыларымызды мақтаймыз. Ашық айтылмаса да, әңгіме енді қай редакцияның басшысы мықты дегенге ойысып бара жатады. Біздер, газетшілер, редакторымыз Баттал Жаңабаевтың батылдығын айтып мақтанамыз. Ол кісі газетті сыйлата білетін еді. Обком бөлім меңгерушісінің мақаласын «редакция екінші данасын қабылдамайды» деп жауап жазғызып, қайтарып жібергеніне біз таңғалып, таңдай қағатынбыз. Радиожурналистер сол кезде өздерінің бұрынғы төрағалары Көкіш Рыспаев туралы айтатын. Оларды радиодан газетке ауысқан Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбай ағаларымыз қостайтын. Мен, осылай Көкіш ағамен ең алдымен ел аузындағы әңгімелер арқылы сырттай таныстым. Бұл кезде облыстық радионы өз қолымен құрып, тұңғыш төрағасы болған (1956-69) ағамыздың есімі журналистер арасында шынында да аңызға айналып кеткен екен. Кез-келген адам аңызға айналмайды. Тіпті, үлкен басшы болғандардың да орнынан түсісімен, ұмытылып кететінін талай көрдік. Ал Көкіш көкеміздің орнынан түскенінің өзі бір жыр. Түрлі науқандар кезінде обком жер-жерге өкілдер жіберетін. Кейін өзім де талай рет егін орағына, мал қыстатуға өкіл болып бардым. Обком өкіл жіберген соң өзге мекемелер де, аудандар да өз өкілдерін жібереді. Сөйтіп, бір шаруашылықтың өзінде бес-алтауымыз жиылып қаламыз да, қолғабыс тигізбек түгіл масыл боламыз. Қыстың боранымен алысып, шілденің ыстығында егінін орып, қарбаласып жүрген ауыл адамдары қора-қора өкілдерінің бабын жасаймын деп әлек болады. Олар болса, жайлы жатын орынмен, жылы-жұмсақ тамақпен қанағаттанбайды. Көңілдерін көтеріп, қыдырту керек. Бұл кезде, әрине, өкілдердің де айлық алып істеп жатқан негізгі жұмысы, отбасы тірлігі жайына қалады. Көкіш Рыспаев осы бір практиканы сынаған ғой. Тіпті өкілдіктің арасында үйіне бір келгенінде бірінші басшы көріп қойып «сен неге қайтып келгенсің?» деп сұрағанында: «Жуынып-шайынып алайын деп, келініңізде де бір шаруам болып», – деп қасқайып қарап тұрған ғой Көкең. Сол замандарда әртүрлі ірі қызметтер істеген, оның ішінде Қазақстан телерадиокомитеті төрағасының орынбасары да болған Санжар Жандосов әкесі Ораз Жандосовтың жүріп өткен жолымен сапарға шығады ғой. Әрине, Алматыда да, Ташкентте де қызмет атқарған Ораз Жамбыл облысының үстін басып, ары-бері талай рет өткені түсінікті. Бәлкім, әулеттерінің басына түскен ауыр қайғысын ойлады ма, әлде әкесін еске салар ештеңе көре алмай пұшайман болды ма, кім білсін, әйтеуір Санжар сапар үстінде көңілсіз жүреді. Қасындағылар қанша әңгіме, әзіл айтып жатса да езу тартып күліп, еңсесі көтерілмейді. Қазақтың қонақжайлылығымен қойындасып, дастарқанының төріне шығып алған сұйық ауқатқа да зауқы соқпайды. Қонақтың бұлай жүргені мейман күтушіге мін, елдікке сын. Бірге жүргендердің бәрінің амалы таусылғанда, Көкіш көкеміз өзінің тапқырлығымен Санжардың шерлі жүрегіне жол табады ғой. – Сіз, тап қазір әкеңіз отырған тастың үстінде отырсыз, – дейді Көкіш аға Күйіктің асуындағы бұлақтың басында дамылдаған кезде. – Жан-жағыңызға жақсылап қарап алыңыз, бұл сіздің әкеңіз аялдап, әсер алған тарихи жер. – Оны немен дәлелдейсіз? – дейді ғой Санжар. Сонда облыстық радионың төрағасы өзінің қаражаяу журналист емес, ел, жер тарихын жақсы білетін керемет өлкетанушы екенін де көрсетеді. Алуан-алуан мысалдар айтып, Тараз–Ташкент күрежолының бойындағы асуға ол кезде атың да, түйең де, тіпті мәшинең де алқынып шығатынын, демек бұл бұлаққа аялдап, сусындайтынын бұлтартпастай етіп дәлелдеп берді. Бұған дейін әкесі туралы қолмен ұстап, көзбен көретіндей ештеңе таппай, іштен тынып келе жатқан Санжар сол кезде мына бұлақты да, қойтасты да әкесінің көзін көрген жәдігерге балап, көңілденіп сала береді. «Арекеңнің аялдамасында» естіген аңыздар осылай болып келеді. Ал енді біз пір тұтатын мінезді жазушымыздың бірін «мына біреу сұрақ белгілерің кім?» (шынында да ол кісінің сыртқы порымы ғана емес, ішкі әлемі де сұрақ белгісі еді) деп дәл теңеу тауып беруі немесе дастарқан басында «Көке, ағын құяйын ба, қызылын ба» деп сұрағанда, «таусылмайтынынан құй» деген сияқты әзілдері тізе берсе көп. Бірақ біреуден-біреуге, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, ел аузында келе жатқан бұл әңгімелер Көкіштің кім екенін аша қоймайды. Дегенмен ол кісінің кез-келген жерде, әсіресе, жұрттың бәрі жымып отыратын ортада мысы басылмай, тілі жұтылмайтын, шын ойын, сын-пікірін әзілмен әдемі жеткізу арқылы жол тауып, тығылған ортаны тығырықтан шығарып жіберетін қасиеті барлығын көрсетеді. Ал «Өнер алды – қызыл тіл» деп бағалайтын халқымыздың сөз бастаған адамды қол бастаған батырдан артық қадірлемесе, кем қадірлемейтінін ескерсек, Көкіш көкеміздің әріптестерінің әлі күнге дейін ұмытпай жүруі – сол ер көңілдігін бағалағандығы. Ал ер көңілділік – оқумен емес, кісіге Құдай берген мінезімен, ата-бабасының тегімен келіп, тәрбие-дәстүрімен жетілетін қасиет. Кісінің тегі, өскен ортасы, алған тәрбиесі мықты болған сайын бұл өмірдің қиындығына төзімділігі де арта түседі. Көкіш Рыспайұлының 16 жасында өз еркімен сұранып қан майданға аттануы да жай желөкпе бозбаланың жалаң қызығуы емес, сондай тектіліктің қадамы. Мойынқұм ауданында әскерге алмайтын болған соң, Шудың мектебіне келіп оқуы сол алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын табандылығын көрсетеді. Жасын асырып жаздыру үшін солай етеді. Сөйтіп, әскерге алынып, майдан қайдасың деп, тартып отырады. Екі бірдей немере ағам майданда соғысып жатқан, солармен бірге болғым, олар көтерген ауыртпалықты көтеріскім келеді деп түсіндіреді кейін өзінің бұл қадамын. Ал сол ағасының бірі Берлинді алғанда айрықша көзге түсіп, ол да Рейхстагқа ту тіккендердің қатарында болған, ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың қанды көйлек досы атақты Әбдімәжит Ташкентбаев екенін ескерсек, бұл әулеттің тегі, тәлім-тәрбиесі, елі-жұрты алдындағы жауапкершілікті сезінуі жоғары болғанын шамалау аса қиын емес. Ал екінші ағасы Көрпешпен Құдай тілегін беріп, Берлинде кездеседі. Сөйтіп, бір әулеттің үш ұлы да Берлинді алу операциясына қатысқан болып шығады. Соғысқа даярлау деген – ұрыстың әдіс-тәсілдерін ғана үйрету емес, жауынгерді қорқынышты жеңуге, адам төзбес қиындыққа төзуге даярлау екеніне қан майданда көзі жеткен Бауыржан Момышұлы әскерге алынатын жастардың отбасындағы, ортасындағы тәрбиесіне көңіл бөлу керектігі жөнінде Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті мен үкіметіне майданнан талай рет хат жазған. 16 жасар Көкіштің майданға өз еркімен аттанып кетуінің, жалпы ер көңілдігінің төркіні осы отбасы дәстүрінде жатқандығы бұл әулеттен әскерге алынып, жаумен шайқасқан жігіттердің бәрі де кеудесі жарқырап келгендігінен көрініп тұр. Көкіш Рыспайұлының өзі ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, көптеген медальдармен марапатталып, әскерден 1949 жылы майор шенімен оралады. Қабырғасы қатпай жатып майданның қиыншылығына төзген жігіт елге оралған соң да өзінің ер көңілдігін, алған мақсатын орындау жолындағы табандылығын сан рет көрсетті. Табаны күректей он үш жыл басқарған облыстық радио комитетінің төрағалығынан 1969 жылы босанғанда ол тағы да табандылық көрсетті. Алматыға барып, өзінің ылғи да бүйрегі бұрып, көңілін алаңдатып жүретін тарих ғылымымен біржола айналысуға кірісті. Жасы қырықтан асқан адамның бәрі бірдей мұндай қадам жасауға көңілі дауаламайды. Ал ер көңілді Көкіш көкеміз кірісіп кетті. Архив ақтару, түнде түрлі әдебиеттер оқып, білімін байыту, жазған-терген деректерін жүйелеу сияқты жұмыстар негізгі қызметімен қатар жүріп жатты. Бізде Кеңес үкіметінің тұсынан еңбек адамдарының ерлігін әспеттеп жазу дағдысы бар. Олардың алып құрылысты қалай жүргізгені, тыңды қалай игергені, жүз қойдан пәленбай қозы алғаны деген сияқты. Ал ой адамының материалдық әлемнен де бай (мен оған бәс тігемін) рухани әлемді игерудегі ерліктеріне тісіміз көп бата бермейді. Кандидаттық, докторлық қорғады, монография шығарды, доцент, профессор атағын алды деумен шектеліп қоямыз. Көкіш көкемізде де мұның бәрі болды. Тараз Энциклопедиясында (2003) ол кісінің 286 ғылыми еңбегі, 13 монографиясы жарық көрген деп жазылыпты. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының тарихы» (қазақ, орыс тілдерінде), жоғары оқу орындарына арналған оқулығы, «Көне Тараз» монографиясы айрықша аталыпты. Өз басым да, ғылымға кеш келсе де, алғашқы болып осындай оқулық жазғанын ерлікке балаймын. Бұл деректер ескірген болуы да мүмкін. Көкіш көкеміз дүниеден озғанша (2013 ж.) ұстаздық жұмысын да, ғылыми жұмысын да үзген жоқ. Бұрынғы солдат жас солдаттай тіп-тік жүрді. Күніге дене шынықтырумен айналысты, бес-алты шақырым жұмысқа жаяу барып-келетін. Апта сайын монша, моншадан кейін міндетті түрде ащы сұйықтан наркомдық норма (аты дардай болғанымен, ашаршылық кездегі норма ғой ол). Содан соң пияз турап, бұрыш салған ыстық сорпа. Қарт солдат сонда денсаулықты қалай күту жөнінде бізге ақыл айтушы еді. Біз болсақ, дене шынықтыруды бірде жасап, бірде жасамаймыз, ал наркомның нормасын тым асырып жібереміз. Содан соң да кейде әр жеріміз ауырады. Көкіш көкеміз болса, сол қалпы жүреді. Сексеннен асқан шағында ол кісінің асқазанында эрозия пайда болды. Қолында диеталық тамақтардың буклеті жүр екен бірде. Сонысын маған берді. Әрине, оның ішінде пияз да, ащы бұрыш та, наркомның нормасы да жоқ. Өз режіміңіз бұзылыпты ғой дедім мен соны меңзеп. Көкем өзінің еркін күлкісімен әдемілеп күліп алды да: «Мен солдатпын ғой», – деді. Иә, Көкіш аға шын солдат екен. Алты ай режім ұстап, асқазанын қайта тексерткен кезде жазылған болып шықты. Бұл да сол табандылықтың көрінісі. Ол сондай, сөзі мен ісінің арасында алшақтығы жоқ кісі еді ғой.