Елбасына рахмет!
Елбасына рахмет!
Жер тағдыры ел тағдырымен тікелей байланысты. Рас, жердің күте білсе жер жомарт екеніне, халықтың игілігіне асырылар болса біздің байтақ та құнарлы жеріміздің байлығы бізді ғана емес, біздің болашақ ұрпақтарымызды да асырауға, бақуаттылыққа жеткізеріне сеніміміз мол. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қазақстандықтардың, міне, осы игілігін ойлаудан туған іс екеніне күмәніміз жоқ. Онда шаруа баққан жұрттың жалға алған жерлерін сатып алуына да мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл шешім бұрыннан жердің пайдасын көріп, өнімін алып шын мәнінде тер төге еңбек етумен келген ауылдық тауар өндірушілерге барлық жағынан да қолайлы мүмкіндіктер туғызатыны айдан анық еді. Бірақ, көп жұрт оның ерекшеліктерінен мүлде хабарсыз болды. Дау содан бастау алды.
Жер кодексіне байланысты елдегі туындаған жағдайдың себеп-салдарларын түсініп отырмыз. Иә, жер ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз. Дегенмен, оны көздің қарашығындай қорғап сақтаудың өзі әрбір сүйемін дұрыс пайдалана білумен, арам шөп басып бос жатпауымен байланысты екенін естен әсте шығармауымыз қажет.
Елбасы осыған байланысты байламын айтты, Жер кодексіндегі бірқатар нормаға мораторий жариялады. Жер кодексінің жүзеге асыру тетіктері мен нормалары тұрғындар арасында тиісті деңгейде жан-жақты талқыланбағанын атап көрсетіп, «Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормалары, нақты айтқанда былтырғы енгізген 4 норманы күшіне енгізуге ендігі жылға дейін мораторий жариялаймын. Алдымен егжей-тегжейін қарап, халыққа түсіндіріп, Парламентпен бірге шешіп, келісімге келетін болсаңдар, мораторийді аламыз, болмаса, түсірмейміз» деген шешімін де айтты.
Бұл әбден құптарлық шешім болды деп ойлаймын. Жасалынып жатқан игіліктің бәрі халықтың қамы ғой. Мәселенің бәрі де әбден иі қандырылып барып шешілсе екіжақты тиімділігі де мол болмақ. Біз мұны да әбден құптаймыз, қолдаймыз. Бұл үшін Елбасына үлкен рахмет!
Қанат ДӘНДІБАЕВ,
шаруа қожалығының төрағасы.
Бостандық ауылы,
Талас ауданы.