Экономика

Алтын өндірісінің желісі ұлғаяды

Алтын өндірісінің желісі ұлғаяды

Облыста таяуда алтын өндіретін шағын зауыттың құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 1500 килограмм алтын өндіру әлеуетіне ие. Зауыт 75 пайыздық алтын-күміс концентратын алумен бірге алтын қоспасы бар кендерді байыту және қайта өңдеумен шұғылданады. Бұл іс Қордай ауданы Қырғау кен орнында жүзеге асырылатын болады. Жоба 2015 жылдан бастап индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Жобаның бастамашысы – «Алатау-Қордай» ЖШС. Жалпы құны 692,2 миллион теңгені құрайды. Бүгінде Қырғау кен орнын барлауға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын рәсімдеу жүріп жатыр. Сонымен қатар, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге келісім-шарттар дайындалған. «Казюжгипроводстройпроект» арқылы инфрақұрылымды құруға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшін келісім-шарт жасалды. Ал, 28 гектар аумақта зауыт құрылысын жүргізу үшін жер пайдалану құқығын алуға құжаттарды рәсімдеу ісі аяқталуға жақын. Кәсіпорынның құрылыс жұмыстарына ондаған адам тартылып, ал ол іске қосылғаннан кейін 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.