Денсаулық

Соғыс серуендеп қайту емес

Соғыс серуендеп қайту емес

К-Косаков dneprЕл басына күн туған кешегі қан кешуде бір ғана Қордай ауданы аумағынан 10 734 адам қолына қару алып соғысқа аттанса, олардың төрт мыңнан астамы майдан даласынан оралмаған еді. Ал туған табалдырығын қайтадан көруге жазған алты мыңдай жеңіс сарбаздарынан бүгінде бүкіл ауданда көзі тірі отызы ғана қалыпты. Жеңіс күнінен бергі жетпіс жылдың зілмауыр салмағы, ұлы әмірші – уақыттың жазуы бұл. Жыл санап майдангерлері қалмаған ауылдардың саны артып келе жатқаны жүрек шаншытар шындық. Міне сондықтан да соғыс атты сұмдықты көзімен көріп, отты жылдарда толарсақтан қан кешкен, сәт сайын ажалмен бетпе-бет келе жүріп, бізге жетпіс жылға ұласқан мамыражай бейбіт заманды тарту еткен қарт сарбаздарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Кенендік Керімқұл Қосақов қария биыл тоқсан бір жасқа қарады. Бұл ұзақ ғұмырында оның басынан нелер ғана өтпеді десейші. Балалық шағы ұжымдастырудың аласапыранына тұс келіп, одан іле-шала алапат аштық нәубетіне килікті, сұрапыл соғыстың қақ ортасында жауға қарсы қару кезеніп, ажалмен бетпе-бет келген кездері қаншама?! 1944 жылдан жүрек тұсындағы төсқалтада тұмардай сақтап қасиет тұтқан коммунистік билетінің түкке алғысыз болып, мәңгілік мызғымастай көрінген ССРО-ның құлағанын да көрді ақырында. Әйтсе де Керекеңнің шырғалаңға толы өмір жолының өнегелі беттері аз емес.

Азын-аулақ дәулеті бар әкесі Қосақ Кәрібозов орташа байлар санатына жатқызылып, 1929 жылы тәркілеуге ілікті. Ол кезде Керімқұл небәрі төрт жаста болатын. Содан әкесін Ақмола түрмесіне қамап, бір жылдан соң ақтап шығарғанымен, көп ұзамай аштық зобалаңы басталады. Тәркілеу кезінде малдарынан тігерге тұяқ қалмай айырылған бұлардың отбасы қатты қиналады. Айналадағы елдің алды ішерге тамақ таппай, ісіп-кеуіп, басы ауған жаққа тентірей бастаған шақта Қосақ та әйелі мен баласын ертіп қырғыз асады. Жат жерде бұларды күтіп тұрған қай бір жұмақ, бір жылдай әркімнің жұмысын істеумен шықпа жаным шықпалап жүріп елге қайтады. Әкесі колхозға «откочник» (бүгінгіше оралман) болып қабылданып, мал бағуға шығады. Біртіндеп тірліктері оңалып, ел қатарына қосылып келе жатқан еді. Бірақ, алдындағы абақтының азабы мен ашаршылықтың зардабы тәні мен жанын қатар жаралаған әкесі 1936 жылы бұл фәниден баз кешеді. Күлиша анасы он жасар баласын азамат қатарына жеткізгенге дейін күні-түні бітпейтін колхоз жұмысының қамытын мойнына іліп, арқа еті арша, борбай еті борша болып тер төкті. Сол кездегі ауыл балаларының көбі тәрізді Керімқұл да анасының ауыр мехнатын жеңілдетпекке белі қайыса жүріп шаруаның бір жағынан шығатын. Жетімдік оны ерте есейтті. 1942 жылы желтоқсан айында он жеті жасқа толған Керімқұл әскер қатарына шақырылады. Соғыстың қайнап тұрған кезі, Фрунзедегі жаяу әскерлер училищесінде қысқа мерзімді курстан өтер-өтпестен, емтихан да тапсыртпастан бүкіл курс курсанттық сарыала погондарымен майданға жіберіледі. Бұл келер жылдың жаз ортасы болатын. Мұрты жаңа тебіндеген бірыңғай бозбала сарбаздар пойызбен Мәскеуге жетіп, іле-шала Можайск бағытында бір айдан аса тактикалық жаттығулардан өтеді. Бастан-аяқ киініп, мұздай қаруланып кез-келген сәтте алғы шепке жіберуге әзір резервтік құрамға енгізіледі. Жастық желікпен жүрегі алып-ұшып жау қайдалаған албырт шақ емес пе, қай-қайсысының да тезірек майданға шығып, ел тыныштығын бұзған зұлым жауды жапыра жайпап, елге жеңіспен оралу ойында бар. Жеңістің тағдыры мына өздерінің майданға кіруіне қарап тұрғандай көрінерін қайтерсің. Ақыры бұларға да кезек келді. 1942 жылдың қазан айында Керімқұл Қосақов екінші Украина майданында 5-армияның 68-бригада, 8-мотомеханикалық корпусында пулеметшілер взводында көздеуші болып алғашқы ұрысқа да кіреді. Алдымен Харьковке дейін пойызбен келіп, одан әрі түн қатып жаяу жорықпен Днепрге жақындай түседі. Бұл әр тұста жаудың өзеннің шығыс жағалауына қарай өршелене ұмтылып жатқан кезі еді. Бұлардың корпусына Кременчуг қаласы тұсынан өзеннің арғы бетіндегі деревняларды немістерден босатуға бұйрық беріледі. Ол үшін алдымен Днепрден өту керек. – Соғыс деген қиямет-қайымды сол жолы алғаш көрдім, – деп еске алады қарт сарбаз. – Өзеннің батыс бетіне тас түйін бекініп алған жау бет қаратар емес. Күндіз жаңбырша жауған снарядтар мен оқтан өзенге маңайлау да қиын. Біздің әскерлер бір ұрымтал тұстан өзеннің арғы бетіне дейін қайықтарды тіркестіре қойып өткел жасаған екен. Түн жамылып соның үстімен жедел жүгіріп өтуге бұйрық берілді. Взвод-взвод болып жан-дәрмен алға ұмтылдық. Әр тұстан снарядтар түсіп, айналада суды аспанға шапшыта жарылып жатыр. Жазатайым оққа ұшып суға кеткендерді де көріп келемін. Арқамда станокті пулемет. Әйтеуір бір кезде өзеннің арғы бетіне жетіп жағалауға секіріп жатырмыз. Түскен жеріміз қалың қорыс, белуардан батпақ екен. Бір-бірімізді сүйрелеп жағалауға шығып, қатарымыздың едәуір селдіреп қалғанын сонда көрдік. Жауға қарсы бір оқ ата алмай қыршынынан қиылған боздақтардың ажалы соғыстың біз ойлағандай оңай шаруа еместігін бірден-ақ көрсетті... Иә, соғысу серуендеп қайту емес-ті. Балалық шағына тұс келген жоқшылық пен жетімдік ерте есейткен Керімқұл, енді соғысқа кірген алғашқы сәттен мүлдем қартайып кеткендей сезінді өзін. Бала күнінде тым-тым ұза-а-ақ көрінетін адам өмірінің, түкке тұрғысыз қас-қағым ғана сәт екенін жан-дүниесімен сезінді. Адамдарды жүздеп, мыңдап оққа байлаған қанды қасапқа қалай қарғыс айтпасын. Өзі де бар-жоғы екі ай соғысқанда сан мәрте ажал аузынан қайтпады ма?! Сол Днепрден арғы бетке өткен алғашқы күні бұлардың батальоны осының алдында ғана немістер қалдырып кеткен үлкен деревняға келіп бекінеді. Мұндағы бір үй қойма ретінде пайдаланылған екен, азық-түлік, темекі, арақ-шарап дейсің бе, бәрі бар. Немістің қалбырланған ет, балығы, таңсық шұжығына дейін көздің жауын алады. Батпақ сорған суық пен неше күн нәр татпай аштықтан титықтаған сарбаздар ой бір кенелеміз бе дегенде «уланған» деп командирлері оған жолатпады. Содан аз тынығып алып, таң сыз бере пулеметтерін арқалап келесі деревняға бет түзейді. Екі аралықта қалың өсіп, орылмай қалған қара бидай алқабының шетіне келіп іліккенде алдан сап-сап болып келе жатқан қалың жау көрінеді. Немістердің алдында мотоциклды пулеметшілері келеді. Бейберекет бетпе-бет ұрыс басталады. Бұлар да пулеметтерін «сөйлетіп» қоя береді. Рота және взвод командирлері Керімқұлдан алда, таяқтастам жерде қатар жатқан еді, бір кезде сол араға бір снаряд дөп түсіп, екеуі бірдей опат болғанын өз көзімен көреді. «Адамның аяғы аяқ, қолы қол болып жан-жаққа ұшқанын сонда көрдім» дейді. Күші басым жау әл бермей бара жатқан соң шегінуге тура келеді. Бұлар бидай арасымен бұқпантайлап өтіп, жарқабақтың астымен орманға кіріп құтылады. Содан жинала келе қараса, бес жүз адамдық батальоннан елу шақты ғана жауынгер тірі қалыпты. Содан оларды толықтыруға жіберіп, көп ұзамай Александрия қаласы үшін алапат шайқасқа қатысады. Үш күндік теке-тірестен кейін қаланы жаудан тазартып, оның арғы бетіндегі немістер бекінген темір жол стансасын алуға аттанады. Міне, сол жорықта Керімқұл ауыр жараланады. – Желтоқсанның 26-сы кешқұрым болатын, тас түйін сайланып шабуылға дайын жатқанбыз, – дейді майдангер сол сәтті еске алып. – Бір кезде шабуылға бұйрық берілді. Бәріміз «уралап» алға ұмтылдық. Мен орнымнан көтеріле бергенімде сол жамбасым тыз ете түсіп мұрттай ұшқаным. Жолдастарым алға озып кетті. Аяғымды сүйретіп айдалада мен қалдым. Алғашында ет қызуымен білмеппін, бір кезде жанымды көзіме көрсете ауыра бастады. Төбемнен оқтар зуылдап өтіп жатыр. Жақын маңға снарядтар келіп жарылады. Содан тырмыса еңбектеп бомба қазған бір шұңқырға аунап түстім. Жарақаттан аққан қан қонышыма толып, әп-сәтте мұзға айналып барады. Осылай қансырап, аязда қатып өлемін бе деген қорқыныш та қылаң береді. Бір кезде жақын жерден гүрс етіп жарылған дауыс естілді, артынша айналаны қою түтін басып кетті. Өтіп бара жатқан танкіге снаряд тиіп өртенген екен. Әлгіден атып шыққан біреудің тура менің үстіме келіп құлағаны. Біздің танкист, орыс жігіті екен. Қапелімде мені неміс деп атып жібере жаздап, жараланып жатқан өз адамы екенін көрді де: «Танкіміз өртенді, жолдастарым қаза тапты. Ал сені санчасқа жеткізейін», – деп сүйрелеп ала жөнелді. Қазір ойлаймын, есімін де сұрап үлгермеген сол жігіт болмағанда әлгі шұңқырда мәңгі қалатын ба едім деп... Санчаста мұның жарақатын жуып таңғаны болмаса, ота жасай алмайды екен. Санбатқа немесе госпитальға жеткізуге көлік жоқ. Жаралылар мұнсыз да көп, ал жарақаты болса иістеніп, іріңдей бастаған. Бұл түрімен аяқтан айырылуы ғажап емес-ті. Кездейсоқ сәттілік, тағдырдың сыйы деген осы шығар, Керімқұлға жазмыш тағы да оң қабақ танытқаны. Қасындағы кереуетте ауыр жаралы полковник жатыр еді. Дондық казак. Медбикелердің өзара: «Бүгін мұны шағын самолетпен госпитальға алып кетеді» дегендерін құлағы шалып қалған. Содан жатып кеп әлгіге жалынсын: «Сіздің бригаданың жауынгері едім, мені де ала кетіңіз» деп. Сол кезде ештеме демегенімен, өзін әкетуге самолет келгенде полковник мұны да мінгізуді бұйырады. Сөйтіп, «кукурузник» аталатын шағын ұшақ жан-жақтан үзбей атқылап жатқан оқ пен өрттің арасынан аман өтіп, жақын маңдағы бір темір жол стансасына барып қонады. Одан әрі Керімқұл пойызбен Барнаул қаласынан бір-ақ шығады. Тылдағы госпитальда жамбасқа қадалған оқты алып, екі ай емдеп, таяққа сүйеніп жүре алатын болғанда, қасына медбике қосып беріп, екінші дәрежелі мүгедектікпен елге қайтарады. Бұл 1944 жылдың ақпан айы болатын. І дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері, тоқсаннан асқан қария тағдырына риза. Бір басына төнген қаншама кесепат, қияметтерден аман келеді. Шүкір, өсіп-өнді, тамырын тереңге жайды, бүгінде қырықтан аса немере, шөбере, шөпшектің атасы. Оның соғыстан кейінгі өмірінің өзі бір кітапқа өзек боларлық. Барнаул госпиталындағы екі айда қарап жатпай, сол жерде ұйымдастырылған «Колхоздар мен МТС бухгалтері» курсында оқығаны кәдеге асып, біраз уақыт ауылда есепші, бригадир болды. Елуінші жылдары ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай оқып бітіріп, біржолата ұстаздыққа ден қояды. Бұл жолда ол қатардағы мұғалімнен оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директорына дейінгі сатылардан өтіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Ал қандай ұстаз болғанына 1985 жылы «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, министрліктен бастап, облыстық, аудандық дәрежедегі мадақтамалардың, мерейтойлық медальдардың сан түрін иеленгені дәлел. Жерлестері берген ауданның Құрметті азаматы атағы және бар. Тағдыр оған екі рет бас құрауға жазды. Отыз жыл отасқан алғашқы зайыбы Күлсін мұғалім еді, төтеннен келген кеселден қайтыс болды. Екінші әйелі – Алмаш та ұстаз. Шүкір, екі әйелінің ұл-қыздарынан тараған ұрпағы бір қауым елге айналып келеді. Мерекелі күндері мұның қара шаңырағын жан-жақтан жиналған бала-шағасы думанға айналдырып жатады. Жасы келсе де көштен қалмаған көшелі жандарды, әдетте, сүйегі асыл деп әспеттейміз. Керімқұл қария да ауылдағы үйінен күнде таптыра бермейді, қашан көрсең де немерелерінің бірін ертіп алып үй шаруасына қолғабыс етумен ойға-қырға шапқылап жүргені. Бірде малды ауылға кетсе, енді бірде аудан орталығында жүреді. Аудан басшылығы түрлі мерекелік шаралардан қалдырмайды, айналадағы мектептер де майдангерді жиі шақырып тұрады. Ондайда омырауы орден, медальдарға толы костюмін киіп барып, жастарға өз басынан өткерген өмір сабақтарынан өнегелі әңгіме шертіп қайтады. Мектепті былай қойып, ол 1988 жылы Жеңіс мейрамында арнайы шақыртумен Украинадағы өздері жаудан азат еткен Александрия қаласына да барып қайтты. Сондағы облыстық және қалалық партия комитеттері арғы-бергі жол шығынын төлеп, баласы Асылбек екеуін пойыздан түскен бойда нан-тұзбен қарсы алып, ақ «Волгамен» он күндей сайрандатқаны бар. Өздері соғысқан жерлерді аралатып, мектептерде кездесулер ұйымдастырып, сый-құрметтерін аямай қолына алтын сағат, омырауына жауынгерлік Қызыл Туды, Кутузов орденді 8-Александриялық механикаландырылған корпустың майдангерлеріне арнайы шығарылған естелік медалін тағып шығарып салған еді. Одан кейін 1990 жылы Ұлы Жеңістің 45 жылдығы мерекесінде Мәскеудегі ардагерлер парадына қатысып келгені ше! Бұл жолы кемпірі Алмаш екеуі барған. Онда да ұйымдастырушылар әуежайдан күтіп алғаннан шығарып салғанға дейін асты-үстеріне түсіп бәйек болған-ды. 1994 және 2004 жылдары Украинаның неміс фашист басқыншыларынан азат етілуінің 50 және 60 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Одан бертінде – 2010 жылы 9 мамырда облыстан барған тоғыз майдангердің қатарында Астанадағы әскери парадқа қатысқан болатын. Ал осы жақында ғана, жыл басында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Астанадан жеткізілген Жеңіс жалауын Отардағы 40-әскери базасында жас сарбаздарға тапсыру құрметіне бөленді. Жүріс-тұрысы ширақ, сөз саптауы орнықты қарияның биылғы Жеңіс парадында да сапта жүруге қауқары барына көзіміз жетті. Саптан қалмаңыз, қадірменді қарт сарбаз!

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.