Денсаулық

Мәншүктей мерген қызбен майдандас болған

Мәншүктей мерген қызбен майдандас болған

атамыз ерен еңбегімен де есте қалды

Сұм соғыстың аяқталып, Жеңіс күні 70 жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқанымен, оның зардабы мен салдары әлі де сейілер емес. Сол жылдары оқ пен оттың ортасында қан кешкен майдангерлердің ерлігі де ешқашан ұмытылмайды. Әсіресе Жеңіс мейрамы жақындаған тұста соғыс атауы тарихтың сан қатпарында қалса да, сағыныш ұлғая түседі екен. Өйткені дәл осы мереке қарсаңында біз, яғни ұл-қыздары атамыздың әсерлі әңгімесін тыңдау үшін бас қосатынбыз. Қанша рет тыңдасақ та, майдан даласынан айтылатын естеліктерді тыңдаудан бір жалықпайтын едік.

 Атамыз Үбінәжіп Өтепбергенұлы 1942 жылдың басында қазіргі Айша бибі ауылынан әскерге шақырылып, Алматыда жасақталып жатқан 100-атқыштар бригадасының құрамында оқу-жаттығудан өтеді. Москва облысына қарасты Молодой Туд қаласында ұрысқа кіреді. Ол жерді фашистерден тазартқан соң, бригада Калинин Орталық майданында, одан соң ІІ Балтық майданында жаумен арпалысады.

Ал Үбінәжіп атамыздың майын тамыза әңгімелеп беретін тұсы, 1943 жылдың қыс айы болатын. Өйткені сол жылы ол қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова мен даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ротасында болып, солармен бірге жауға қарсы тұрады. Тарқатып айтар болсақ, 1943 жылы командирлерден «немістер улы газды қолданғалы жатыр» деген хабар түседі. Жылдам қарсы әрекетке кіріскен кеңес әскерлері 3-4 сағат ішінде арнайы дайындықтан өтеді. Сол дайындықта өзін жақсы көрсеткен сарбаз әрбір батальон мен ротаға нұсқаушы (инструктор) болып жіберіледі. 21 жасар Үбінәжіп те нұсқаушы ретінде пулеметшілер ротасына барады. Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовпен таныстықтары осы жерден басталады. Қазақ жерінен аттанған қаруластар бір-бірін туған бауырлардай жақын тартады. Күндіз дұшпанның көзін жою үшін тізе қосса, түнде туған жердің топырағы жайлы сыр шертіседі. Нұсқаушылық міндеті аяқталғанда атамыз қос батырмен қимай қош айтысады. Дәл сол жылдың қазан айында қос қаһарманның да ерлікпен қаза тапқанын естігенде Үбінәжіп атамыздың аза бойы қаза болады. Сарбаздың немістерге деген ызасы үдей түсіп, талай жауды жер жастандырады. Атамыздың ол ерліктері ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, Германия түбіндегі жеңіс үшін сынды бірқатар медальдармен бағаланды. Оған әр жылдары омырауына тағылған мерекелік медальдарды қосыңыз. Бұл марапаттардың қатарын соғыстан кейінгі төккен тері үшін «Еңбек ардагері» медалі толықтыра түсті. Ауыр жарақаты салдарынан ата ауылға 1944 жылы мүгедек болып оралды. Бірақ, соған қарамастан, колхоз басқармасынан жұмыс сұрай барды. Қазақ оқу комбинатында арнайы курстан өткен соң, есепші мамандығын игеріп, колхозда есепші, кассир, буфет есепшісі қызметтерін атқарды. Қызметін мінсіз атқарып үйренген адал жан ұзақ жыл «Ақкөл» колхозында есепші, таразышы болып еңбек етті. Бүгінде апамыз Жүзімкүл Үшбайқызы екеуінен өрбіген 3 ұл, 2 қыз 76 жасында өмірден озған атамыздың майдан даласынан айтқан әсерлі әңгімелерін ұдайы сағынышпен еске алып, немерелері мен шөберелеріне ерліктерін үлгі етіп отырамыз.

Раушан СЕЙІТОВА, келіні, Айша бибі орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жамбыл ауданы.