Денсаулық

Елбасы мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

Елбасы мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

811ab15e69334e82109c2cc769c9c32f 9a11e0093490781273ac2d79628df531Мемлекет басшысының Жарлығымен Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери және қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлік пен батылдық көрсеткен, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан  бір топ әскери қызметші, құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Барлығы 43 адам орденмен, 63 адам медальмен және 2 адам Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды алдағы Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады.

– Ұлы Отан соғысы – ұмытылмас тарих сабағы. Бір жағынан, ол бізге әлемнің нәзіктігін еске салады. Екінші жағынан, адам рухының беріктігі мен қуаттылығын көрсетеді. Отанымызды қорғай білген, бізге бейбіт өмір сыйлаған жерлестеріміз осындай болған. Сол соғыстың қаһармандарының есімі тарих парағына мәңгі жазылып қалды. Біздің парызымыз – елдің қауіпсіздігін сақтау, биыл 25 жылдығын атап өтетін Қазақстанның Тәуелсіздігін қорғау, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ел азаматтары ширек ғасыр уақыт бойы тұрақтылық пен келісімде тату отбасы ретінде өмір сүріп жатқанына назар аударды.

– Бірақ бейбіт күнде де ерлікке орын бар. Ұшақты алдыңғы шассисіз қондыра  білген әуе кемесінің командирі Дмитрий Родиннің ерлігін бүкіл қазақстандықтар біледі. Ол өзінің кәсіпқойлығының арқасында 121 адамның өмірін сақтап қалды. Мен бұл әрекетті үлгі тұтуға лайық қаһармандық деп санаймын. Сондықтан оған «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Полковник Игорь Кармыков сел кезінде барлау-іздеу тобын тікұшақпен эвакуациялады. Өміріне қауіп төнген 10 адамды құтқарып қалды. Мемлекет оның еңбегін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен атап өтеді. Рота командирі Фархад Тағырбековтің арқасында 40 әскери қызметші аман қалды. Оған «Ерлігі үшін» медалі беріледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ерлігімен ерекшеленген басқа да адамдарды атап өтті.

– Өз басын қатерге тігіп, адамдарды өрттен құтқарған Данияр Қалиев ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сондықтан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Арамызда ел қауіпсіздігін нығайтуға зор еңбек сіңіріп жүрген өзге де азаматтар бар. Халықаралық деңгейде танылған мерген қызымыз Әсем Жәкенованы ерекше атап өткім келеді. Ол бүгін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз басын қатерге тігіп, сарбазын кеудесімен қорғап қалған және көп жарақат алған Қайрат Үмбетовтің ерлігіне де тоқталды. Ол осы ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағымен марапатталды.

Қазақстан Президенті ерлік пен қаһармандықтың осындай үлгісі елімізде аз емес екеніне ризашылық білдірді.

– Көбіңіздің өз ерліктеріңізді айрықша нәрсе деп санамайтындарыңызды білемін. Сіздер үшін парыздың бәрінен биік тұратынын көрсетулеріңіз екі есе бағалауға лайық. Бұл – бүкіл еліміз үшін, қазіргі кезде ар-намыс үлгісі қажет болып отырған жастарымыз үшін керемет өнеге. Сондықтан біз ерекше көзге түскен отандастарымызға мемлекеттік наградалар тапсырамыз. Елдің қарқынды дамуы, азаматтарының тыныштығы, қазақстандық патриотизмнің нығаюы – біздің парызымыз осы, – деді Мемлекет басшысы.

Шара барысында әскери және қызметтік міндетін атқару барысындағы көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін «Fokker-100» әуе кемесінің командирі Д.Родинге, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы – 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қ.Үмбетовке «Халық қаhарманы» атағы берілді.

I дәрежелі «Даңқ» орденіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Н.Білісбеков, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары  М.Демеуов, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының орынбасары А.Жанқұлиев, Павлодар облысының прокуроры М.Жөргенбаев ие болды.

ІI дәрежелі «Даңқ»  ордені Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының орынбасары Т.Татубаевқа, Қорғаныс министрлігі 14776 әскери бөлімі БАӘ және Кувейт және Катар мемлекеттеріндегі әскери атташесі қызметін қоса атқарушы Е.Оразовқа тапсырылды.

I дәрежелі «Айбын» орденімен Ішкі істер министрлігінің департамент бастығы А.Баймурзин, Қорғаныс министрлігі 14776 әскери бөлімі командирінің орынбасары – орталық бастығы С.Ізтілеуов марапатталды.

ІI дәрежелі «Айбын» ордені Ұлттық қорғаныс университеті бастығының бірінші орынбасары С.Асановқа, Мемлекеттік күзет қызметінің департамент бастығы Н.Жұмабаевқа, Қорғаныс министрлігі 10228 әскери бөлімінің командирі Р.Жансейітовке, Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы бас штабы бастығының орынбасары Ә.Ыбыраевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметі бастығының бірінші орынбасары Ф.Қаменовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі жеке 1-ші авиациялық базасының командирі И.Кармыковқа, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5572 әскери бөлімінің командирі В.Пузикке, Мемлекеттік күзет қызметінің департамент бастығы К.Тұрсынбаевқа берілді.

«Ерлігі үшін» медалі Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қостанай қаласы № 3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Д.Қалиевке, Ішкі істер министрлігі Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жол-патрульдік полициясы полкінің  полицейі  Б.Қарымбаевқа, рота командирі - Қорғаныс министрлігі 29011 әскери бөлімі штаб батальоны командирінің орынбасары Ф.Тағырбековке тапсырылды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Қорғаныс министрлігі 44736 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы барлау ротасының маманы (барлаушы-мерген) Ә.Жәкенова, Қорғаныс министрлігі 21751 әскери бөлімі авиациялық эскадрильясының командирі А.Құлбасов, Қорғаныс министрлігі 85395 әскери бөлімі танк батальонының командирі Д.Мұхаметжанов, Қорғаныс министрлігі 36803 әскери бөлімі зымыран-техникалық дивизионының командирі М.Смағұлов наградталды.

ақпарат көзі akorda.kz